Бір фермердің жемқорлығы басқа шаруаларға зиянын тигізіп жатыр

180

Кеңес кезеңі аяқталып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары басталған тұста Қазақстан  ауыл шаруашылығындағы әлеуетінен біршама айырылып қалғаны жасырын емес. 

Бір фермердің жемқорлығы басқа шаруаларға зиянын тигізіп жатыр Фото: ЖИ

Кейінгі 5 жылдықтың төңірегінде ел билігі бұл саланы қайта қолға алды. Астық көлемін, экспорт көлемін арттырып, шаруаларға берілетін түрлі жеңілдетілген несиелерді, субсидияларды көбейтті.

Дегенмен, әдеттегідей мол қаржы бар жерде қалтаны қампайтуды көздейтіндер табылады. Оның үстіне субсидиялар саланың кейбір бағыттарын қамтымай қалғанын айтушылар көп.

Алдымен есептерге қарайық, 2023 жылы Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға шамамен жарты трлн (500 млрд) теңге бөлінді. 2024 жылы көрсеткіш 450 млрд-қа азайғанымен, былтыр қайта өсіп, 622 млрд теңге межесіне жетті. Енді министрлік биылғы деңгейді 658 млрд-қа, 2027 жылғысын 725 млрд теңгеге жеткізбек ниетте. Бұл қарқынмен алдағы 5 жылдың ішінде саланы субсидиядалау көрсеткіші трлн-нан асуы мүмкін.

Енді осы игілік қамтып отырған бағыттарды айтайық. Техника алуға 15-30% дейін өтемақы, тыңайтқыш, тұқым, суару шығындарына субсидия, асылтұқымды малға қолдау, жеңілдетілген несие, сақтандыру жарнасының бір бөлігін өтеу сияқты қолдаулар бар.

Дегенмен мал шаруашылығының кей бағыттары ескерілмей қалыпты. Тері өндірушілер қауымдастығының төрағасы Нұрман Нүптекеевтің сөзінше, бұл сала мемлекет есебінен еш уақытта субсидия не жеңілдетілген несие алып көрген емес.

– Тері өңдейтін кәсіпорындарға тәуелсіздік алғалы бері ешқашан субсидия берілмеді. Кедендік баж салығы – бізде болған жалғыз жеңілдік, бірақ былтыр алып тастады, – дейді ол қауымдастық төрағасы.

Осы секілді бір-екі кем-кетікті айтпағанда, мемлекеттік қызметтер және онлайн ақпарат порталында субсидияға өтініш беру қазір шаруалар үшін оңайға айналған. Әйтсе де бұған дейін үкімет пен шаруалар тарапынан жүйесіз іс анықталғаны жасырын емес. Ведомство жағы субсидия төлемін кешіктірсе, шаруалардың кей бөлігі жалған құжат жасатып, заңсыз қолдау алған.

– Қолдау тетіктерін біршама жаңартқан жөн. Биыл фермерлер субсидияға қол жеткізейін десе, өткен жылдардан қалған 350 млрд теңгеге жуық субсидия әлі төленбеген. Оны көктемгі жұмыс науқаны басталмай тұрып жапқаны дұрыс еді. Берешекті салалық министрлік жабатынына сендірді де. Бұл арада жалған құжатпен субсидия алатындармен күрес күшеюі қажет. Әйтпесе, шынайы жұмыс істеп тұрған шаруаларға зияны тиеді, – дейді QAZAQ AQBAS республикалық палатасы директорлар кенесінің мүшесі Қуаныш Сүлейменов.

Шаруалар биылдан бастап мал шаруашылығын дамытуға арналған "Игілік" бағдарламасын күтіп отыр екен. Қазір асылтұқымды қойға – 26 мың теңге, асылтұқымды отандық тайынша сатып алуға – 260 мың теңге, ал шетелдік сиырға 420 мың теңгеге жуық ақша қарастырылған.

– Ресей, Беларусь ет, сүт бағытындағы өнімі шетел нарығына жеткенше субсидиямен қолдайды. Осыдан 5-6 жыл бұрын ауыл халқының саны 42 пайызды құраса, қазір 37 пайызға азайды. Демек, ауылда жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтарды субсидиямен, жеңілдетілген несиемен қолдап, жағдайын жақсарта алсақ, қалаға ағылатындар азаяр еді, – дейді Қ.Сүлейменов.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұстанымынша, субсидия – өндірілген өнімге берілетін ақша. Мәселен, 1 литр сүт өндірсеңіз, мемлекеттен литріне 30 теңге беріледі. Бір байқайтын дүние, дүкенге бара қалсаңыз, ресейлік сүт өнімдерінің бағасы қазақстандық өнімнен арзан тұрады. Себебі көрші Ресей тәжірибесінде федеративтік және өңірлік деңгейде субсидиялап, жеңілдетілген несие беріп қолдау білдіреді. Олардың өнімі Қазақстан нарығына кіргенде, отандық өнім бәсекелесе алмай қалады.

Министрлік субсидияның пайда бергенінің оң нәтижесі ретінде құс шаруашылығын атаған. Мысалы, қазір құс шаруашылығында келісіне 60 теңге субсидия беріледі. Осыдаен 5 жыл бұрын елді құс етімен қамту көрсеткіші 58 пайыз болса, қазір 79 пайызға жеткен. Ал мал шаруашылығына қатысты қолдауды мемлекет әзірге тұралатып отыр. Кей шаруалардың жемқорлыққа баруы, жалған құжат жасатуы қалай жүзеге асқанын толық сараптап бітпейінше, жауаптылар бұл тетікті қайта іске қоспауы мүмкін.

2024 жылы "Сыбаға" мемлекеттік бағдарламасы аясында "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ Ақтөбе филиалынан несие алу кезінде 1 млрд теңге қолды болған. Ал былтыр Қарағандыда "Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту" ұлттық жобасы аясында сүт өнімдерінің бағасын арзандатуға бөлінген 339 млн теңге жымқырылды. Осындай фактілердің кесірінен еңбегін адал істеген шаруалар қиындыққа тап бола берері хақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу