Біріншіліктер сәуір айына дейін өткізілмейді

2227

Коронавирус спорт жарыстарының біршамасына шектеу қойып тастады.

Біріншіліктер сәуір айына дейін өткізілмейді

Соның ішінде көп зардап шегіп отырғаны футбол екені анық. Ең алдымен Италияның Сериа А жарысы кейінге шегерілді. Себебі, "Ювентус" қорғаушысы Даниеле Ругани осы індетке шалдығыпты.
Ендігі мәселе біріншілікті қалай тез ойнатып, аяқтау болып тұр. Ал, өткен аптада Испан Ла-лигасы алдағы 2 турды өткізбейміз деп шешім шығарды. "Реал" командасы карантинге жатқызылып, өзге клубтар да осындай режимге көшті. Осыдан соң Уефа Еуропа мен Чемпиондар лигасын тоқтатуды жөн санады. Еуропа лигасының 1/8 финалдық ойындарының ішінде "Севилья" - "Рома" мен "Интер" - "Хетафе" матчтары кейінге шегерілді. Ал "Реал", "Манчестер Сити", "Лион" командаларының ойындары қашан өтері белгісіз.
Ағылшын премьер-лигасы бірнеше матчты жанкүйерсіз өткізе бергісі келді. Бірақ көрсетілімді тек өзге елдер ғана көре алады екен. Оның үстіне "Лестер" командасының үш ойыншысы коронавируске шалдығып қалды. "Эвертон" командасы түгел карантин жариялады. Сосын ұйымдастырушылар премьер-лига, чемпионшип, лига 1 мен лига 2 жарыстарын 4-сәуір күніне дейін тоқтатып тастады. Бундеслига да 2-сәуір күніне дейін өтпейтін болды. Франция футбол федерациясы жарыстарды түгел тоқтатып, енді қашан ойнайтындарын да белгілей алмай отыр.

Ол аз болғандай енді УЕФА Еуро-2020 додасын 2021-жылы өткізсек деп ұсыныс тастады. Негізі бұл жарысқа қатысатын 4 команданың есімі әлі белгісіз. Өтпелі матч ойнауы тиіс Босния Солтүстік Ирландиямен болатын ойынды 26-наурыз күнінен кейінге шегеруді өтінді. Ал жарыстың финалдық кезеңі 12-маусым күні басталуы тиіс еді. Еурокубоктар мен құрлықтық доданың алдағы тағдыры не боларын атқамінерлер ақылдасып шешейік деп отыр. Сонымен қатар, Дания, Норвегия, Грекия, Португалия, Голландия, Хорватия, Чехия, Аустрия, Бельгия, Босния, Ирландия, Албания, Литва, Люксембург, Македония, Румыния, Сан-Марино, Словакия, Гонконг, Жапония, Иордания, Оңтүстік Корея, Таиланд секілді елдер түгел футбол біріншіліктерін кейінге шегеріп тастады.

Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы ұйымдастырып жүрген жарыстарының бәрінің уақытша тоқтатылатыны жайлы мәлімдеме жасады. Қазақстан премьер-лигасы, Қазақстан кубогы, Бірінші және екінші лига ойындары түгелімен тоқтайды. Еліміздегі төтенше жағдай күндері, яғни 16-наурыздан 15-сәуір аралығында ойындар өтпейді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу