"Парламент өзіне тым көп алады": Үкімет дайындаған заң жобасы сынға ұшырады

845

Парламенттің төменгі палатасында ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша заң жобасы қызу талқыға түсті.

"Парламент өзіне тым көп алады": Үкімет дайындаған заң жобасы сынға ұшырады Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов аталмыш құжатқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Софы Сматаевтың "Ақылдыны билегің келсе, ақымаққа қамшы беріп қой" деген жақсы сөзі бар. Сіздердің мына заңдарыңыз қашып құтыла алмайтындарыңызды білгеннен соң, қуып қорқытпақшысыздар ма деп ойлап отырмын. Қазіргі сегізінші шақырылымның белсенділігіне қарай, өткен оны Премьер-Министрдің өзі де "Парламент өзіне тым көп алады. Бұл Үкіметке "жұмыс істеуге" бөгет жасап отыр" деп айтты. Жұмыс істеу деген тырнақшаның ішінде, халық игілігіне емес. Ашық НҚА порталында депутаттық заң жобаларын жария талқылауды өткізу дейді де, жақшаның ішіне "Үкімет қорытындысын ескеріп отырып" дейді. Үкімет қорытындысын ескеретін болсақ, қалғанының неменеге қажеті бар? Ақыры қорытындыны Үкімет беретін болса", - деді халық қалаулысы.

Бұдан бөлек ол "депутаттық бастамалардың бизнеске әсерін бағалауға" қатысты да пікір білдірді. 

"Бизнеске теріс әсер ете ме? 98 депутаттың жартысынан көбі бизнестің жілігін шағып, майын ішкен адамдар. Мыңдаған адамға жұмыс бергендер. Ал ашықтыққа келетін болсақ, онда ең бірінші ашықтықты қазіргі сотталып жатқан қоғам белсенділерінің сотынан, күмәнді сот процестерінен, Үкіметте істеліп жатқан өзгерістерден, сосын облыс әкімдерінің осында айына жоқ дегенде бір есеп беруінен бастайықшы. Бізде қазіргі Қазақстанда жаңа қоғам құрамыз, дұрысталамыз деп жатқан кезде өзара тартысып, мынадай бір-бірімізге мінез көрсететін заңдар кішкене күлкілі деп ойлаймын", - деп қорытындылады Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов.

Айта кету керек, осыған дейін Мәжілісте ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша заң жобасы таныстырылғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу