Биыл былтырғыдан 1 млн 360 мың тонна аз мұнай өндіріледі

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
17051

650 мың тоннаға жуық бензин профицит болуы мүмкін.

Биыл былтырғыдан 1 млн 360 мың тонна аз мұнай өндіріледі

Былтыр 87 млн тонна мұнай өндіруді көздеген Қазақстан мұнайшылары  жоспарды асыра орындап, ел тарихында бұрын болмаған тарихи көрсеткішке қол жеткізді. Нәтижесінде 90 млн 360 мың тонна мұнай игерді. Ал биыл мұнайшылар 89 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр.

Айта кетейік былтыр өндірілген мұнайдың 13,2 млн тоннасы Қашағанға, 28,6 млн тоннасы Теңізге, 2,2 млн тоннасы Қарашығанаққа тиесілі болды.

"Биыл 89 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отырмыз. Былтырғы көрсеткіштің сәл төмендеуіне кен орындарындағы өндіру көлемінің табиғи құлдырауы себеп болды", – деді энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Министрдің мәлімдеуінше, мұнай өндірісінің табиғи төмендеуін тоқтатуға ықпал ету мүмкін емес, дегенмен төмен қарқынмен өндіру көрсеткішін қалыпты жағдайда ұстап тұруға болады.  

Қанат Бозымбаев жыл басынан бері елімізде бензиннің профициті байқалып отырғанын жариялады.

"Қаңтардан бері осындай тенденция байқалуда. Шымкент мұнай өңдеу зауытының барлық резервуары толғалы тұр. Осыған орай мұнай өңдеу зауыттарының жүктемесі азайтылды. Биыл ішкі сұранысты 100%  қамтамасыз етеміз. Алдын ала жасалған болжам бойынша, 500-650 мың тоннаға дейін бензин профициті болуы мүмкін", – деді ол.

Министрлік артылған бензинді экспорттау мәселесін ойластырып қойған екен. Бұл туралы Қанат Бозымбаев: "Үкімет отырысында 2010 жылғы 9 желтоқсандағы ҚР үкіметі мен РФ үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды. Осы келісім ратификациялағаннан кейін, сенатқа мұнай өнімдерінің бөлек түрлерін реттеу мен айналымы туралы заңнама жөнелтіледі. Ал бірінші тоқсанның соңында бензин экспортын бастаймыз, сондай-ақ осы жылға жоспарлаған өңдеу көлемінің орнын толтырамыз. Менің ойымша, бұл сала мемлекеттің бақылауында болады, ал экспорт қосымша табыс алып келеді. Яғни мұнай өңдеуші зауыттар қосымша табысқа ие болады", – деді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу