Биыл қарбыздың бағасы қымбат

2454

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына кірмейтіндіктен, мемлекет тарапынан бағасын қадағалап, тұрақтандыруға мүмкіндік жоқ.  

Биыл қарбыздың бағасы қымбат

Бастапқыда келісі 80 теңге болған қарбызды қымбатсынған Тараз қаласының тұрғындары қазір 120-130 теңгеден сатып алуға мәжбүр. Сонда 7-8 кг бір қарбыз шамамен 1000 теңгеге пұлданады. Бұрын-соңды шаһардың бұрыш-бұрышында үйіп-төгіп қоятын қауын-қарбыз сауда нүктелері де жылдағыдай көп емес.

Бағасының тым шарықтап кетуіне байланысты көпшілік жылдағыдай бұл әуес асқа әбден қарын тойдырып, жей алмаған. Жаздың соңы жақындаса да, майда-масақ қарбыздардың өзі бағасын ұстап тұр. Қауынның келісіне 180 теңге, қарбызға 130 теңге сұрап тұрған саудагерлер бұл қымбатшылықтың себебін бақша дақылдарының тапшылығымен түсіндіреді. Жамбыл облысы аумағындағы Бостандық ауылының қауын-қарбызын сатып отырған Айдар: "Алқаптарда қарбыз-қауын жоқ, барлығы сыртқа кетіп жатыр. Егіншілерден көтерме бағамен қарбызды 80-90 теңгеден алып жүрміз. Оған жеткізу және орынға төлейтін құнды қосыңыз", – дейді ағынан жарылып.

Осылай десек те, Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев былтырға қарағанда бұл жылы бақша дақылдары көбірек егілгенін айтады. Мәселен өткен науқанда 13 945 гектарға егілсе, биыл бұл көрсеткіш 14 989 гектарға жеткен. Мұның басым көпшілігі Шу және Байзақ аудандарына тиесілі.

"Осы алқаптардан былтыр 360 мың тонна өнім шықса, биыл әзірге 333,7 мың тонна жиналған. Енді 1357 гектардың өнімі жиналады деп күтіліп отыр. Яғни, жиын-терім 90 пайызға жақындап қалды", – дейді басқарма өкілі.

Қауын-қарбыз бағасының ерекше қымбаттығын жергілікті шенеунік те мойындап отыр. Алайда қауын-қарбыз әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына кірмейтіндіктен, мемлекет тарапынан бағасын қадағалап, тұрақтандыруға мүмкіндік жоқ.

"Шаруалар жанар-жағармай материалдарын, тыңайтқыштарды әртүрлі бағада сатып алады. Сондықтан олардың шығындары мен баға саясатына араласа алмаймыз. Сауда нүктелерінде қауын-қарбыздың бағасы қымбат болса, жергілікті егіншілердің табысы мол болды деген сөз. Сондықтан бұл жағдайға біз тіпті қуанамыз", – деді ол.

Сауда-саттық заңдылығы бойынша тауар көп болса, бәсекелестік артып, сәйкесінше баға төмен болуға тиіс еді. Ал шығымы ойдағыдай бола тұра, бағасы тым қымбаттығымен қоса, өз өніміміз өзімізге қолжетімсіз болуының сыры неде? Мұны ауыл шаруашылығы мамандары экспортпен байланыстырды. Жамбыл облысының қауын-қарбызына Ресей, Қырғызстан, Украина, Германия, Литва сияқты елдерден сұраныс жоғары екен. Содан соң еліміздегі өзге өңірлер "қолқа салады". Артылғаны өзімізге молынан жететін. Ал биыл сыртқы сұраныс ерекше артып отыр-мыс. Алып-сатарлардың пайымынша, Түркістан облысында орын алған су тасқыны салдарынан егін шаруашылығы ақсап, олардың тұтынушылары Жамбылдың үлесіне өткен.

Бақша дақылдары жөнінен облыста бірінші орында тұрған Шу ауданының тауар өндірушілері қауын-қарбыз қымбаттығының себебін былай түсіндірді: "Шымкент, Ташкент аймағы қарбыз-қауынды негізгі тұтынушыларымыз – солтүстік өңірге бізден бұрын жеткізетін. Олардың өнімдері бізден бір-бір жарым ай ерте, яғни мамырда пісіп жетіліп, нарыққа шығып кетуші еді. Биыл пандемияға байланысты тура сол уақыттарда шекаралар жабылып, солтүстік жаққа оңтүстіктің қауын-қарбызы молынан жетпей қалды. Шекара мәселесі шешілген кезде, біздің дақылдарымыз да дайын болып, пайдаға кенелдік".

Шу аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бақыт Берікбаевтың айтуынша, ондағы шаруалар әу бастан қауын-қарбыз егуді мықтап қолға алған, бүгінде кемінде 40-50 шаруа қожалығы тамшылатып суғару әдісін пайдаланып отыр.

"Алқап басынан қарбызды 90-100 теңге көтерме бағамен алып кетуде. Негізі ауданда қарбыз екі кезеңмен, яғни шілденің 10-нан бастап – бір және шілденің аяғына таман екінші мәрте жиналатын. Қалғаны масақ ретінде кетеді. Ал биыл өнім көп болып, үш кезеңге жетті. Қазір масақ жинау – яғни 4-кезеңі жүріп жатыр. Оны малға беруге емес, кәдімгідей сатуға шығаруда", – дейді ол.

Әсел Мұратбекқызы


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу