Бірыңғай уақыт белдеуіне өтудің денсаулыққа пайдасы қандай?

1697

Биотехнолог Әмір Қуат сұхбат берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бірыңғай уақыт белдеуіне өтудің денсаулыққа пайдасы қандай? Фото: canva.com

Оның айтуынша, бұл шешім бірінші кезекте халықтың денсаулығы үшін аса маңызды.

Кеше Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері Қазақстанның бірыңғай уақыт белдеуіне өту шешімін ақпараттандыру бойынша Ақтөбе облысына барды.

Топ құрамында белгілі ғалым Әмір Қуат та бар. Ол бұл өзгеріс ел тұрғындарының белсенді жұмыс істеуіне оң әсер етеді деген пікірде. 

– Қазақстанның басым бөлігі UTC+6-да тұрып жатқандықтан олардың түн ұйқылары осы уақытқа дейін бір сағатқа қысқарып келді. Бәріміз білетіндей, адамның ұйқы уақыты регенерация өтетін кез. Сондықтан бір сағатқа регенерация қысқарып отырғандықтан елімізде онкологиялық аурулар, инсульт, инфаркт деген аурулар көбейіп кетті. Енді UTC+5-ке көшкенде олардың ұйқысы бір сағатқа ұзарады. Мен "бір сағат артық ұйықтадым" деп ауырған адамды көрген емеспін. Бұл – біріншіден. Екіншіден, регенерациялық процестер жақсы өткендіктен, адам жағдайын жақсы сезінеді. Ауырмайтын адам мемлекет экономикасына да оң ықпал етеді, – дейді ол.

Ғалымның сөзінше, еліміздің бір уақытпен жүруі пошта байланысы,  логистика, жолаушылар тасымалы мен тұтас экономикаға оң әсер етуі тиіс. Енді тұрғындар ұшақ пен пойыз билеттерін алуда бұрынғыдай уақыттан жиі қателеспейтін болады.

– Қазақстанның басқа өңірлерінен еліміздің батысына келген кезде бір сағаттық айырмашылық болғандықтан шатасып қалатындар да болады. Кейбіреуінің билеттері "күйіп" кетіп жатыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сондықтан, біздің мақсатымыз өңірлерде ақпараттық жұмыстар жүргізу, бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің шынымен де пайдалы екенін түсіндіру, – дейді ғалым.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу