Бір мемлекет АҚШ-қа қосылуға шешім қабылдады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
7631

Атлант мұхитының ар жағындағы алпауыт елдің көршісі АҚШ-қа кіруге шешім қабылдады.

Бір мемлекет АҚШ-қа қосылуға шешім қабылдады

Бүгін ресейлік ақпарат құралдары "Америка Құрама Штаттары тұтас бір мемлекетке кеңеюі мүмкін" деп жаһанға жар салуда. Әлемдік белді ақпарат құралдары әлдеқайда ұстамды ақпарат таратуда.

Өткен демалыс күні Пуэрто-Рико АҚШ-қа оның бір штаты ретінде қосылу туралы референдум өткізді. Оған қатысқан пуэрторикалықтардың басым көпшілігі осы шешімді құптап шықты.

Нақтырақ айтқанда, референдум қорытындысы көрсеткеніндей, "жалпыхалықтық сауалнама" кезінде өз ықтиярын білдірген бұл ел азаматтарының 97 пайызы архипелагтың АҚШ штаты құқығына ие болуын жақтап, дауыс берген. Тағы 1,5%-ы елдің өз тәуелсіздігін сақтай отырып, АҚШ-пен еркін қауымдасуын, ал бар-жоғы 1,32%-ы қазіргі мәртебені сол күйі қалдыруды құптаған.

Пуэрто-Рико жоғарғы сайлау органы референдумға елдегі 2,2 миллион сайлаушының 23 пайызы, яғни жарты миллиондай азамат қатысқанын тіркеді. Бірақ сайлаушылардың легіне шек қойылмағандықтан, референдум нәтижесі заңды саналады.

Пуэрто-Рико губернаторы Рикардо Росселло (Ricardo Antonio Rosselló Nevares) мемлекеттің АҚШ құрамына қосылуының белсенді жақтаушысы болып табылады және өз елін соған бастап келеді. Ол бұған дейін аралдың Американың қоластына кіруі ондағы тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың басты тәсілі болып табылатынын мәлімдеді.

Жексенбілік "плебисциттің" қорытындылары ел ішінде міндет болғанымен, халықаралық деңгейде тек ұсыныс сипатына ғана ие. Себебі, Пуэрто-Рико Американың Штаттары қатарын толықтыруы үшін АҚШ Конгресі соны құптап, шешім қабылдауы шарт.

Пуэрто-Рико қазіргі кезде онсыз да толық дерлік Вашингтонға тәуелді аумақ болып табылады. Тиісінше, де-факто осы елдің сыртқы басқаруында тұр: бұл елге Конгрестің шешімдері таралады. Бірақ де-юре, яғни заң жүзінде АҚШ-тың бір бөлігі саналмайды, яғни Штат құқығы жоқ. Бір қызығы, пуэрторикалықтар қосарлама азаматтыққа – өз елі Пуэрто-Риконың және АҚШ-тың азаматтығына ие. Алпауыт держава бұл елдің өз құрамына қосылуына деген ұмтылысына ықыласы ретінде азаматтығын беруге келісті, бірақ пуэрторикалықтарға АҚШ-тағы президент сайлауына қатысуға ұлықсат етпейді.  

Дегенмен, сарапшылар Құрама Штаттардың жақын келешекте жұлдызды-жолақты байрағында тағы бір жұлдызшаның пайда болатынына күдікпен қарайды.

"Бұл елдің, яғни шағын ғана Пуэрто-Риконың сыртқы қарызы 70 миллиард доллардан асады. Салыстыру үшін айталық, халқының саны 4-5 есе артық Қазақстанның сыртқы қарызы бұдан екі есе кем. Мұның сыртында бұл мемлекеттегі халықтың 45 пайызы кедейшілік деңгейінде өмір сүріп жатыр. Бұған білім беру мен денсаулық сақтау салаларының еш сын көтермейтіндігін қосыңыз. Пуэрто-Рикода зейнетақы жүйесі қызмет етуге қабілетсіз деуге болады. Осының барлығы Америка Құрама Штаттарын Пуэрто-Риконы өзінің құрамына 51-ші штат ретінде қабылдауға кедергі. Дәл осы сияқты Пуэрто-Рико мәртебесі туралы референдум 2012 жылы да өткен болатын. Сонда да дауыс берушілердің басым көпшілігі АҚШ-қа кіруді жақтаған. Бірақ ол шешім іске аспай қалды" дейді батыстық елдермен қатынастарға маманданған қазақстандық саясаттанушы Алексей Даниленков.

Айтқандай, бірнеше жыл бұрын Пуэрто-Рико дефолт жариялаған болатын.

Рас, бұл жолы мемлекет басшысы Рикардо Роселло осы істі аяғына дейін жеткізуге белсенуде. Ол референдум қорытындылары белгілі бола салысымен, комиссия құрылатынын мәлімдеді, бұл комиссия АҚШ штаты мәртебесін иелену рәсімдерімен айналысады. Рикардо Роселлоның артқа шегінуіне жол жоқтай. Оның сайлауалды бағдарламасындағы уәделердің бірі елдегі экономикалық ауыр жағдайды түзеу болатын. Өйткені соның кесірінен көптеген пуэрторикалықтар Америкаға жұмыс жасауға немесе тұрғылықты тұруға кетіп жатыр. 

Рикардо Роселло АҚШ билігін референдум нәтижелеріне назар аударуға шақырды: "Егер АҚШ билігі іргедегі пуэрторикалықтардың еркін ықтиярына ден қоймаса, ол қалайша әлемнің басқа бұрыштарында демократияны талап ете алады?" деді губернатор.

Бұл референдумға қатысты АҚШ-тың ұстанымы қандай? Себебі, біздің солтүстік көршіміз 2014 жылы осындай референдум арқасында бір түбекті өзіне қосып алғаны мәлім.

Ал Американың Әділет министрлігі Пуэрто-Риконың штат құқығын иелену бойынша референдумын қолдамағаны мәлім болды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу