Бір сиырды бірнеше рет сатып, заңсыз баюдың тәсілдері әшкереленді

5921

Ауыл шаруашылығына тек субсидия бойынша 50 миллиард теңгеден астам қаражат құйылмақ. 

Бір сиырды бірнеше рет сатып, заңсыз баюдың тәсілдері әшкереленді

Ауыл кәсіпкерлері үшін етегіне сүрінетін сүрлігіс шақ туды. Себебі, мемлекет миллиардтаған демеуқаржыны үлестіріп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің дерегінше, биылдан бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жаңа ережелер бойынша субсидия алады.

АШМ асыл тұқымды сиырларды сатып алу бағытында бірыңғай нормативтер белгіледі. Нәтижесінде, отандық және импорттық сүтті сиырлардың 1 басы үшін субсидия 300 мың теңгені, етті сиырлар үшін 200 мың теңгені құрайтын болады. Осылайша, асыл тұқымды мал өсірушілерге бәсекелестік үшін тең жағдай жасалады. Әйтпесе, бұрын қазақтың асыл тұқымды Ақ бас тұқымына батыстың Ангусынан әлдеқайда аз субсидия берілетін. Енді екеуі тең жағдайға келтірілді.

Министрдің мәліметінше, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында алдағы үш жылға жалпы көлемі 90 млрд теңге қаржы қарастырылған екен. Бірақ бұл демеуқаржының жетіспейтіні қазірден белгілі болды. Әкімдіктердің ақпаратына сәйкес, тек 2023 жылы 52,4 миллиард теңге қажет болады. 2024–2025 жылдарға тағы 140 млрд теңге талап етіледі.

Сондықтан министрлік қаржыны толық көлемде бөлу үшін бюджеттік өтінім дайындады. Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен бұл көлем 2023 жылға тегіс қолдау тапты.

Алайда жаңа Мәжіліс сайланды, Конституция бойынша енді Үкімет жұма күні отставкаға кетпек. Жаңа ауыл шаруашылығы министрі кім болатыны, оның бұл істі қалай ілгерілететіні белгісіз.

Оның үстіне субсидия қаражатының үлкен бөлігі талан-тараж етілуі, тиімді жұмсалмауы, ауыл шаруашылығы өнімдерін тек қағаз жүзінде ғана өсіріп, өндіретін қулардың қалтасын толтыруы мүмкін. 

Eldala.kz мамандандырылған порталының түсіндіруінше, ауыл шаруашылығын субсидиялаудың жаңа жүйесінде жергілікті әкімдіктер нақты өз өңіріне қажетті бағыттарды дамыту және қолдау үшін көбірек мүмкіндік алуға тиіс. Егер әкімдіктер бұл құралдарды ұқсата алса, ұтымды жұмсаса, онда олар төл өңіріндегі нарықта туындайтын теңгерімсіздіктерді реттей алады.

Ал егер бұл тетік тиімді жұмыс істемесе, өңірге зиян келтіруі мүмкін. Қостанайлық фермер Мереке Исмағұлов мұны өз мысалында түсіндіріп берді. Ол 2016 жылы бірінші санаттағы асыл тұқымды малды бордақылау алаңдарына қатысты мемлекеттік бағдарлама аясында кәсібін бастапты.

Яғни, фермерлерден асыл тұқымды бұзауларды жаппай сатып алып, өз шаруашылығында бордақылады. Сөйтіп, қолындағы асыл тұқымды ірі қара мал санын 400-ге жеткізеді. Малды семірту процесін сауатты, дұрыс ұйымдастыру, соның озық тәсілдерін енгізу арқасында торпақтар мен баспақтар тәулігіне 1,5–1,7 келі салмақ қосып отырған. Бұл тіпті майталман мамандарды жұмылдыра алатын ірі бордақылау кешендерінің өзі қол жеткізе бермейтін жетістік саналады.

Мал бірінші санаттағы бордақылау кешендерінен талап етілетін стандарттарға, салмақтарға жеткенде, кәсіпкер оларды сол кешендерге союға өткізген. Нәтижесінде малдың өзі үшін төленген қаражат сыртында мемлекеттен тірі салмақтағы әрбір келісі үшін 200 теңгеден субсидия алып отырған.  

Жақсы бордақыланған баспақтар 500 келіден асатынын, ал бұқалар бір мың келіге дейін баратынын ескерсек, бұл қомақты сома екенін аңғаруға болады.

Бұдан барлық тарап ұтады: Ауыл шаруашылығы министрлігінің есептері көркейеді, халық етке қарық болады, шаруалар ондаған миллиондап табыс табады, бордақылау алаңдары семіз малды фермерлерден қол жетімді бағаға сатып алады.

Мереке Исмағұлов ет өндірісіндегі осынау тізбектің маңызды бір буыны болды. Алайда былтыр, 2021 жылы бұл тізбек бырт-бырт үзіліпті. Сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров субсидия төлеудің қағидаларын өзгертуге шешім қабылдады.

"Жаңа қағидаларда бір пункт қалдырылды: тек өз шаруашылығында асыл тұқымды сиырдан туылған бұзауларды бордақылап, өткізгендер ғана субсидия ала алатын болады. Басқаша айтқанда, шаруашылығымда 100 сиыр болса, маусымда олардың жартысы ғана бұзауласа, онда мен бір жылда тек 50 бұқашықты семіртіп, бордақылау алаңына өткізе аламын. Сонымен бітті. Келесі жылды күтуім керек. Әйтпесе, басқасына, яғни басқа шаруалардан сатып алынып, төл технологияммен бағып, баптасам, мемлекеттен қолдау болмайды. Мұның ақыры неге соқтырғаны көп ұзамай белгілі болды: өңірлерде, мысалы, Қостанай облысындағы жас төлдер мегаполистерге кете бастады. Себебі, оларда тұрғындардың ауқаты жақсы, етті жоғарғы бағаға сатып алады. Тиісінше, фермерлер субсидиясыз мол табыс табады", – деді ауыл кәсіпкері Мереке Исмағұлов.

Яғни, Омаровтың мұрасы бірінші кезекте ауыл-аймаққа соққы болған.

Мысалы, Алматыда сиыр етінің көтерме бағасының өзі әр келісі үшін 2,5 мың теңгеден басталады екен. Ал Қостанай облысында әрі кетсе, 2 мың теңге. Сондықтан жергілікті сатып алушылар малдың тірі салмақтағы әрбір келісі үшін 950 теңгеден ғана ұсына алады. Ал оңтүстік өңірлерден, әсіресе, Шымкенттен, Алматыдан ағылған делдалдар әр келісіне 1 100 теңгеден ұсынған. Содан мал жаппай оңтүстікке кетіп жатыр.

Жергілікті базарларда ет тапшылығы білініп, баға көтерілді.

Сарапшылар айтып жүргендей, оңтүстік өңірлерде бармақ басты, көз қысты жолдармен тіпті өзге фермерлерден сатып алынған мал үшін де мол субсидия алу деректері жетерлік. Антикор үш жыл бұрын осы саланы біраз сілкілеп, шенеуніктер мен фермерлер арасындағы жемқорларды табуға білек сыбана кірісіп, біраз шу шығарды, шаңдатты. Бүгінде оның бәрі басылып қалды.

Өз кезегінде Мереке Исмағұлов өңірде қалыптасқан күрделі ахуалдың себебін көрсетіп, Қостанай облысының жаңа әкімі Құмар Ақсақаловқа хат жазыпты. Ол аймақ басшысына АШМ алып тастаған субсидияны өңірлік деңгейде қайта жандандыруды ұсынды. Бұған қоса, фермер облыс басшысының қабылдауына жазылды.

Дегенмен, Қостанай – бай емес, терең дотациялы өңір. Ендеше оның қолы қысқа.

Содан да болса керек, Қ.Ақсақалов жергілікті ауыл кәсіпкерімен кездеспеді. Оның хатын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына бағыттай салған. Нәтижесінде, оны басқарма басшысы Тимур Бисимбаев қабылдады.

Кәсіпкер облыс әкімінің биылғы 2 ақпандағы халықпен есепті кездесуінде жергілікті мал сою пункттерінің небары 30%-ға ғана жүктелгеніне қапаланғанына назар аудартады. Өйткені ежелден мал шаруашылығын кәсіп еткен өңірде енді мал жетіспейді. Мұның себебін ауыл бизнесмендері жақсы біледі.

Бірақ соны биліктің түсінгені және оны шешу үшін тегеурінді қимылдағаны маңызды.  

Әзірге ондай пәрмен байқалмайды. М.Исмағұловты қабылдаған облыс әкімдігінің шенеуніктері заңсыз тірліктерге тосқауыл қою үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидияның осы түрін төлеуде тоқтатқанын мәлім еткен.

Егер бұл қадамдар саладағы коррупция мен талан-таражды тоқтатса, жөн. Субсидияны ысырап ету жалғасуда.

"Кедей өңірлердің өсіретін малдары жоғары баға ұсынатын делдалдар арқылы басқа өңірлерге лек-лекпен әкетілуде. Ал біздің мал сою орындары қаңырап бос тұр. Не істеу керек? Субсидиямен қолдау керек. Мұны ұғыну үшін ғұлама болудың да қажеті жоқ. Ал ауыл шаруашылығы басқармасындағы шенеуніктер осыны ұсынған мені жөлік, алаяқ сияқты қабылдап отыр!" – деп ашынады М.Исмағұлов.

Ол субсидия саласындағы жөнсіздіктеге қатысты көптеген мысал келтіре алатынын, бірақ олардың бәріне АШМ де, жергілікті билік те көз жұма қарайтынын жеткізді. 

Мысалы, оның айтуынша, асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық сыбайлас компанияға тек қағаз жүзінде малдарын "сатады". Жалған сатып алушы артынша сол малды сойғаны үшін үлкен субсидия алады: әрбір тайынша үшін 200 мың теңге бюджет қаржысын қанжығалайды. Шынында, мал сол бұрынғы орнында қалады. Тек олардың құлағындағы нөмірі бар сырғасын жұлып тастап, жаңасына тапсырыс береді. Тиісінше, ақыр соңында союға жібергенше, бір сиыр сырғасын ауыстырған сайын бірнеше сиырға айналады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің тізгінін қолына алған әрбір жаңа басшы дәл осы субсидия саласына өз реформасын жүргізеді. Бірақ ешқайсысы да дұрыс жолы мен жөнін таба алмады. Алдағы аптада билік басына жаңадан келуі мүмкін Үкімет пен сала министрінің қандай бастаманы жариялайтыны әзірге белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу