Биыл 120-ға жуық индустриялық жоба іске қосылады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
7249

Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аяқталуға жақын.

Биыл 120-ға жуық индустриялық жоба іске қосылады

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы іске асырылған 4 жылда, яғни 2015-2018 жылдар аралығында шамамен 4,9 трлн теңгеге 480 жоба іске қосылған. Сондай-ақ 44 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылған.

"Былтыр жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 10,1 пайыздан 11,6 пайызға дейін, саладағы жұмыспен қамтылғандар үлесі 6,6 пайыздан 6,9 пайызға дейін өсті. Есепті кезеңде бағдарламаның барлық мақсатты индикаторлары бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді", – деді Роман Скляр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Былтыр Индустрияландыру картасы аясында 1,3 трлн теңгеге 102 жоба іске қосылып,13,3 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылған.

"Биыл өңдеу өнеркәсібінің өсімін 104 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл үшін өндіріс көлемін арттыру және жетекші салаларда жұмыс орындарын сақтау шаралары қабылданатын болады. Жалпы сомасы 1,1 трлн теңге болатын120-ға жуық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. 20 мың тұрақты жұмыс орны құрылады", – деді Роман Скляр.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін Қарағанды облысында ферросилиция өндіретін зауыт, Алматы қаласында болат спиральды құбыр өндіретін зауыт іске қосылады.

"Машина жасауда автокөлік құралдары өндірісін 32 мың бірліктен 60 мың бірлікке дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Өнеркәсіптік кооперация аясында біз үшін Еуразиялық одақ нарықтары басымдыққа ие. Биыл Hyundai маркалы жеңіл автокөлік өндіретін зауыт құрылысын бастаймыз. "КАМАЗ" акционерлік қоғамымен бірлескен өнеркәсіп құрылады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының компоненттерін өндіретін технологияларды беретін "Кировец" зауытымен одан әрі ынтымақтасу жоспарланған", – деді министр.

Министрлік іске асыратын Қазақстан-Қытай жобалары да (жалпы сомасы 22,8 млрд долларды құрайтын 32 жоба) өңдеу өнеркәсібінің өсімін қамтамасыз етуге үлес қосады деген сенім бар. 2015 жылдан 2018 жылға дейін 295 млн АҚШ долларын құрайтын 5 жоба іске қосылды. 5 360 млн доллардың 7 жобасы іске асырылу үстінде. 2019 жылы 350 млн доллардың 3 жобасы іске қосылады деп күтілуде.

"Жалпы алғанда, индустриалды саясат үздіксіздікті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, ішкі және шетелдік нарықтарда өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыруға бағытталады. Әрбір өңдеу өнеркәсібі бәсекеге қабілетті өнім өндіруде үлкен әлеуетке ие. Мұнай-газ саласы үшін жабдықтар мен техника өндіру машина жасау драйверлерінің бірі бола алады. Қазіргі уақытта машина жасау саласының үлесі 5 пайызды құрайды", – деді Роман Скляр.

Министрдің айтуынша, Индустрияландырудың үшінші бесжылдығы аясында өңдеу өнеркәсібінің барлық саласында тиімді өндірушілерді қолдауға басымдық беріледі. Нақты көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша бизнес міндеттемелерінің орнына тікелей қолдау көрсетіледі. Бұдан бөлек, қолданыстағы және қазіргі заманғы технологиялық кәсіпорындарға бағытталған жаңа құралдар жетілдірілетін болады.

Премьер-министр Асқар Маминнің сөзінше, Индустрияландырудың үшінші бесжылдығы қазіргі заман міндеттеріне сай келуі керек.

"Атап айтқанда, машина жасау индустрияландыру драйверлерінің бірі болуға тиіс. Көлік өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы машиналарын жасауға баса назар аудару қажет. Мұнда өндірістік кооперацияның арқасында елеулі өсім күтіліп отыр. Мұнай-газ машинасын жасау саласы экономиканың өсуіне жаңадан серпін бере алатын салалардың бірі. Осы ретте, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы ірі мұнай-газ жобаларының ұлғаюының ескеріп, бұл сектордың одан әрі өсуге үлкен әлеуеті бар екенін атап өткен жөн. Мұнай-газ машинасын жасау саласы Үшінші индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының басым бағыттарының біріне айналуы қажет", – деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысының сөзінше, металлургия өнеркәсібінде, әсіресе қара металлургия сегментінде 4,7 пайыз деңгейінде тұрақты өсімді қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте Асқар Мамин "Арселор Миттал Теміртаудың" өсу қарқынының оң болғаны маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ, премьер-министр шикізаттық емес экспорт мәселелеріне ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Бұл бағытты қолдау үшін 500 млрд теңге мөлшерінде қаражат көзделген.

"Осының нәтижесінде кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін жоғарылатып қана қоймай, жалпы экономикалық өсімге қомақты үлес қосылады. Сонымен қатар, "Қарапайым заттар экономикасын" дамыту қажет. Бұл мақсатқа 600 млрд теңге мөлшерінде қаражат қарастырылған", – деді премьер-министр.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу