Биыл ел қаржысы бұрын-соңды болмаған көлемде шығындалады

4336

Қаржы министрлігі 2024 жылғы республикалық бюджеттің егжей-тегжейін жариялады.

Биыл ел қаржысы бұрын-соңды болмаған көлемде шығындалады Фото: canva.com

Бұл жөнінен тарихи рекорд орнатылмақ.

Атап айтқанда, 2024 жылы республикалық бюджеттің шығысы 24 триллион теңгеден асады. Мұнша шығын тіпті мемлекеттің халықты қырып сала жаздаған жаһандық пандемиямен күрескен жылдары да тіркелмепті. Оның үстіне Үкімет мұнымен тұрып қалмақ емес. Шығыстар 2026 жылы 25,2 триллион теңгеге дейін арттырылады.

Осыдан заңды сауал туады. Ылан-ойран қаржы қайда жұмсалмақ?

Премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың сендірінше, республикалық бюджеттің басым бөлігі мемлекеттік және әлеуметтік міндеттемелерді толыққанды орындауға, өңірлерді дамытуға бағытталады.

Біріншіден, әлеуметтік шығындардың бюджет шығыстарындағы үлесі 40%-дан асады. Мысалы, мемлекет қазақстандықтарға зейнетақы мен жәрдемақы түрінде 5,4 триллион теңгені таратады.

Екіншіден, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, оның ішінде "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын іске асыруға 2,4 триллион теңге бөлінді. Білім беру саласын дамытуға, "Жайлы мектеп" жобасын іске асыруға 1,7 триллион теңге қарастырылған.

Үшіншіден, өңірлерді дамыту басты бір басымдық. Бұған республикалық бюджеттен 7 триллион теңге (!) шығындалады. Яғни ол жалпы бюджет шығыстарының шамамен 30%-ын құрайды. Оның ішінде 5,3 триллион теңгесі – субвенциялар, 1,7 триллион теңге – өңірлерді дамытуға бағытталған нысаналы трансферттер.

Сөйтіп, осы үш бағытқа ғана бюджеттің 70 пайызы жұмсалмақ. Білім беру, денсаулық, өңірлік және басқа жобаларға бөлінген триллиондарды жемқорлар жолай талап алып, талан-тараж етпесе игі.

Маңыздысы сол, экономиканың нақты секторын дамытуға 2,9 триллион теңге шығын етілмек. Оның ішінде кәсіпкерлікті қолдауға 1,2 триллион теңге жоспарланған.

Әйтсе де, осы ел қазынасын астатөк үлестіру кезінде елге елеусіз, қажеттілігі түсініксіз өзге де жобалар мақұлданып, қаржыға ие болды.

Қаржы министрлігі олардың тізімін жариялады. Бірақ әр жобаның не үшін қаржыландырып отырғанын, елге не пайдасы барын, жай-жапсарын айтып жатпады. Оның бүге-шігесі Мәжіліс пен Сенаттың отырыстарында да талқыланбады. Министрлер мен депутаттардың өздері ұсынды, өздері қабылдады.

Сонымен, Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы Қазақстан Парламентінің қызметін қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметтерге қосымша 850 миллион теңгедей шашылады.

Соның арқасында депутаттардың төл "автожууы", депутаттық "автозаправкі", сән-салтанатты 200 автомобиль сыятын жаңа алып гаражы пайда болады.

Ведомствоның дерегінше, Парламентке арнап, "елордадағы Е9-62 көшесі, №9 үйде орналасқан қосалқы тұрмыстық блогы мен жанармай құю станциясы бар 200 автомашинаға арналған гараж", автомашиналарға арналған автоматтандырылған жуу орнын салуға жалпы сомасы 792 миллион теңге бюджеттен алынады.

Бұдан бөлек, 2024 жылы Астана қаласындағы Мәңгілік Ел даңғылы, №4 мекенжайында орналасқан Сенат ғимараты қайта жаңартылады. Не үшін қажет бола қалғаны белгісіз, бірақ жаңғырту барысында сенаторлар үшін Сенат үйіне жапсарлас қойма салынады. Қойма 57 миллион теңгеге түсуі мүмкін.

Кеңес кезінен бері қарқынды қолданылып, әбден көнерген "Байқоңыр" космодромын "Бәйтерек" жаңа ғарыш айлағы ауыстыруға тиіс еді. Алайда одан ұшырылатын ғарыш кемелерін (Союз-5) жасауға Украинадағы соғыс пен Ресейдің санкция қыспағында қалуы кері ықпал етті.

Үкімет оның орнына басқа жоба ұсынды. Жаңа ғарыш айлағынан ғарышқа дрондар (беспилотниктер) ұшыруға болады-мыс. Осы мақсатта "Бәйтерек" ғарыштық зымыран кешенінен пилотсыз ғарыш аппараттарын ұшыру" жобасы мақұлданыпты. Дрондар "орта сыныптағы ғарыштық мақсаттағы жаңа буын зымыранының базасында" жасалмақ. Бұл жобаны бастауға биыл 14 млрд 700 млн теңге беріліп отыр.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық қызметтің бірыңғай ақпараттық жүйесін құруға 58,5 миллион теңге жұмсайды. Дегенмен, Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының докторанты Бағдагүл Жапаралина мен PhD докторы Камилла Шериязданованың зерттеуінде бұл жүйе алты жыл бұрын құрылғаны көрсетілген.

"Соңғы бірнеше жылда Қазақстанның СІМ-і киберкеңістікте қатысуын едәуір арттырды. "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасына сәйкес "2018-2020 жылдары Дипломатиялық қызметтің бірыңғай ақпараттық жүйесін" қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда: мемлекеттік қызметтер автоматтандырылды. Ахуалдық орталықтың қызметі автоматтандырылды. Халықаралық шарттардың деректер базасы құрылды. ҚР СІМ функциялары автоматтандырылды: мысалы, шетелге іссапарға жіберу процесі, консулдық рәсімдер, цифрлық құжат айналымы, дипломатиялық корпусты цифрлық аккредиттеу, инвестициялық жобалардың интерактивті картасы, кадрлық рәсімдер", – делінген былтыр жарияланған шолуда.

Жалпы, шенеуніктердің түрлі ақпараттық жүйелерді, порталдарды, сайттарды құруға деп, миллиондап, миллиардтап ақша игеруге әуестеніп алғанын бұрынғы парламенттердің депутаттары да жиі сынайтын. "Жаман әдет" күшеймесе, қалмапты. 2024 жылы Ішкі істер органдарының Жедел-қызметтік және талдамалық қызметі үшін ақпараттық кешен құруға – 1 млрд 148,7 млн, Құқықтық статистикалық ақпаратпен қамтамасыз етудің жедел жүйесін құруға – 301 млн, "Төрелік 2.0" сот органдарының автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі компоненттерін жаңғыртуға – 324,1 миллион теңге берілді.

Бұл не қылған қымбат жаңғырту екені тағы білгісіз. Салыстырсақ, мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимск ауылында 3 құрамдық сот ғимаратын салуға 672 миллион теңге жетеді деп көрсетіліпті.

Мәдениет және ақпарат министрлігіне биылғы жылы елордадағы "Есіл" ауданының "Ильинка" тұрғын алабының солтүстігіне қарай орналасқан, көне Бозоқ қалашығының археологиялық қазбаларының негізінде ашық аспан астындағы Ұлттық парктің "орта ғасыр сәулет стиліндегі қоршауын салуға" 3 млрд 891 млн теңге бағытталған.

Салыстырсақ, Астана қаласын тасқыннан қорғау үшін "апаттық су ағызғыш орнату, қорғаныш бөгетін, бұрма каналын салу" бұдан әлдеқайда арзан тұрады. Соның өзінде осы жылға қаржы табылмай, қажетті 3 млрд теңгені бөлу 2025 жылға қалдырылды.

Немесе Атырау облысының Қызылқоға ауданының "Тайсойған-Миялы" магистральды су құбырын салуға қажетті 1,4 миллиард теңге, БҚО-дағы Шаған тармағы және Көшім магистральды каналын тазартуға керек 1,09 млрд, Қызылорда облысында "Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырының Арал-Тоқабай-Абай қосу тармақтарын салу және Арал ауданының бірнеше ауылын сумен жабдықтау үшін сұралған 1,1 млрд теңге және басқа да маңызды шығындар ысырылып, келесі жылға қалдырылды.

Қазақстан Мәскеудің талабымен шекарадағы өткізу пункттерін жаңғыртуға, техникалық толық жарақтандыруға 43 млрд 276,5 мың теңге шығындайды. Өйткені Ресей қазақстандық шекаралық бекеттердің заманауи технологиялармен жете жарақтандырылмауы кесірінен Еуразиялық одақтың ортақ нарығына контрабанда көп өтеді деп мәлімдеумен келеді.

Қалай болғанда, аталған 43 миллиард теңгеден астам қаражат "Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының қазақстандық учаскесінде орналасқан өткізу пункттерін және Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Бас диспетчерлік басқармасын жаңғыртуды және техникалық жете жарақтандыруды" жалғастыруға берілді.

Мұның қаншалықты көп сома екенін салыстырудан аңғаруға болады. Қазақ елі кез келген жаудың басқыншылығын тойтаруға сақадай-сай отыруы немесе бюджетте айтылғандай, "Қазақстанның Қарулы Күштерінің жауынгерлік, жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету" үшін небәрі 22,7 млрд теңге бөлінген. Құрлық, әуе, теңіз және басқа да барлық әскер түрлерін қоса алғанда, "Қарулы Күштердің объектілерін салуға" биыл 16,9 млрд теңге ғана қарастырылыпты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу