Ресейлік сарапшылардың байламынша, жаңа ғарыш станциясы үшін күресте ғылымды үрей жеңді. РФ ғарышта өзінің жеке орбиталдық станциясын салғысы келеді. Ресей және АҚШ ғарышкерлері қоңсылас, бірге жұмыс істейтін қазіргі Халықаралық ғарыш станциясы (ХҒС) қызмет ету мерзімінің соңына таяп қалды: оны 2028 жылы орбитадан аластатып, Жердегі Тынық мұхитқа батыру жоспарланған. Әрі кетсе, қолданыс мерзімі 2030 жылға дейін ұзартылады.
Дегенмен, тіпті ресейлік сарапшылар да Мәскеудің бұл өршіл жоспарының орындаларына күмәнмен қарайды: біріншіден, олар, "Настоящее Время" арнасының хабарлауынша, "Роскосмос" бюджеттен мол қаржы алу үшін ғана бұл мегажобаны қалқан етіп отыр, шынында оны аяғына жеткізуге ниеті жоқ деп санайды.
Екіншіден, соғыс және халықаралық санкциялар жағдайында ғарышта алып станция салу мүмкін емес. Оның құрылысы үшін шетелден тасылуы қажет, жоғары технологиялы барлық бөлшектер мен жабдықтарды "импорталмастыруға" болмайды.
Бұған қоса, Naked-science.ru ресейлік ғылыми порталының түсіндіруінше, ғарыш түнегінде жаңадан салынуға тиіс ұлттық орбиталдық станцияның жаңа таңдалған орбитасы Ресейді өз аумағынан ғарышкерлерді ұшыру мүмкіндігінен түпкілікті айыратыны белгілі болды.
Мәселенің мәнісі неде? 2010 жылдардың басынан бері "Роскосмос" мынаны қайталаудан әрі сонымен мақтанудан жалықпай келді: болашақ "Ресей орбиталдық станциясының" (РОС) ғарыштағы "мекенжайы" өзгеше, дара болады, ол бүгінде Жерді айнала ұшып жүрген ХҒС-тен мүлдем басқаша "маршрутті" таңдайды. Нәтижесінде, тікелей ғаламшардың полюсінің үстінен қалықтап, ғылым мен жаңа ашылымдар үшін бұрын-соңды болмаған көкжиектерді аша алады.
РФ-тің бұл асқақ мұратына өзге ғарыш державаларының бәрі де таңдана, тамсана қарайтын. Өйткені халқының саны жөнінен дүниежүзіндегі №1 мемлекет саналатын Үндістанның өзі төл ғарыш станциясын салуды жоспарлап отыр, бірақ бұл алпауыттың да "түрен түспеген", тың жатқан полярлық орбитаны игеруге жүрегі дауламады: оның станциясы да орбитадағы ХҒС салған соқпақпен жүріп, соның ізінен қозғалатын болады.
Алайда 2025 жылдың 27 қарашасында Байқоңыр ғарыш айлағында болған апат Ресейді ғарышқа адам ұшыру мүмкіндігінен белгісіз мерзімге айырды. Салдарынан, Мәскеудің 15 жылғы ғаламат жоспары мен позициясы да күрт өзгеріпті.
Осылайша, бүгінде солтүстік көршінің "полярлық жолдан" бас тартқаны, РОС-тың да ХҒС сонау 1998 жылдан бері жақсы "таптаған" даңғылға оралғаны, салдарынан Ресей өз қаһармандарын өз жерінен ұшыру мұратымен қош айтысқаны белгілі болды.
Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, аңсарлы арман болған "полярлық орбитадан" бас тарту – жай ғана бағытты өзгерту емес, бұл Ресейді алдағы ондаған жылдар бойы Қазақстанның "Байқоңырына" тәуелді ету деген сөз. Ресейлік жаңа станция тек полярлық орбитада тұрғызылса ғана РФ өз территориясындағы жаңа "Восточный" космодромынан ғарышкерлерді ұшыруға толыққанды кірісе алады.
"Салдарынан, ХҒС бағдарында қалсақ, Қазақстандағы емес, біздің еліміздегі ғарыш айлақтарынан ғарышкерлерді ұшыру мүмкіндігі жоққа теңеледі. Ұлттық орбиталдық станцияның полярлық орбитада орналасуынан бас тарту болашақта тек "Байқоңырға" иек артатынымызды білдіреді. Ресейлік ғарыш айлақтарынан ғарышкерлерді ұшыру ірі кедергіге ұшырайды", – деп жазды ресейлік Naked-science.ru порталы.
Көршінің барлық ғалымдарын айран-асыр еткен мәлімдемені РФ Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Денис Мантуров жасады. Үндістанға таяудағы сапары кезінде РФ бірінші вице-премьері болашақ "Ресей орбиталдық станциясының" (РОС) орбиталық көлбеуі (наклонение орбиты) 51,6 градус болатынын жариялады. Яғни, РОС қазіргі ХҒС-пен бірдей көлбеуде салынатын болады.
Ал, осыдан 3 жыл бұрын ғана "Роскосмостың" сол кездегі басшысы Дмитрий Рогозин "Интерфаксқа" сұхбатында РОС-тың орбиталдық параметрлерін Ресей Ғылым академиясы бекіткенін және ол елге "орасан зор" стратегиялық мүмкіндіктер беретінін мәлімдеген еді.
Сол арқылы РОС-тың Жердің дәл полюсінің үстінен қалықтайтыны, ресейлік ғалымдарға өзгеде жоқ артықшылықтар сыйлайтыны, РФ-тің басқа бақталас державаларды артта қалдыратыны алға тартылды.
"Ғылым академиясымен бірлесіп, біз осы ресейлік орбиталдық станцияның негізгі архитектуралық пішін-контурларын қарап шықтық. Сондай-ақ ол орналасатын орбиталық көлбеуді нақты анықтадық, бұл бізге ұшантеңіз мүмкіндіктер ұсынады", – деп сендірді сонда "Роскосмос" басшысы.
Рогозин 51,6 градустық орбитаның ғалымдар үшін қызықсыз екеніне, оны кеңестік космонавтиканың игеріп тастағанына, ары қарай зерттей беруден "май" шықпайтынына, тек жоғары ендіктегі ұшулар ғана ресейлік ғылымға жаңа мән-маңыз беретініне назар аудартты.
"Мен әрдайым жоғары ендікті, яғни, полярлық орбитаны жақтап келемін. Себебі, 51,6 градус көлбеуіндегі қазіргі орбитада бәрі түсінікті және ұзақ уақыт бойы зерттелген. Егер жаңа станцияны сонда салсақ бір орынды ары қарай таптаймыз. Оның керегі қанша? Біз енді кеңестік және ресейлік космонавтиканың бұрын қол жеткізгенінен түбегейлі өзгеше мақсат-міндеттерді қоймасақ, пилотты космонавтикада мағына қалмайды", – деп мәлімдеді үш жыл бұрын "Роскосмос" басшысы.
Бірақ биыл Мәскеудің бұл саладағы ұстанымы 90 градусқа өзгеріп шыға келді: жаңа РОС станциясын көрші "көнерді" деп менсінбеген сол 51,6 градус көлбеуінде салуға шешім қабылдады.
Бұл бетбұрысқа (кері кетуге) не себеп?
2025 жылғы 27 қарашадағы "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы апат көршінің ескі жарасын "тырнады": РФ-те ғарышкер ұшыра алатын басқа космодромы жоқ! Бұған дейін inbusiness.kz жазғандай, сол күні "Союз-2.1а" зымыран тасығышына отырған ресейлік ғарышкерлер Сергей Кудь-Сверчков пен Сергей Микаев, NASA астронавты Кристофер Уильямс Халықаралық ғарыш айлағына аман-сау жетті.
Алайда енді олардың қалай кері қайтатыны белгісіз: "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы жалғыз ұшыру кешеніне үлкен нұқсан келді. Ол әлі күнге істен шыққан күйде жатыр. Ғарышкерлерді кейін америкалық ғарыш кемелерімен кері оралту мәселесі қарастырылуда екен.
Өз кезегінде "Роскосмос" Қазақстан аумағындағы ғарыш айлағының инфрақұрылымын қалпына келтірудің нақты мерзімін сол бойы жарияламады. Тек 2025 жылғы 15 желтоқсанға жоспарланған "Протон‑М" ұшырылымын келесі жылға қалдыратынын мәлімдеді.
Ақпарат құралдары "Байқоңырдағы" апатқа дейін, тіпті 2025 жылдың жазы мен күзінде полярлық "жолды" игеруге деген сенім мықты болғанын қаперге салды. Биыл РФ полярлық орбитадағы "радиациялық тәуекелдерді" анықтау үшін BION-M3 биоспутнигін ұшырды.
Ал, "Байқоңырдағы" апат он бес жыл қиял қанатында қалықтаған Ресейді аспаннан жерге түсірді: егер РФ жаңа РОС станциясын басқа ешқандай станция жоқ иен "ғарышта", "құладүзде" – полярлық орбитада салса, онда "Байқоңыр" ғарыш айлағында тағы апат бола қалған жағдайда РОС-тағы ресейлік ғарышкерлерге ешкім де көмекке келе алмайды.
Себебі, көршінің ғарышкер ұшыратын запастағы өзге космодромы жоқ. Тіпті Илон Масктың өзі оларға қолұшын созуға қауқарсыз болады. Оның қасында ескі 51,6 градустағы орбита – америкалық, қытайлық, болашақта – түркиялық және үндістандық ғарыш кемелері әрлі-берлі жүйткитін, белсенді игерілген трасса.
Жалпы, инфрақұрылымы әбден ескірген "Байқоңырды" дамытпаса, 2030 жылға қарай Ресей ғарыштық держава болудан қалады. Ал, "Байқоңырдан" басқа ғарышкер ұшыратын айлағы болмағандықтан, РФ төл ғылымын "құрбан" етіп отыр.
Өйткені ресейлік ғалымдардың асыл арманы – полярлық орбитаны игеру еді. Академик Лев Зеленый РОС-тың полярлық орбитада болуының бір емес, үш ірі артықшылығын атады. Біріншіден, сонда орналасса, ресейлік жаңа станция РФ-тің бүкіл алып территориясын қоса алғанда, Жердің бетін жаһандық деңгейде жаппай қамти алады.
Екіншіден, ХҒС орбитасы 51,6 градус ендіктен аспайтындықтан, Арктиканы бақылауға мүмкіндік бермейді. Ал, полярлық орбита Мәскеуге мұны қолжетімді етер еді.
Үшіншіден, сол жерден РОС полярлық шұғыланы жан-жақты зерттеуге жол ашатын еді. Полярлық геофизика, яғни, шұғыладағы атмосфералық процестер әлемдік ғылым тарапынан негізінен зерттелмеген күйінде қалып тұр.
Ресейлік ғалымдар Арктиканы және полярлық аймақтарды ғарыштан зерттеуді армандады, алайда енді оларға тек ХҒС-тан онсыз да 20 жыл бойы теледидар мен ғаламтор трансляциялап келе жатқан ғарыштық көріністі місе тұтуға тура келеді.
2025 жылдың қараша айында ресейлік пилотты космонавтиканы белгісіз мерзімге доғарған "Байқоңырдағы" апатқа таяуда бір ай "толады". Әрине, америкалық SpaceX және Blue Origin сияқты жеке компаниялар ресейлік ғарышкерлерді және шағын жүктерді ХҒС-қа жеткізіп, кері тасымалдаумен айналысуда.
Бірақ бұл алып станция "Байқоңырсыз" бәрібір толыққанды жұмыс істей алмайды. ХҒС-ты экипажбен, сондай-ақ отынмен, сумен, оттегімен, азық-түлікпен, қосалқы бөлшектермен және басқасымен қамтамасыз етуде негізінен, қазақ жеріндегі ғарыш айлағынан ұшатын "Прогресс" ғарыш кемесі маңызды рөл атқарды. Ресейге "Байқоңырды" жаңартып, дамытқаннан басқа амал қалмайын деп тұр.