Осы мақсатта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "ҚР Әлеуметтік кодексіне міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын әзірледі.
Төл баспанасы жоқ па, басқа проблема туындады ма, әйтеуір ведомствоның мәлімдеуінше, қазіргі кезде мемлекеттен көмекке зәру 100 мыңнан астам адам тұрақты тіркеуге тұра алмаған немесе олардың тіркеу туралы мәліметтері ақпараттық жүйелерге енгізілмеген.
Тағы 28 мыңнан астам алушының жалдап тұратын үйіндегі уақытша тіркеуі ғана бар болып шықты. Ендеше тұрақты тіркеуге тұратындай олардың тұрғылықты өмір сүретін төл баспанасы жоқ немесе жұмыс берушісі оған жатақхана бермейді.
Министрлік осы адамдарды жазалауды ұсынып отыр: аталған жаңа заң жобасында халықтың осы санаттарына зейнетақы және жәрдемақы төлеуді тоқтата тұру қарастырылған. Егер жәрдемақыны немесе зейнетақыны қайта алғысы келсе, нақты бір үйде не пәтерде тұрақты және уақытша тіркеуге тұруға тиіс.
Бұдан бөлек, Еңбекмині келесі азаматтарға төленетін төлемді қысқартуды ұсынды:
• психоневрологиялық аурулары бар адамдарға,
• интернаттарда, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында (АӘҚКО) стационар жағдайында тұратын қарияларға;
• интернаттарда және АӘҚКО-ларда тіршілік етіп жатқан мүгедектігі бар адамдарға;
• қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандарға.
Светлана Жақыпова басқаратын министрлік бұл адамдарға заңмен тиесілі төлемнің енді тек 30%-ын ғана жеке мақсатта шығындауына қалдыруда, қалған 70% төлемін бюджетке алып қоюды ұсынды.
Министрліктің дәйектеуінше, бұл санаттағы азаматтарға арналған азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі тауарларға, коммуналдық қызметтерге, жол жүруге және басқасына шығыстар бойынша бюджетке жүктеме кейде олар алатын зейнетақы, жәрдемақы сомасына тең немесе одан асады.
Шенеуніктердің байламынша, аталған санаттағы тұлғалар толығымен бюджет есебінен ұсталады, ал, оларға зейнетақы немесе жәрдемақы төлеу "қосарлама қаржыландыру" болып есептеледі.
"Жүргізілген талдау көрсеткендей, стационарлық үлгідегі АӘҚКО-ны ұстап тұру жергілікті бюджеттерге жылына 92 миллиард теңгеден астам шығын әкеледі. 2025 жылғы 1 қаңтардағы жай-күйі бойынша АӘҚКО-да тұратын зейнетақы және жәрдемақы алушылардың саны 21,2 мың адамды құрайды. Өз кезегінде 1,6 мың зейнетақы және жәрдемақы алушы адам қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатыр. Олардың бақылау шоттарына жіберілген зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерінің жалпы көлемі 1,2 млрд теңгені құрады", – деп хабарлады Еңбекмині.
Министрлік тағы бір тосын дәйектемені келтірді. Ол жауапты тұлғалардың, басшылардың, басқасының интернаттарда және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында (АӘҚКО) стационар жағдайында тұратын адамдардың зейнетақылары мен жәрдемақыларын жымқыру фактілері дүркін-дүркін әшкере болып қалатынын алға тартты. Демек, жемқор шенділер мен басшыларға онсыз да жем болады екен, солар тартып алады екен, оның орнына енді мемлекет тартып алсын дегені ме?
Айтқандай, бұған дейінгі енгізілген заңнамалық түзетулерге сәйкес, қарттар үйлеріндегі қарияларға зейнетақысының тек 70 пайызын төлеу талабы бекітіліпті. Енді шенділер оларды одан да айыруды көздеді.
"Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, сондай-ақ толық мемлекеттік қамтылудағы адамдарды күтуге қосарланған қаржыландыруды болдырмау мақсатында жаңа шара енгізіледі. Адамдар аталған мекемелерде болған кезеңде "АӘҚКО-ның қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына" олардың зейнетақылар мен жәрдемақылар мөлшерінің 70%-ын төлеуді алып тастау ұсынылады. Сондай-ақ, ҚАЖ мекемелеріндегі адамдардың жеке қажеттіліктеріне 30%-ын ғана төлеуді көзделеді", – деп түсіндірді Еңбекмині.
Бұл жерде тек Қазақстанда тұратын азаматтар ғана жазаланатын түрі бар. Өйткені жаңа заңнамалық түзетулерге байланысты қоғам өкілдері Қазақстан азаматтығын сақтағанымен мысалы, Ресейде тұратын азаматтарды зейнетақы мен жәрдемақыдан айыруды ұсынған еді.
"Айталық, азамат заңды негізде Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тіркеуде тұр. Алайда шын мәнінде және бұрыннан ол Ресейде тұрады. РФ-та оның өз атына ресми тіркелген баспанасы, басқа мүлкі бар. Іс жүзінде ол Қазақстанның емес, Ресейдің тұрғыны. Көрші елде жұмыс істеп, соның күшеюіне үлес қосады. Соған қарамастан, ай сайын қазақстандық зейнетақыны да шешіп алып, өз білгенінше және өзге елде жұмсайды", – деді министрлікке жүгінген Михаил Анастасияди.
"Ұсынылып отырған нормалар сіз көрсетіп отырған азаматтардың санаттарының құқығына еш қатысы болмайды", – деп жауап берді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Осылайша, uchet.kz түсіндіруінше, егер Қазақстанда тұратын, тіпті еңбек ететін қазақстандық тұрақты тіркеуге тұра алмаса, бұл олқылығын жойғанға дейін зейнетақысынан және жәрдемақысынан айрылады.
Егер азамат интернатта, қарттар үйінде немесе колонияда болса, зейнетақысының немесе жәрдемақысының 30%-ын ғана тек "жеке мұқтаждықтарын өтеу үшін" ала алады. Егер адам үйіне оралса, сонда ғана төлемі толық көлемде төлене бастайды.
Бұл жаңашылдықтар қоғамда қызу пікірталас туғызып жатыр. Соған қарамастан заң жобасын тездетіп, 2025 жылғы желтоқсанға дейін қабылдау жоспарланып отыр.
"Зейнетақы – мемлекеттің сыйлығы емес! Азамат өмір бойы мемлекетке еңбек етеді, салық төлейді, денсаулығынан айрылады. Сондай бейнетпен тапқан зейнетін қартайған шағында кез келген жағдайда көруі керек. Мен де қартайғанда бір жерде омалып отырмай, тұрақты тіркеуде болмай, үйімді сатып, қалған өмірімді саяхаттаумен өткізгім келетін шығар? Шетелдік зейнеткерлердің ешқайсысынан өз елінде тұрақты тіркеуде тұру талап етілмейді. Азаматтығы болса, жеткілікті. Тіпті көрші Ресейде жылына 1 рет тірі екеніңді дәлелдеп қойсаң, жеткілікті. Ауыл-аймақта қаңырап бос қалған үйлерді паналаған "бомж" жағдайдағы зейнеткерлер жеткілікті. Алаяққа алданып, немесе несиесін қайтара алмай, баспанасынан және тұрақты тіркеуінен айрылған зейнеткерлер көп. Енді олардың тағдыры не болады?" – деп назар аудартты қоғам белсендісі Гүлжанар Құрмашева.
Ол Қазақстан Конституциясының 28-бабында: "1. Қазақстан Республикасының азаматы жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде оған ең төменгі жалақы мен зейнетақының мөлшерінде әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі", – деп қолмен қойғандай нақты жазылғанын еске салды.
Ата заңда "бұл кепілдікті иелену үшін міндетті түрде тұрақты тіркеуге тұрсын!" деген талап жоқтығын да нұсқады. Сол себепті егер Парламент Еңбекмині әзірлеген жаңа заңды қабылдаса, қоғам белсендісі Конституциялық сотқа шағым түсіруге дайын. Немесе кез келген халықаралық сот азаматтың тұрақты тіркелу-тіркелмеуіне тәуелсіз, тиісті зейнетақы алуға құқылы екенін растайтынын ескертті.
Жалпы, мұндай тосын қадамға баруын шенеуніктер "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ-ында (МӘСҚ) қаржы қалмай бара жатқанымен түсіндіреді. Бұл қорды жұмыс істейтін қазақстандықтар жалақысы мен табысынан ұсталатын әлеуметтік аударымдар есебінен толтыратыны мәлім. Алайда халықтың табысының құлдырауы салдарынан бұл қорға аударылатын жарна да азайды.
"2024 жылы МӘСҚ-тен төленген төлемдер көлемі 958,3 миллиард теңгені құрады. Сонымен бірге әлеуметтік аударымдардан және өсімпұлдардан қорға түскен түсімдерінің жалпы көлемі 637,5 миллиард теңгені құрады. Кассалық алшақтық (разрыв) рекордтық 320 миллиард теңгеге жетті. Бұл ретте әлеуметтік төлемдерге жұмсалатын шығындардың жалпы сомасының 82%-дан астамы немесе былтыр 790 млрд теңгесі ана мен баланы қолдауға бағытталды. Соның ішінде жүктілігі және босануы бойынша әлеуметтік төлемдер, бала күтіміне жәрдемақы ретінде төленді", – деп мәлім етті Еңбекмині.
Егер жас босанған ананың тұрақты тіркеуі болмаса, онда жаңа заң қабылданған соң, олар да жәрдемақы мен әлеуметтік төлемнен қағылатын болады.
Шенеуніктер ол ананың тіпті жұмыс істеп тұрған кезде МӘСҚ-ке тұрақты түрде әлеуметтік аударым аударып отырғанын да назарға алмайды. Егер Парламент бұл заңды қабылдаса, тұрақты тіркеуінің болмауы азаматтарды жәрдемақы мен зейнетақысынан айыруға заңды негізге айналады.