Бір жылда 1 трлн теңге: Қазақстанның ақшасы қай елдерге аударылып жатыр

4253

Халықаралық ақша аударымдары жүйесі арқылы Қазақстаннан ең көп қаражат қай елге аударылады? Осы жүйемен Қазақстанға ең көп ақша аударатын елдердің көш басында қай мемлекет тұр? 2021 жылдың 12 айында осы көрсеткіш қалай құбылды? Шет елдерден ақша қаншалықты көп келіп жатыр? Былтыр қанша қаражат Қазақстаннан шығарылды?

Бір жылда 1 трлн теңге: Қазақстанның ақшасы қай елдерге аударылып жатыр

Бұл мақалада іnbusiness.kz тілшісі осы тақырыпты зерттеп көрді. 

Көпшілік долларды таңдайды

Ұлттық банктің есебіне сүйенсек, Қазақстанның екінші деңгейлі банктері мен Қазпошта өзінің клиенттеріне ақша аудару жағынан негізінен Золотая корона, Вестерн Юнион, Unistream, Contact, Faster, MoneyGram жүйелерін пайдалануды ұсынады. Осы жүйелер арқылы қазақстандықтар елге ақша аударып та, шетелге де шығарып жүр.

Әлбетте, ақшаны елге аударса да, шетелге жолдаса да клиенттер валюталардың ішіндегі сенімдісі – АҚШ долларын таңдайды. Мәселен, 2021 жылдың қаңтар айында Қазақстанға қаражат аудару көрсеткішінде доллардың үлесі 46%, ал Қазақстаннан аудару көрсеткіші 67%-ды құраған. Бұл бағытта теңгенің үлесі 36% және 20% ғана болған. Осы көрсеткіш 2021 жылдың 12 айында да аса көп өзгере қоймаған. Клиенттер ұлттық валютадан гөрі долларды таңдап келген.

Ақшаның жартысынан көбі үш елге аударылған

Ендігі кезекте халықаралық ақша аударымдары жүйесі (қысқаша ХАЖ) арқылы Қазақстаннан қай елге ең көп ақша аударып жатқанын анықтап көрелік. 2021 жылдың қаңтарында Қазақстаннан сыртқа ақша аудару бағытында 150 мың транзакция жүргізіліп, оның жалпы сомасы 54 млрд теңгені құраған. Қазақстаннан 54 млрд теңге негізінен үш елге, атап айтқанда Ресейге (12,9 млрд теңге), Түркияға (12,3 млрд теңге), Қырғызстанға (10,4 млрд теңге) аударылған.

Арада бір ай өткенде, яғни 2021 жылдың ақпанында шетелге кеткен ақшаның 60 млрд теңгеден асқанын көреміз. Бұл айда бірақ көш басына Түркия (15,6 млрд теңге) шығады. Одан кейінгі орындарда Ресей (14,7 млрд теңге), Қырғызстан (11,5 млрд теңге) және Өзбекстан (10,6 млрд теңге) тұр. Естеріңізде болса, былтыр жылдың басында Қазақстандағы дәулетті адамдардың Түркиядан үй сатып алу үрдісі қызған болатын. Түркияға көбірек ақша аударылуының бір себебі осы болуы мүмкін. Қоғамда "Алматы мен Нұр-Сұлтаннан қарағанда Аланияда үй арзан" деген сыбыс та сол тұста шыққан еді.

2021 жылдың наурызында дәл осы үрдіс қайталанады. Наурызда тіпті аударылған жалпы ақшаның көлемі 75 млрд теңгеге жетеді. Алайда бұл жолы Түркия және Ресеймен қатар Өзбекстанға аударылған ақшаның (15,4 млрд теңге) арта бастағанын байқаймыз. Күн жылынғанда өзбек жұмысшыларының Қазақстанда табыс табуға келе бастайтыны осы кез.

Расында да, 2021 жылдың сәуірінен бастап Қазақстаннан сыртқа ең көп ақша аударылған елдердің көш басына Өзбекстан шығады. Ресми дерекке қарасақ, сәуірде Қазақстаннан бұл елге 21 млрд теңге, мамырда 22 млрд теңге аударылған. Жаз айларында бұл көрсеткіш тіпті артады. Маусымда 35 млрд теңге, шілдеде 37 млрд теңге, тамызда 39 млрд теңге болған. Қыркүйек пен қазан айларында Өзбекстанға аударылған ақша 30 млрд теңгеден азаймайды. Тек қарашада ақша аударымы бәсеңдеп (23 млрд теңге), желтоқсанда бұл көрсеткіш 19 млрд теңгемен түйінделеді. Жалпы 2021 жылда есептеп көрсек, Қазақстаннан Өзбекстанға аударылған ақша сомасы 297,9 млрд теңге, яғни 300 млрд теңгеге жақындағанын аңғаруға болады.

Жалпы 2021 жылы халықаралық ақша ақша аударымдары жүйесі арқылы Қазақстаннан басқа елдерге 1 трлн теңге көлемінде ақша аударылған. Қазақстаннан сыртқа ақша аударатын елдердің үштігі мынадай:

 

Қай елден Қазақстанға ең көп ақша аударылады?

Ендігі кезекте осы мәселені зерттеп көрейік. Ұлттық банктің есебіне қарасақ, 2021 жылдың 12 айында Қазақстанға басқа елдерден 283 млрд теңге аударылған. Осы соманың басым бөлігі ең бірінші кезекте Ресейден (52 млрд теңге), Өзбекстаннан (49,2 млрд теңге) және Корея Республикасынан (39 млрд теңге) түскен.

Ұлттық банктің осы көрсеткіштерін есептеп, талдап қарағанда халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы Қазақстанға шет елдерден түсетін ақшадан гөрі Қазақстаннан шет елдерге аударылатын қаражаттың шамамен үш есе көп екенін (1 трлн теңгеге қарсы 283 млрд теңге) көреміз.

Бұл көрсеткіш нені білдіреді?

Жалпы 1 трлн теңгенің аталмыш жүйелер арқылы сыртқа жылыстап, оның үштен бір бөлігінің ғана Қазақстанға аударылуына экономикалық тұрғыда қалай баға беруге болады? Бұл сұрақты белгілі экономист Сапарбай Жобаевқа қойып көрдік.

"1 трлн теңге дегеніміз долларға шаққанда аса көп емес – шамамен 2,5 млрд доллар болатын шығар. Төлем баласында трансферт деген ұғым бар. Қазақстанның осы трансферт көлемі кейінгі 10-15 жылда өзгермей келе жатыр. Кейде көбейеді, азаяды. Шамамен 2,1-2,5 млрд теңге аралығында құбылады. Жалпы біздің елде өзіңіз білетіндей Өзбекстаннан келіп еңбек ететін адам көп. Солардың барлығы ақшаны өз еліне жөнелтеді. Жалпы ішкі өнім көлемі 180 млрд теңге деп есептесек, жаңағы айтып отырған 2,5 млрд доллар – сол ЖІӨ-нің 1,3 пайызын құрап отыр. Сондықтан соншалықты көп ақша шет елдерге халықаралық ақша аударымдары арқылы жылыстап жатыр деп айтуға болмайды", – дейді экономист.

Сапарбай Жобаевтың айтуынша, Өзбекстаннан келіп жұмыс істейтін азаматтардың біршама бөлігі – сондағы қандастар. Өзбекстанда жалпы ресми статистика бойынша 900 мың қазақ болса, соның экономикалық белсенді жастары көбінесе Қазақстанда жұмыс істеуді қолайлы көреді.

"Түркияға келсек, анау Аланиядан бәрі үй сатып ала бастады. Бір жағынан неліктен сол жақтан үй алып, елдің ақшасын сыртқа шығарып жатырсың деп оларға тағы ренжи алмайсың. Бәрібір ол өз ақшасы. Солтүстік Кипрден, Грузиядан сатып ала ма – өзі біледі", – дейді ол.

Сөзін түйіндей келе экономист бұл көрсеткіш көрші елдермен салыстырғанда Қазақстанның экономикалық жағдайы жақсы екенін білдіретінін атап өтті.

"Қанша дегенмен бізден кетіп Ресей, Кореяға барғандардың табысынан гөрі шетелдіктердің тапқан табысының үш есе көп болуы – біздің жағдайымыз көршілес елдермен салыстырғанда жақсы дегенді білдіреді. Одан бөлек ЕАЭО шеңберінде жұмыс күші еркін айналады. Яғни сіз де Ресейдің кез келген қаласына барып, қызмет ете бересіз. Патент іздемейсіз. Экономикалық одақ шеңберінде ешқандай шектеу жоқ", – дейді Сапарбай Жобаев.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу