Бірыңғай QR-код арқылы төлем жасау: Ұлттық банк жүйеге қатысты сынға жауап берді

817

19 шілдеден бастап Қазақстанда мобильді төлемдердің жаңа банкаралық жүйесі жұмыс істей бастады.  

Бірыңғай QR-код арқылы төлем жасау: Ұлттық банк жүйеге қатысты сынға жауап берді Фото: Qazaq Expert Club

Жүйе бірыңғай QR-код арқылы кез келген банктің терминалымен төлем жасауға мүмкіндік береді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жаңадан қосылған банкаралық мобильді төлем жүйесі сатып алушылар үшін тегін. Ал кәсіпкерлерден алынатын комиссия қолданыстағы заңнамаға сәйкес банк картасымен төлем қабылдау комиссиясынан жоғары болмайды.

Егер төлем әртүрлі банктер арасында жүргізілсе, комиссияның бір пайызы сатып алушының банкіне аударылады, қалған бөлігі кәсіпкерге қызмет көрсететін банкке тиесілі болады.

Ұлттық төлем корпорациясы жүйе операторы ретінде банкаралық QR төлемдері үшін банктерден небәрі 0,05 пайыз алады, ал телефон нөмірі арқылы жасалатын аударымдар үшін комиссия мүлде алынбайды. Ұлттық банк жаңа жүйе кәсіпкерлер үшін қолма-қол ақша, банк картасы және банк ішіндегі QR төлемдеріне қосымша балама екенін атап өтті.

Егер сатып алушы мен сатушының терминалына бір банк қызмет көрсетсе, тарифті сол банктің өзі белгілейді.

Егер банктер әртүрлі болса, кәсіпкер үшін комиссия былай қалыптасады:

  • 1%-ы  – сатып алушының банкіне кетеді (сатып алушының банкіне сатушының банкі төлейтін interchange банкаралық комиссиясы). Оның бір бөлігін банк клиенттерге бонус пен кэшбек түрінде қайтара алады. Яғни, комиссияның осы бөлігі бонус бағдарламаларын қаржыландырады;
  • Қалған соманы қолма-қол ақшасыз төлем қабылдағаны үшін кәсіпкерге қызмет көрсетуші банк алады.

"Банктер де кәсіпкерлік субъектісі саналатынын айта кеткен жөн. Олар инфрақұрылымын дамытып, POS-терминалдарын орнатуға және басқа да қызметтерге жұмсалатын шығындарды өзі көтереді. Осыған байланысты кез келген бәсеке ортасы секілді кәсіпкерлерге комиссия белгілейді", – деп хабарлады Ұлттық банк.

Сонымен қатар, Ұлттық Банк жаңа жүйенің жұмысы мен банктердің тариф саясатын мұқият бақылап отыр. Бұның бәрі жүйелі жұмысқа жатады және ол оңтайлы шешім шығару үшін жасалады. Бұған дейін де Ұлттық Банк халықаралық төлем жүйелерімен (Visa, Mastercard, UnionPay) және банктермен бірлесіп, екі жыл ішінде төлем карталарының барлық санатындағы банкаралық комиссияны (interchange) кезең-кезеңімен 2 есе төмендетті:

  • жалпыға ортақ карта – 1,8%-2,0%-дан 1%-ға дейін;
  • премиум карта – 2,4%-дан 1,2%-ға дейін;
  • суперпремиум карта – 2,45%-дан 1,4%-ға дейін.

17 шілдеден бері жүйе арқылы 1 миллионға жуық транзакция өңделген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу