Биыл 5 мыңға жуық қасқырды атуға рұқсат берілді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3654

Түз тағысын атуға бөлінетін лимиттің көп бөлігі жылқылы өңірлерге тиесілі.

Биыл 5 мыңға жуық қасқырды атуға рұқсат берілді

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде Қазақстанда 13 214 қасқыр бар. Он шақты жыл бұрын олардың саны 40 мыңнан асып жығылатын. Статистика көрсетіп отырғандай, елдегі түз тағысының саны едәуір азайған.

Елімізде мемлекеттік экологиялық экспертизаның қорытындысына сәйкес, жыл сайын қасқыр атуға арнайы лимит бекітіледі. Мәселен, биыл 4 839 түз тағысын атуға рұқсат берілген. Ал 2018 жылы аңшылар 1 575 қасқырдың көзін жойған. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарлағандай, қасқыр ату жыл бойына жалғасады.

"Ел аумағында қасқыр санын реттеуге қаражат бөлінбейді. Тегін ұйымдастырылады. Қасқыр ату электронды үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызмет түрінде беріледі. Әр аңшы портал арқылы мемлекеттік қызметті алуға өтініш білдіреді. Жолданған өтініш әр облыстағы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында қарастырылады", – делінген комитеттің inbusiness.kz-тің ресми сауалына берген жауабында.

Түз тағысын ату үшін міндетті түрде аңшының аңшылық билеті, қасқыр атуға рұқсат қағазы және қару ұстауға рұқсаты болуы керек.

Қасқыр атуға бөлінетін лимиттің дені Алматы, Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарына беріледі екен. Қасқырдың жылқылы өңірде көп таралатынын жақсы білеміз. Бұл ретте, Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстары республикадағы жылқы басы көп өңірлер болып саналады. Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, Алматы облысында 313,4 мың жылқы бар. Ал Шығыс Қазақстандағы қыл құйрықтының саны – 344,5 мың. 

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің хабарлауынша, 2017-2018 жылдар аралығында қасқырды заңсыз ату дерегі бойынша заң бұзушылық тіркелмеген.

Еске сала кетейік, қасқырды рұқсатсыз атуға тыйым салынған. Түз тағысын ату маусымын жергілікті инспекторлар қадағалайды. Егер аңшы қасқырды рұқсатсыз ататын болса, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 382-бабына сәйкес, жауапкершілікке тартылады. Заңды белден басқандар 25 есептік айлық көрсеткіштен (63 125 теңге) 100 есептік айлық көрсеткішке (252 500 теңге) дейін айыппұл төлейді.

Белгілі болғандай, Қазақстанда қасқыр ату үшін бекітілген жоспар жыл сайын толықтай орындалады.

2017 жылы Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Қарағанды облыстарында қасқыр санының азаюына байланысты түз тағысын атуға мораторий жарияланған еді. Биыл бұл қатарға Батыс Қазақстан облысы да қосылды.

Ал Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында қасқыр үй жануарларына шабуыл жасаса немесе елді мекен аумағына кіріп кетсе ғана атуға рұқсат беріледі.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысы аумағында бірде-бір қасқыр тіркелмеген.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу