Бір ауладан үш чемпион

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2653

Екібастұздағы 9-шағын ауданның бір ғана ауласынан үш чемпион шыққан. Олар – кикбоксшы Нұрсұлтан Хасанов, джиу-джитсу шебері Диас Еренғайыпов және кәсіпқой боксшы Мұса Тұрсынғалиев. 

Бір ауладан үш чемпион

Бізге мұндай қызықты деректі Екібастұз қаласының тұрғыны Жомарт Матенов хабарлады. Оның айтуынша, бір ауладан жастары шамалас үш чемпионның шығуы сирек кездесетін жағдай.

"Бүгінде үшеуі де спортсүйер қауымға танымал. Олардың бір аулада ержетіп, әлемдік спорттың шыңын бағындыруы – мақтанарлық және жастарға үлгі боларлық жағдай", – дейді Жомарт Матенов.

Белгілі болғандай, Мұса Тұрсынғалиев академик Марданов көшесіндегі 23-үйде, Диас Еренғайыпов Сәтбаев көшесіндегі 48-үйде, ал Нұрсұлтан Хасанов Естай Беркімбаев көшесіндегі 104/2 үйде тұрған.

Спорттағы қадамдарын Екібастұзда бастаған спортшылардан қазір туған қаласында тұрып жатқаны Диас қана. Ол осы шаһардан "Yerengaipov Team" деген жеке клубын ашып, жергілікті жастарды жекпе-жек өнеріне баулуда. Нұрсұлтан Хасанов бүгінде Павлодар қаласының тұрғыны. Ішкі істер органдарында қызмет атқарады. Ал Мұса спорттық мансабына байланысты мұхит асып, АҚШ-ты мекен етуде.

Қызық үшін Екібастұздың электронды картасына үңіліп, спортшылар тұрған үйлердің орналасуына назар аудардық. Шынымен де, үш үй үш түрлі көшемен аталса да, бір-біріне жақын орналасқан екен.

Ал енді спортшылардың жетістіктеріне аз-кем тоқталып өтейік. Үш спортшының ішінде жас жағынан үлкені – Нұрсұлтан Хасанов. Ол 1991 жылдың 7 мамырында дүниеге келген. Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сабыржан Жақыповтың шәкірті.

Нұрсұлтан Азияның екі дүркін чемпионы. 2012 және 2015 жылдары Сары құрлықтың теңдесіз спортшысы болды. Ал 2017 жылы Венгрия астанасы Будапеште өткен Әлем біріншілігінде чемпион атанып, ел мерейін өсірді. Былтыр Ресейдің Анапа қаласында ұйымдастырылған Әлем Кубогында топ жарып, қоржынын кезекті қомақты жүлдемен толықтырды. Бір сөзбен айтсақ, Нұрсұлтан Хасанов дәл қазіргі уақытта Павлодар өңірінің маңдайалды спортшыларының көшін бастап тұр.

Жекпе-жек өнерінің жанкүйерлеріне Диас Еренғайыповтың есімі жақсы таныс. Ол 1995 жылы туған. Аралас жекпе-жектен ел намысын қорғап жүр. Осы күнге дейін кәсіпқой рингте 11 кездесу өткізіп, соның сегізінде жеңіске жеткен. Қайсыбір жарыста Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың өзін өнерімен тәнті еткені бар. Сол кезде біздің спортшыға риза болған Қадыров тік тұрып құрмет көрсетіп, қолын қысқан-ды.

Диас Еренғайыповтың 2017 жылы джиу-джитсудан Италияда өткен әлем біріншілігінде чемпион болғанын бөле-жара атап өтуге тиіспіз. Сондай-ақ ол жекпе-жек пен джиу-джитсудан бөлек, қоян-қолтық ұрыс, панкратион, грэпплинг секілді спорт түрлерін де жақсы меңгерген. Жоғары атап өткеніміздей, қазір спорттық мансабын жалғастыра жүріп, жеке клубын ашып шәкірт тәрбиелеуде.

Бүгінде Мұса Тұрсынғалиевті де білмейтін адам кемде-кем. Кәсіпқой бокста қарсылас шыдатпай жүрген шаршы алаң шебері 1994 жылы туған. Жартылай жеңіл салмақта өнер көрсететін Мұса, осы күнге дейін 10 жекпе-жек өткізіп барлығында жеңіске жетті. Соның алтауын уақытынан бұрын, яғни нокаутпен аяқтаған. Мұсаның мықтылығына таңдай таққандар көп. Мәселен, ол кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін 2017 жылдың қараша айында өткізді. Ол дәл сол жылы Мексикада 19 күннің ішінде алты кездесуге шығып, барлығында қарсыласын тізе бүктірді. Мұса осы жылдың наурызында АҚШ-та аргентиналық Эсекьель Тевеспен қолғап түйістіруге тиіс еді. Алайда, жекпе-жек коронавирусқа байланысты кейінге шегерілді. Айтпақшы, Мұса жартылай жеңіл салмақта WBA-ға (Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы) қарасты NABA (North America Boxing Association – Солтүстік Америка бокс қауымдастығы) тұжырымының чемпионы.

Атап өтерлігі, үш жерлесіміз де спорттық мансабын әлі аяқтаған жоқ. Демек, олардың алтын-күміс иеленіп, Қазақстанның абыройын одан әрі асқақтатуға мүмкіндіктері мол. Жұдырығы жойқын, тепкісі темір жігіттерді жеңіс тұғырынан ғана көрейік!

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу