Бішкекте өрбіген оқиғалар Астана мен Ташкентті алаңдатып қойды

1297

Алатаудың арғы баурайында "ұлы қайта құру" белең алды.

Бішкекте өрбіген оқиғалар Астана мен Ташкентті алаңдатып қойды Фото: ЖИ

Қырғыз еліндегі ескі билік құрылымының күйреп, саяси архитектураның күрт өзгеруі Астана мен Ташкентті елеңдетіп қойды. Көрші республикадағы "ұлы қайта құру" науқаны жай кадрлық ауыс-түйіс емес, тұтас бір дәуірдің аяқталуы мен жаңа қатал тәртіптің орнауы секілді қабылдануда. Ала-Тооның ар жағында аласапыранның басталып кетпеуіне Қазақстан мен Өзбекстан мүдделі. Орталық Азияға тұрақтылық қажет. Бірақ бұл әрине, жүйелі жаңғыруға кедергі болмағаны жөн.

Дос шетке кеткелі ахуал қалай өзгерді?

2026 жылғы 10 ақпанда Президент Садыр Жапаров пен оның ең жақын серіктесі Қамшыбек Ташиевтен тұратын саяси тандем бес-ақ жыл "өмір сүріп", ыдырады. Мемлекет басшысы досын барлық тізгіннен бір сәтте қақты: Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағалығы, Министрлер кабинеті төрағасының орынбасарлығы, тіпті генералдың сүйікті ермегі — Қырғыз футбол одағының президенттігі де ол үшін келмеске кетті.

"Үлкен" футболда генералдың ұлы мен қызы ойнайды, Ташиев елде кезінде "Барселона" академиясын ашты және жалпы қырғыз футболы үшін "крыша" саналып келді. Оның артында билікте кадрлық тазалау және арнайы қызмет органдарындағы тұлғаларды тұтқындау басталды.

Германияда емделген Ташиев елге оралған соң 3 күн өткенде Президент үнсіздігін бұзып, "Кабар" агенттігіне сұхбат берді: Ташиевтің айналасындағы ақсақалдар оны да, жоғары лауазымды тұлғаларды да жаңылыстырып, "генералдың жағына" өтуге үгіттегенін алға тартты.

"Егер мен оны қызметінен босатпағанда, бұл үндеулер мемлекеттік құрылым мен қоғамда жік тудырып, тіпті қақтығыстарға ұласуы мүмкін еді. Сондықтан досымды қызметтен кетіруге мәжбүр болдым. Мен үшін мемлекеттегі тұрақтылық бәрінен де жоғары", – деді Жапаров.

"Ақсақалдар" деп, шамасы, "мерзімінен бұрын сайлау өткізу" бастамасының авторларын меңзесе керек. Ташиевті қызметінен босатардың бір күн бұрын Президент пен Парламент спикері "шұғыл түрде жаңа Президент сайлауын өткізіңдер" деген өтініш жазылған хат алды. Оған 75 адам – бұрынғы премьер-министрлер, экс-депутаттар, қоғам қайраткерлері қол қойған. Олардың бір бөлігі көп ұзамай тергеуге шақырылды, бесеуі жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деген айыппен қамауға алынды, деп жазады Би-Би-Си Қырғыз қызметі.

Осыдан кейін Ташиев тез арада елден кетті. Бірақ бұрынғы Президент Асқар Ақаев сияқты Ресейді, экс-Президент Құрманбек Бәкиев сияқты Беларусьті паналамады, алыс шетелге ауды. Оның кетер алдында Президент "досымен" кездескені белгілі болды.

Кездесуден соң Жапаров оның енді ешқандай мемлекеттік қызмет атқармайтынын жариялады. 57 жасында "зейнетке" жіберген досқа Жапаровтың айтқан лебізінде астарлы ирония мен өкініш араласыпты.

"Ол демалсын, енді денсаулығына көңіл бөлсін. Айналасындағы ақсақалдардан арылсын, өмірінде тәртіп орнатсын. Тергеу бәрін анықтап, артын тазалайды. Әрине, ол рахмет айтпады. Бұл өкінішті. Бірақ жылдар өткен соң ол: "Досым, сен сол кезде дұрыс жасадың!" деп алғыс айтатын болады", – деді Қырғызстан лидері.

"Қос қошқардың басы бір қазанға сыймайды" дейді қазақ. Жалпы, саяси олимп шыңындағы жалғыздық – кез келген реформатордың маңдайына жазылған пешене.

Синхронды отставкалар өнері

Тандемнің күйреу дүмпуінің алапат толқыны бірден Жоғорку Кеңешке – бір палаталы парламентке жетіп, басшылығын шайып кетті. Ташиев кеткен соң 2 күн өткенде Парламенттің шыңында ауыс-түйіс жүрді. Төраға Нұрланбек Тұрғынбекұлы "саяси әдепті сақтау қажеттігін" алға тартып, отставкаға кетті. Кейін ол қатардағы қалаулы ретінде қалмады, депутаттық мандатын тапсырды. Парламенттің тізгіні 45 жастағы Марлен Маматалиевке тиді: ол өңірлік келіспеушіліктерді жоюға уәде берді.

19 ақпанда вице-спикер Кәрім Ханджеза да өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. 26 ақпанда Чынгыз Ажибаевтың Жоғорку Кеңештің бірінші вице-спикері өкілеттігінен ерікті түрде бас тартқаны белгілі болды. Бұл туралы ресми түрде депутаттың өзі емес, жаңа спикер хабарлады. Сонымен қатар, парламентте "Ата Жұрт", "Мекенчил" (екеуі де Ташиев құрған партиялар), "Ала-Тоо" депутаттық топтарының жетекшілері жаппай ауысты, бірнеше депутат мандаттарын тапсыруға мәжбүрленді.

Жаппай кадрлық өзгерістер министрлер кабинетіне де әсер етті: Көлік, Табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау министрлері қызметтерінен босатылды. Соңғысы – Қаныбек Досмамбетов ведомствоны небәрі 3 ай басқарған. Сондай-ақ, вице-премьер-ауыл шаруашылығы министрі Б.Торобаев та қызметінен айырылды. БАҚ деректеріне сәйкес, бұл тұлғалардың көбі Ташиевке жақын саналған.

Ош, Манас және басқа қала мен аудан әкімдері қызметінен қуылды. Ауыс-түйістердің себептерін Ақ үйдегілер ресми түрде түсіндірмеді. 

Заңдылықтың жаңа шекарасы

Ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубнов болып жатқан жағдайды "авторитарлық сипаттағы тазалаулар" деп сипаттады. Парламент пен үкіметтегі жаппай отставкалар – жүйенің бір қолға жинақталып жатқанының айқын симптомы дейді.

"Қазіргі қырғыз шындығы жағдайында, демократиялық институттар әлі де толық іске қосылмаған ортада, биліктегі бұл өзгерістер бір жағынан, өңірдегі жаңа қанды сілкіністердің алдын алуға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, осылайша күшейген биліктің белгілі бір азиялық абсолютизм жолына түсу қаупі пайда болуы мүмкін", – деп жазды саясаттанушы.

Ол сондай-ақ Қырғызстандағы саяси оқиғалар Астана мен Ташкентте қатты алаңдаушылық туғызғанын қосты: Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Жапаровпен телефон арқылы жеке сөйлесті.

Осыдан кейін Садыр Жапаров президенттік мерзімдеріне қатысты ережелерді түсіндіру үшін Конституциялық сотқа жүгінді. "75-тің хатында" қазіргі Мемлекет басшысының легитимді мерзімі "2026 жылғы 10 қаңтарда бітіп қалған жоқ па?" деген қоғамдағы сауалға назар аудартқан еді.

2026 жылғы 17 ақпандағы Конституциялық сот қорытындысын шығарды. Оған сәйкес, Жапаровтың қазіргі мерзімі бірінші болып есептеледі және ол тағы бір 5 жылдық мерзімге қайта сайлана алады. Осылайша, бұл мәселеге нүкте қойылды.

Келесі президенттік сайлау келесі қаңтар айының төртінші жексенбісіне, яғни, 2027 жылғы 24 қаңтарға жоспарланады. Саясаттанушылардың пікірінше, егер Қамшыбек Тәшиев президенттік додаға кандидатурасын ұсынбаса, қазіргі Президентке ірі қарсылас қалмайды.

Оның үстіне Садыр Жапаров барлық мемлекеттік қызметшілерге саясатпен айналысуына тыйым салды: бәрі қарапайым технократ болып қалып, ел басшылығының тапсырмасын орындаумен ғана шұғылдануы шарт. Бұл туралы 24.kg порталы хабарлады.

"Әрбір мемлекеттік органның, әрбір басшының жалғыз міндеті – халыққа қызмет ету! Биліктің бірде-бір тармағы саяси ойындар үшін, қысым көрсету немесе өз көзқарасын таңу үшін құрылған жоқ. Біз саяси ойындарға жол бермейміз, өйткені олар тәртіпсіздікке және халық сенімінің жоғалуына әкеледі. Бұрын мұндай саяси амбициялар мемлекеттік органдардың міндеттерімен араласып кетіп, дамуға кедергі келтіріп, институттарды күйретті. Шешімдер халық үшін емес, жекелеген топтардың мүддесі үшін қабылданды", – деді Мемлекет басшысы өзінің "Ынтымак Ордо" резиденциясындағы кеңесте.

Ол шенділердің енді тіпті саяси интригаларға қатысуға құқығы жоқ екенін және тек тікелей міндеттерімен айналысуға тиіс екенін қосты. Саясатта жүрген азаматтарға саясатпен айналысуға тыйым – саяси элитаны толықтай бір қолға бағындырудың төте жолы емес пе?

Әзірге Жапаров билікті институционалдық тұрғыдан қайта баптау бағытын жалғастыруда. Қырғызстанда Ресейде жүзеге асырылған үлгі бойынша жаңа мемлекеттік орган – Тергеу комитетін құру жоспарлануда. Бұл ниеті туралы Президент "Кабар" агенттігіне сұхбатында мәлімдеді.

Бастаманың мәні – тергеудің барлық функцияларын жаңа ведомствоға беру. Құрылым тікелей Президентке бағынатын болады деп болжануда.

Жапаровтың ойынша, мұндай конфигурация тергеулердің тәуелсіздігін арттырып, азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтеді. Әңгіме жауапкершілік пен бақылау бір институционалдық ортада шоғырланатын, неғұрлым орталықтандырылған, тиімді қылмыстық қудалау жүйесін құру талпынысы туралы болып отыр.

"Бас прокуратура және Әскери прокуратура барлық органдардың әрекеттерінің заңдылығына қадағалау жүргізеді. Неге Тергеу комитетін құру керек деп сұрасаңыз, біз болашақ пен мемлекеттің тұрақтылығы туралы ойлауымыз керек", – деп қосты қырғыз көшбасшысы.

Жаңа орган тек тергеу өкілеттіктерін ғана емес, сонымен қатар негізгі күштік құрылымдарға қадағалау функцияларын да иеленуі мүмкін. Сонда бақылау мен үйлестіру бірыңғай орталықта шоғырланады.

"Тергеу комитеті жедел қызметкерлердің, тіпті ішкі істер министрінің әкелген шикі істерін қабылдамай тастайды. Жеткілікті негізсіз іс қозғамайды. Мұндай жағдайда әділетсіздікке ұшыраған азаматтар қамауға алынбайды, бірден босатылады. Тек осылай ғана адам құқықтары 100% демейін, кем дегенде 95% сақталады. Болашақ ұрпақтың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі", – деп нықтады Жапаров.

Оның мәліметінше, жаңа ұйымға керекті ғимараттар, техника және мамандары дайындалуда. Таяуда Президент жарлығы шығуға тиіс. Содан кейін заң жобалары жазылып, қабылданады. Реформаны келесі жылы – ШЫҰ саммиті мен Көшпенділер ойындарынан кейін бастау жоспарланып отыр.

"Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті тек өзіне тән міндеттермен айналысады: барлауға, қарсы барлауға, конституциялық құрылысты қорғауға, терроризммен, экстремизммен, бандитизммен, есірткінің заңсыз айналымымен күреске және басқа да ұқсас бағыттарға жауапты болады. Ол енді экономикаға араласпайды. МҰҚК немен айналысатынын және оның қызметкері кім екенін ешкім де білмеуге тиіс. Реформадан кейін бұл бұрынғы КГБ сияқты нағыз жабық арнайы қызмет болады", – деді Қырғызстан лидері Садыр Жапаров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу