BioOperations "Биохимның" кебін кимей ме

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3274

Қазақстан астықтан жылына 36 мың тонна биоэтанол өндірмек.

BioOperations "Биохимның" кебін кимей ме

Бірақ бұл алдағы айлар еншісі. Әзірге қайта қалпына келтірілген "Биохим" кәсіпорны Америка құрама штаттарына глютен экспорттауда. Бұл туралы журналистерге Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов хабарлады.

Астықты өңір басшысы бидайды шикізат түрінде сатқаннан, оны терең өңдеп, басқа өнім түрінде сату екі есе көп пайда әкелетінін айтады. Бизнестің басты қағидаты да осында.

Бұрын "Биохим" аталған, қазір шетелдік экспортқа бағдарланған "BioOperations" брендімен жұмыс істеп жатқан компания қазіргі кездің өзінде облыс бойынша өндірілген барлық астықтың 7%-ын қайта өңдеуге қуаттылығы жетеді екен.

"Бүгінде біз бұл зауытта глютен мен крахмал шығарудамыз. Біздің глютен АҚШ нарығы үшін клейковина жеткізушілер реестрінде тіркеле алды. Осының арқасында бұл өніміміз АҚШ-та үлкен сұранысқа ие болды. Біз глютенді ресейлік "Новороссийский" портына дейін теміржолмен жеткізіп, ары қарай теңіз арқылы жөнелтеміз", – деді Құмар Ақсақалов.

Өткен 2018 жылы солтүстікқазақстандық егіншілер жақсы астық жинап, өз рекордтарын жаңартты. Нақтырақ айтсақ, облыста 5,3 миллион тонна бидай қамбаға құйылған. Шығымдылық әр гектарға 19 центнерден айналды. Салыстыру үшін айтсақ, 2017 жылы әр гектарға 18,2 центнерден келген болатын.

Бұл ретте былтыр бидай СҚО-да 2 миллион 801 мың гектарға ғана егілген. Яғни оның егістік көлемі алдыңғы жылдағыдан 9,3%-ға кеміді. Оның орнына майлы дақылдардың егіс алқабы 36,5%-ға – 976,1 мың гектарға дейін артқан.

Ресей көп жылдан бері мол астыққа қол жеткізуде. Соның кесірінен Қазақстан өз астығын солтүстік көрші арқылы жаһандық нарықтарда жеткізуде кедергі, тіпті қысым көріп келеді. Бұл ретте тұйықтан шығудың бір жолы – бидайды қайта өңдеу болмақ.

"Бір тонна бидайды терең өңдеуден әр келісінің құны 120 теңге тұратын 343 келі крахмал, әр келісінің бағасы 645 теңге болатын 85 келі клейковина және 36 мың теңгеге бағаланатын 354 келі азық-жем аламыз. Нәтижесінде астықтың әр тоннасынан жасалған дайын өнімнің құны 108 мың теңгеден асады. Бұл табыс шикізатқа қарағанда екі есе көп: бидайдың бір тоннасы нарықта 54 мың теңгеге ғана сатылады. Біздің жүруге тиісті жолымыз – осы. Сондықтан одан әрі осыған инвесторлар іздеген дұрыс", – дейді СҚО әкімі.

Құмар Ақсақалов зауытта биоэтанол өндіретін цех қалпына келтіріліп жатқанын хабарлады, кәсіпорын жылына 36 мың тонна ауқымда автокөлік отынын жасайтын болады. Қазір өндіріске 300-ден астам жұмысшы жұмылып жатқан көрінеді.

Зауыт бидайды өңдеуден 10 түрлі өнімге дейін шығармақ.

Облыс басшылығы салтанатты түрде ашылған кәсіпорынның артынша ұзақ жыл жұмыс жасамай, дағдарысқа ұшырағаны қабырғаларына батқанын жасырмайды.

"Өкінішке қарай, 2010 жылы зауыт тұрып қалды. Осы ірі және қызықты жобаға біраз жыл жаңа инвестор ізделді. Зауытты бөлшек-бөлшек бойынша қайта жинауға тура келді. Әлемде мұндай зауыттар аз. "Биохим" Қазақстанда жалғыз. Көрші Ресейде де саны саусақпен санарлық қана. Бұған дейін глютен мен крахмалды еліміз көрші мемлекеттерден, шетелден таситын, енді өз қажеттіліктерімізді де өзіміз өтей аламыз", – дейді Құмар Ақсақалов.

Бірақ кәсіпорынның мәселелері де жетерлік. Мәселен, су және электр қуаты бойынша тапшылық көруде. Оларды шешу үшін кешенді жұмыстар талап етіледі. Сондықтан облыс әкімі өзінің орынбасарлары Айдарбек Сапаров пен Антон Федяевқа, басқа да жергілікті жауапты шенеуніктерге бүкіл өндіріс толық қуаттылығына шығуы үшін зауытты сумен және электр энергиясымен қажетті көлемде қамтамасыз етудің нақты жоспарын ұсынуды жүктеді.

Егер түйткілді проблемаларының түйіні тарқатылса, "BioОperations" жылына 82 мың тонна қуаттылықта жұмыс істей алады. Өткен жылдың қазан айында қайта ашылған зауыт бүгінде құрғақ глютен мен крахмал өндіретін Қазақстандағы бірінші әрі жалғыз кәсіпорын саналады.

Осының алдында "Биохим" 8 жыл бойы қаңтарылып бос тұрды. Оны "өмірге оралту" үшін инвесторларға миллиардтап қаржы салуға тура келіпті.

"Өкінішке қарай, астықты Қазақстанда бидайды терең өңдеу саласы болған жоқ. Енді осы сала елімізде дамудың жаңа деңгейіне көтеріліп, серпін алады деп сенеміз. Негізі бидайды терең өңдеу – аса күрделі процесс. Бірақ ол өзін-өзі ақтайды. Глютен мен крахмал қазіргі заманда экспортта үлкен сұранысқа ие өнімдер. Бұл жерде жобаның күрделілігін ескере отырып, біз оны жүзеге асыруды үш кезеңге бөлдік. Глютен мен крахмал өндірісі соның екінші кезеңі саналады, оған 5,5 миллиард теңге қаржы құйдық", – дейді зауыт инвесторы болып табылатын компаниялар тобының басшысы Әлихан Талғатбек.

Айтқандай, бірінші кезеңде мұнда ұн жасайтын желі – диірмен қалпына келтірілген.

Келесі үшінші кезең осы 2019 жылы басталады. Биоэтанол өндірісіне компания шамамен 6 миллиард теңге инвестицияламақ. Сондай-ақ көмірқышқыл газын, барданы (этил спирті өндірісінің қалдығы) өндірмек. Осы мақсатта барданы кептіруге арналған немістің Fettertek компаниясының бірегей құрғатушы қондырғысы орнатылған.

"Бұл өнімділігі өте жоғары құрғатқыш. Ол сұйық барданы үлкен көлемде кептіруге, одан ылғалды бөліп шығарып, жоғары ақуызды азық-жем алуға мүмкіндік береді. Жем бидай кебегіне ұқсас болып келеді. Бірақ одан әлдеқайда тығыз, ақуызы көп, әрі мал үшін анағұрлым құнарлы", – дейді зауыттың бас технологы Евгений Синицкий.

Зауыт өндіретін биоэтанол еліміздегі бензин сапасын арттыру үшін де қажет. Мәселен, қазір қайта құрылудан өткен Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары Еуро-5 және Еуро-6 бензин түрлерін жасауды қолға алуда. Ал оларды шығару үшін де биоэтанол қажет.

2006 жылы қыркүйекте Тайынша ауданында жаһанға жар сала ашылған BIOHIM зауытын сол кезде кейбір сарапшылар тіпті "даладағы ғажайып" деп атаған, ал үкімет "30 серпінді жобаның" бірі деп мәлімдеген болатын. Өйткені басты миссиясы ретінде оған ел тарихында ешқашан болмаған жаңа өнімді – биоэтанолды жасау жүктелген еді. Себебі, биоэтанолда бензиннің октанды мөлшері жоғары, бұл оны экологиялық таза отынға айналдырады.

Алайда өндіріске кірісе салысымен, зауыт өз өнімдерін өткізуде қиындықтарға кезікті. Салдарынан "Биохим" АҚ салық және жалақы төлеуде адал емес борышкерлердің "қара тізіміне" кірді, ондаған миллион теңгемен есептелген қарыз батпағына батты.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться