Биыл Қазақстанда капитал амнистиясы жүргізілуі мүмкін

8292

Ұлттық экономика министрлігі елдегі инвестициялық ахуалды күрт жақсарту шараларын әзірлеп жатыр. 

Биыл Қазақстанда капитал амнистиясы жүргізілуі мүмкін

"Қаралы қаңтар" оқиғалары Қазақстанның беделіне дақ түсірді.

"Ресей мен Қытай арасында қысылған Қазақстан – теңізге шығар жолы жоқ әлемдегі ең ірі ел, аумағы жөнінен бүкіл Батыс Еуропадан үлкен мемлекет. Соңғы демонстрациялар үлкен маңызға ие. Өйткені бұған дейін Қазақстан тұрақсыздық жайлаған аймақта саяси және экономикалық тұрақтылықтың аралы ретінде қарастырылып келген еді", – деп жазады The New York Times.

Өз кезегінде Үкімет қолданыстағы жүйенің және инвестиция тарту саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігіне төнген қатерлер қатарына алғаш рет "Саяси тұрақсыздық кесірінен елдің инвестициялық тартымдылығының төмендеуі" қаупін қосып отыр. 

Бұған дейін Қазақстанның атауы инвесторларда саяси тұрақтылықпен үндесіп келген еді. Енді еліміздің біраз өңірін жайлаған тәртіпсіздіктер және радикалды топтардың шабуылдары республика беделіне елеулі нұқсан келтірді. Сарапшылар елден инвесторлар кетіп жатқанын айтуда. Бұл процесс бұрыннан жүруде: Tax Justice Network дерегінше, соңғы 20 жылда Қазақстаннан шамамен 140 млрд доллар капитал сыртқа кеткен. Бұл үрдіс үдеуі ғажап емес.

Сондықтан ел экономикасына инвестициялар тарту – Смайылов Үкіметінің басты, басымдықты міндеттерінің бірі болмақ.

Инвестиция тарту және Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсарту мәселесі Президент Қ. Тоқаевтың қатысуымен өтетін Үкіметтің алдағы кеңейтілген отырысында сөз болады деп күтілуде. Қалай болғанда, тиісті дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Ұлттық экономика министрлігі республиканың инвестклиматын жақсарту жолдарын қарастырып, тың тәсілдерді іздестіруде.

Оның қатарына "2022 жылы ел экономикасына қайтарылған жағдайда капиталдарға рақымшылық-амнистия жүргізу жөніндегі мәселені пысықтау" енгізілді.

Аталған іс-шараны пысықтауға Қаржы министрлігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және Ұлттық банк жұмылдырылады.

"Ел экономикасына қосымша инвестиция тарту үшін инвестицияның баламалы көздерін дамыту, экономиканы қаржыландырудағы банк секторының рөлін күшейту, МЖӘ тетіктерін трансформациялау, көлеңкелі экономиканы қысқарту бойынша шаралар қабылданады. Капиталы ел экономикасына қайтарылған жағдайда оған толық рақымшылық жасау мәселесі де пысықталады", – деп түсініктеме берді ведомство.

Амнистия жүргізу іс-шарасы "Қазақстанның 2025 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы" атты жаңа құжатқа кіріп отыр.

Тағы бір шара – олигархтардың, қазақстандық бай-бизнесмендердің, шенеуніктердің елден әкетіп, офшорларға тыққан қаражатын елге қайтару болмақ. Экономика министрлігі "редомициляция" деп атаған осы іс-шараны 2022-2023 жылдар кезеңінде жүзеге асырып, аяқтау жоспарланған екен.

Ресми мәлімет бойынша оның аясында "қазақстандық компанияларды шетелдік юрисдикциялар мен офшорлық аймақтардан "Астана" халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясына кезең-кезеңмен ауыстыру" жүзеге асырылады. Әйтпесе, басқа түгіл, тіпті біраз ұлттық компаниялар өз қаражатының бір бөлігін офшорларда ұстайтыны анықталуда. Бұл жұмыс АХҚО-ға жүктелмек.

Жалпы "қасіретті қаңтар" оқиғаларынан кейін әлеуметтік желіде Елбасының жобасы болып табылатын, әлі күнге бюджеттен миллиардтаған қаржы алып, елге масыл болып отырған АХҚО жабылатын шығар деген де болжам айтқандар болды. Шынында, орталық керісінше, күшейтілетінге ұқсайды. Атап айтқанда, билік 2023 жылға дейін Жоғарғы соттың салмақты құзыретін алып қойып, АХҚО Соты мен оның Халықаралық арбитраж орталығына (ХАО) табыстауды аяқтауға тиіс. Бұл жерде мәселе "халықаралық сипаттағы ірі инвестициялық және коммерциялық даулар бойынша істерді" беруге қатысты көрінеді. 

Смайылов Үкіметі алдына негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін ЖІӨ-ге шаққанда қазіргі 20%-дан 2025 жылы – 30%-ға дейін жеткізу міндеті қойылыпты. 2021 жылдың 9 айында Қазақстан небары 18,7 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) ғана тарта алды.

Енді ТШМ көлемін 2022 жылы – 23,9 млрд долларға, 2023 жылы – 25,1 млрд долларға, 2024 жылы – 27,6 млрд долларға, 2025 жылы – 30 млрд долларға дейін арттыру міндеті белгіленді.

Осы жолда Үкімет пен әкімдердің жұмысы қайта құрылады.

Мәселен, шенділер мен әкімқаралар шетелдік инвестормен тізе қоса жұмыс істеуге, олардың алдында өзін қалай ұстауға үйренеді, оқытудан өтеді. Осы орайда 2022 жылы "Инвестициялық саясатты іске асыру процесіне және инвесторлармен жұмыс істеуге тартылған мемлекеттік органдар мен ұйымдардың барлық қызметкерлерінің инвестицияларды тарту және ұстап қалу саласындағы кәсіби құзыреттерін арттыру" жұмысы іске асырылады.

Елге капитал құятын шетелдіктерге тіпті ұлттық заңнаманы қалыптастыру ісіне араласуға да мүмкіндік берілуі ықтимал. 2022 жылғы желтоқсанға дейін "Инвестициялық штабтың қызмет аясын кеңейту, оған инвесторлар қауымдастығының инвестициялық қызметке әсер ететін заңнамалық және нормативтік актілердің жобаларына сын-пікірлерін қарау функцияларын беруді" талқылау көзделген. АҚШ-та ірі капитал иелері Конгресс арқылы өздеріне ыңғайлы заңдарды қабылдатып алатыны мәлім. Инвестиция деген жақсы, бірақ "шетелдік инвесторлардың осындай лоббизміне, қазақ еліндегі заң шығару процесіне араласуына жол берген жөн бе?" деген сауал туады.

Шетелдік әрбір компанияның елден кетуі себебін талдау және оның негізінде анықталған проблеманы жою бойынша ұсынымдар мен жүйелі шаралар түзу ұсынылып отыр.

Инвесторларға өзімен бірге жатжұрттық мамандарды ала келуіне рұқсат етілуі ықтимал. Жаңа "инвестициялық саясат тұжырымдамасында" "әсіресе тікелей шетелдік инвестицияларға бағытталған секторларда шетелдік басқарушылық, жоғары білікті және техникалық персоналды жалдауға шектеуді азайту мәселесін қарау, шетел азаматтары үшін квотаны 50 пайызға дейін ұлғайту" жайында айтылған.

Бұдан бөлек, экономикамызға капиталын салған шетелдіктердің өзі мен жұмысшыларына ғана емес, сондай-ақ отбасы мүшелеріне де елде еркін жүруіне жол ашылмақ.

"Шетелдік іскер топтармен іскерлік байланысты кеңейту және шетелдік инвесторлардың ұтқырлығын арттыру мақсатында визалық тәртіпті одан әрі жеңілдету бойынша кешенді шаралар қабылданатын болады. Ел экономикасына инвестицияларды тарту мақсатында АХҚО құралдарына қаражатын инвестициялаған инвестор мен оның отбасы мүшелері Қазақстанның көп мәртелік визасын беруді көздейтін "инвестициялық салықтық резиденттік" бағдарламасы іске қосылады. Оны Қазақстанның салық резиденті деп тану мүмкіндігі болады", – деп түсіндірді экономика ведомствосы.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу