Бір отбасы қасіреті: 8 жыл бойғы сергелдең

4659

ШҚО-дағы елді дүрліктірген қайғылы оқиғаның мәнісі анықталар емес.  

  Бір отбасы қасіреті: 8 жыл бойғы сергелдең

Өскемен қаласының тұрғындары Владимир Валерьевич пен Анна Владимировна Петровтар Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметовке хат жазып, ұзақ жылға созылған, шет-шегі көрінбейтін азаптан құтқаруға көмектесуді сұрады.

Бір қарағанда, бұл жайт тек жеке адамдар мәселесіндей көрінеді. Бірақ оның астарында құзырлы органдардың батылсыздығы, біліксіздігі, адамгершілік мәселелері секілді қаптаған түйткіл тұнып жатқандай.

"Тұрғындар да, Тарасовтар да бізді бизнесін тартып алу үшін кәсіпкер Григорийді өлтірген отбасы ретінде айыптап, бетімізге түкіріп келеді. Бұл тозақ сегіз жылдан бері жалғасуда. Осы жылдар бойы тыныштықтан айырылдық, жаннан маза кетті. Сегіз жылдан бері біз аса ауыр қылмыс жасауға – топ құрып, аса қатыгездікпен әрі пайдакүнемдік ниетпен қасақана адам өлтіруге күдікті деген қарғысқа бергісіз мәртебені арқалап келеміз. Сегіз жылдан бері бізді ұдайы тергеуге алады, қайта-қайта тергеу іс-әрекеттерін өткізеді", – дейді Владимир Петров.

Әрине, қылмыс топ құрып, аса қатыгездікпен жасалса, оған аяушылық танытудың өзі әбестік болар.

Бірақ шынында не болған?

Ол белгісіз қалуда. Тергеу амалдары "қайғылы оқиға болған" дейді: жылыту қазандығы жарылған. Салдарынан Г.Тарасов қаза тапты. Ал В.Петров ғайыптан тайып аман қалды. Дегенмен, денесіне бактың антифризі төгіліп, қатты күйікке ұшыраған. 

Оқиғаға байланысты бірқатар сот-медициналық сараптама амалдары жүргізілді. Олардың ешқайсысы бұған әлдебір үшінші тұлғалардың қатыстылығын анықтай алмаған. Ал бизнесменнің ата-анасы әлдекімдер ірі компаниясын тартып алу үшін ұлының саяжай-дачасында жарылыс ұйымдастырды деп табандайды. Жарылыс кезінде оның жанында болған В.Петров мұны жоққа шығарып әлек.

"Барлық сарапшылардың ойы бір жерден шықты: Григорийдің өліміне жарылыстан келген жарақат себеп. Жарақаттар тірі кезінде және бір мезгілде келтірілген. Бұл қасақана өлтіруді жоққа шығарады. Алайда Тарасовтар олар ойламайды. Біз кейде Тарасовтардың Фейсбуктегі жазбаларын оқып тұрамыз. Бірде оларды Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың өзі жеке қабылдағанын біліп, таң қалдық. Оған облыс прокурорының бірінші орынбасары, ІІМ тергеу департаментінің бастығы, Глубоковский ауданының әкімі және басқасы қатысыпты. Бізді ол кездесуге шақырған жоқ. Бірақ біздің де айтарымыз бар еді. Неге мысалы, қылмыстың өзі болмаса да, 8 жыл бойы негізсіз қылмыстық қудалайды?" – дейді Владимир Петров.

Ол Тарасовтардың жазып жүргені жанына қатты бататынын айтады: өйткені олар өз ұлы Григорийді "қылмыскердің" буындырып өлтіргенін, тіс астындағы сүйегін сындырғанын, тілін жұлып алғанын, содан кейін әлдебір ауыр затпен ұрып, басын жарғанын мәлімдеуде.

"Тарасовтар қоғамдық пікірді өз орайына пайдаланудың шебері болып алды. Олар қылмыстық іс материалдарынан әлдебір сөзді жұлып алады да, оны бұрмалап, әсірелеп, адам шошырлық нәрсеге айналдырады. Халық соған сенеді. Біз осы істі тергеумен айналысқан тергеушілердің санынан жаңылдық. Олар басында Тарасовтардың тегеурініне шыдамай, Григорийдің өлімінің зорлықпен әрі қасақана жасалғанын дәлелдеуге уәде етеді, әйтсе де, істің байыбына барған соң қайғылы оқиға болғанын хабарлайды. Артынша Тарасовтардан тергеушілерге, прокурорларға, соттарға шағым жауады. Істі қарауға тартылған лауазымды тұлғалар бұлардан қорқады. Әлдебір адам өлтірушілерді жасырып жүрген тұлғаға айналғысы келмейді. Сондықтан бізді ешкім де тыңдамайды. Шағымдарымызға жалтарма жауап келеді", – дейді Анна Петрова.

Оның мәліметінше, алғашқы екі сараптама тіл асты сүйегінің бүтін екендігін, буындырып өлтіру кезінде қалатын белгілер, өкпенің ісінуі жоқтығын анықтаған. Владимир Петров осы қудалаудан жүрегі сыр беріп, кардиологиялық тіркеуге алыныпты.

Бұл оқиға қазақстандықтарға да таныс болса керек. 2013 жылдың ақпанында Өскеменде 39 жасар бизнесмен Григорий Тарасов мерт болды. Оның ата-анасының мәлімдеуінше, ол қасақана өлтірілген.

74 жасар Владимир мен 70 жасар Валентина Тарасовтардың өткізген наразылық акцияларын, қарияның облыстық полицияның өткізу пунктінде жайғасып, аштық жариялағанын, Елбасыға үндеумен қайырылғанын республикалық телеарналар талай көрсетті.

Олардың байламынша, ұлының өлімін тергеушілер объективті зерттеп жатқан жоқ. Содан айыптылар жазаланбады.

Тергеушілердің нұсқасы бойынша Григорий Тарасов қайғылы оқиға – Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы өз саяжайында жылыту қазандығының жарылысы салдарынан қаза тапты. 2013 жылғы 23 ақпанда ол сонда тынығып жатқан болатын. Ал оның әке-шешесі ұлының бизнесін – "Үлбі фторы-Ульбинский фтор" компаниясын тартып алу үшін аса қатігездікпен өлтірген, яғни алдымен буындырып өлтіріп, содан кейін денесін қазандықпен бірге жарып жіберген деп санайды. Сегіз жылдан бері Тарасовтар осы байламын қорғауға күш салып келеді, ал жүргізілген тергеулерді және сараптамаларды, сондай-ақ елордадан барған арнайы комиссияның байламын да "фальсификация" деп есептейді. 

Кезінде бұл қарттарды елордада Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы да, бас прокурор да қабылдапты, әйткенмен, пікірін өзгерте алмағанға ұқсайды. Бұл істе әділдіктің қашан орнары белгісіз.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу