Біртанов Назарбаев Университетіне қанша ақша беретінін хабарлады

3920

Бұл ашық бюджет саясаты аясында жария етіліп отыр.

Біртанов Назарбаев Университетіне қанша ақша беретінін хабарлады

Денсаулық сақтау министрлігі бюджетке қатысты қызықты дерек айтты.
Бюджеттік бағдарламаның аты "Назарбаев Университеті" ДБҰ-ға нысаналы салым" деп аталады. Оның орындалуына Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев жауапты болып бекітіліпті.

Қазақстан шетелге барып емделуге мәжбүр азаматтарының қатарын азайтып, оларды өз елімізде құлан-таза айықтыру міндетін қойғаны мәлім. Әйткенмен, бұл бағыттағы нәтиже көңіл көншітпей тұр. Бюджеттiк бағдарламаның түпкілікті нәтижелері де "сыпайы": ДСМ мәліметінше, шетелде емделуге зәру сырқаттарды емдеу үшін сатып алынатын жаңа технологиялардың бұрын ендірілген технологиялар санындағы үлесі 2020 жылы – 12%, 2021 жылы – 14%, 2022 жылы – 15% болмақ.

Ел қаржысы Назарбаев Университетіне қосымша білім, ғылым және ғылыми-техникалық қызмет көрсету, заманауи білім және ғылым инфрақұрылымын құру үшін берілмек.

"Бұл шығыстар жаңа медициналық, басқарушылық, ғылыми-білім беру технологияларын әкелуге және ендіруге бағытталған. 2020 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде, 2 сәуірдегі отырысында Республикалық бюджеттік комиссия бұл бюджеттік бағдарлама шығысын 58,1 миллион теңгеге азайту туралы шешім қабылдады. Сонымен бірге шығыстар 23 миллион 514 мың теңгеге ұлғайтылды: АҚШ долларының есеп айырысу бағамының 380 теңгеден 440 теңгеге дейін өзгеруіне байланысты 23 миллион 514 мың теңгеге шығыстар өсті. Осылайша, жалпы алғанда шығысы тек 34 миллион 586 мың теңгеге кемітілді", – деп түсіндірді ведомство.

Негізі, жаһандық пандемия кесірінен денсаулық сақтауға мемлекеттің қаржысы онсыз да жетпей жатыр. Биліктің бизнесмендерді үгіттеп, көмек ретінде ондаған миллиард теңге бөлгізуге көндіруі соны аңғартса керек. Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігінің Назарбаев Университетіне беретін миллиардтары бұдан бұрын да екі есеге жуық азайтылыпты. 

Мысалы, ашық бюджетте айтылғандай, былтырғы 2019 жылы НУ-ге министрлік 3 миллиард 169,9 миллион теңге салым салған екен. 

2020 жылға 1 миллиард 572,5 миллион теңге беру көзделіп отыр. Бірақ нәтиже де төмендеген: мәселен, госпитальдық ақпараттық жүйемен сүйемелденетін UMC ("University Medical Center" корпоративтік қоры) құрылымдық бөлімшелерінің саны былтыр төртке жетсе, биыл нөлге тең.

Шетелде білім алу бағдарламаларымен оқытылған мамандардың саны өткен жылы 95 адам болса, биыл небары 25 қана болмақ.

Есесіне, биыл негізгі клиникалық бағыттар бойынша жұмыс істеу үшін тартылған шетел мамандарының саны 2019 жылғы 12 адамнан 22-ге дейін көбейген. Яғни, шетелдік еңбек мигранттарының санын азайту науқаны бұл ғылым ордасына әсер етпегенге ұқсайды. 

UMC биыл бюджет қаражатына 12 жаңа технологияны енгізуге міндеттеме алады.

Жасыратыны жоқ, осы ұйымға қатысты мәселе туындап тұрады. Мысалы, кәсіпкер Самат Бұралқиев екі жыл бұрын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Алик Шпекбаевқа арыз жолдапты. Ол азамат ретінде өзін елімізде болып жатқан оқиғалар алаңдататынын жеткізді.

"Мысалы, бізде "UMC" корпоративтік қоры деген ұйым бар. Ол Республикалық диагностикалық орталық (РДЦ), Ана мен бала орталығы, Балалардың реабилитациялық орталығы, Онкология және трансплантология орталығы секілді ірі ұйымдарды басқарады. Осы UMC медициналық құрал-жабдықтарды мемлекеттік тендер өткізусіз-ақ сатып алады. Бұл ретте Назарбаев Университетінің ережелеріне бағдарланады екен. Ал онда стратегиялық серіктестерден алу көзделген. Стратегиялық серіктестер әлемдік өндірушілер болуы мүмкін. Бірақ сонымен бірге олар медициналық құрал-жабдықтарды қайта сатумен айналысатын жергілікті делдал компаниялар болуы да ықтимал. Сорақысы сол, UMC басшылығы өнімді кім жеткізетінін өз бетінше анықтайды", – дейді Самат Бұралқиев.

Оған берген жауабында Алик Жатқамбайұлы квазисектор сатып алулары агенттіктің тиісті бақылау шараларымен қамтыла алмайтынын ескертті.

"Сондықтан олардың лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі көбіне формалды сипатқа ие. Жауаптылық пен жемқорлыққа қарсы шараларды квазимемлекеттік сектордың лауазымды тұлғаларына да тарату мәселесі заң жүзінде шешімін табуы керек. Квазисектордың лауазымды тұлғаларына сатып алу ережелерін бұзғаны үшін жаза белгілеу мәселесі пысықталып жатыр", – деді агенттік басшысы.

Дегенмен, ол ұлттық заңнамаға сәйкес, аталған университеттің ұйымдары коммерциялық емес ұйымдар қатарына жататынына назар аудартты. Яғни, олардың қызметіне қатысты шешімдерді қамқоршылық кеңесі қабылдайды. Тиісінше, тауар сатып алу да қамқоршылық кеңес бекіткен ережеге сай жүзеге асырылатын көрінеді.

Ал UMC дерегінше, бұл ұйым қазіргі кезде жалпы саны 856 стационарлық төсегі бар, сондай-ақ амбулаториялық-емханалық жағдайда бір ауысымда 500 адамды қабылдау мүмкіндігіне ие 3 инновациялық медициналық орталықты біріктіреді: бұлар Республикалық диагностикалық орталық (РДО), Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы (АБҰҒО) және Балалар оңалтудың ұлттық орталығы (БОҰО).

Рас, 2017 жылы UMC қарауына Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығы беріліпті. Алайда 2019 жылдың басында бұл орталық Денсаулық сақтау министрлігінің қарауына алынған.

UMC – Назарбаев Университетінің біріктірілген академиялық денсаулық сақтау жүйесінің (NU Medicine) бір бөлігі.

Әділдік үшін оның жетістігі де жетерлік екенін айтқан жөн. Оның басшылығындағы РДО-да жылына 600 хирургиялық операция жасалады, жылына шамамен 50 мың адамның сырқаты диагностикаланады. 1,2 млн зерттеу жасалады. АБҰҒО-дан бір жылда 16 187 сырқат емделіп шыққан. 10 жылда 8 мың күрделі ота жасалған, 28 мың бала өмірге келген. БОҰО-да жыл сайын балалардың милық салдануымен ауыратын 2 400 бала, сөйлеу қабілеті бұзылған 600 бала сауықтыру курстарынан өтетіні де хабарланды. 
   
Жанат Ардақ 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу