Қоғам белсенділері мен Парламент депутаттарының 31 желтоқсанды ресми түрде мерекелік күнге қосуды сұрап келе жатқанына көп жылдың жүзі болды. Үкімет еш илігетін емес, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қолдаушылардың дәйектемелері нық: біріншіден, көптеген елде 31 желтоқсан – демалыс күні. Екіншіден, бұл күні азаматтар жұмыс істеп жарытпайды: түнгі 12-ге дейін мерекелік дастарханды дайындап үлгеру, жаңажылдық той-думанды лайықты ұйымдастыру, кейбір кешіккен жан – сүйкімі мол сыйлық таңдап алу, сауда-саттық жасау сияқты істердің қамымен сүрлігіп жүреді.
Үшіншіден, 31 желтоқсанда көптеген қызметкер амалсыз, басшысынан ертерек сұранып кетеді. Тиісінше, біраз мекемеде түскен кейін жұмыс тоқырайды. Айтқандай, журналистер жылда осы күні Парламентте – депутаттар, министрліктерде – министрлер, әкімдіктерде – әкімдер қалмайтынын, билік орындарындағы залдар мен дәліздер негізінен бос жататынын, отырыстар өтпейтінін байқап жүр. Ендеше неге өзге халыққа да ресми түрде демалыс бермеске?
Биыл да берілмейтіні анықталды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі желтоқсанға арналған өндірістік күнтізбені бекітті және оны Egov.kz электрондық үкімет порталында жариялады.
Оған сәйкес, 2025 жылдың соңғы күні – жұмыс күні болатын болды. Биыл 31 желтоқсан сәрсенбіге сәйкес келеді.
Егер бұл күнді Үкімет демалыс еткенде, онда жылдың соңғы аптасында Қазақстан халқы екі күн ғана жұмыс істеп, ұзақ каникулға кететін еді. Өйткені көрші елдерде осылай халыққа "жаңажылдық каникул" тарту етіліп жатыр.
Олай болмаған соң, "Жаңа жыл" мерекесінде қазақстандықтар қатарынан 4 күн ғана тынығады: 1, 2, 3, 4 қаңтарда.
Оның өзінде 3-і мен 4-і – сенбі-жексенбі. Яғни, 5 күндік жұмыс аптасында істейтін азаматтар онсыз да демалатын еді. Салдарынан, ресми түрде Үкімет жұртшылыққа тек 2 жұмыс күнін ғана демалысқа айналдырып отыр.
Ары қарай 5 және 6 қаңтар – жұмыс күндері болады. 7 қаңтар – Рождество құрметіне демалыс.
Егер өзге елдердегі сияқты ҚР Еңбекмині ең құрығанда 5–6 қаңтар жұмыс күндерін басқа күндерге көшіргенде, онда Қазақстан халқы 1 қаңтардан 7 қаңтарға дейін 7 күн бойы тынығатын еді, тіпті ел ішінде немесе шетелге отбасымен саяхаттап, бойын жазып, шаттанып қалатын еді. Бірақ олай болмады.
Өндірістік күнтізбе бойынша 2025 жылғы желтоқсанда қазақстандықтар 9 күн демала алады. Оның ішінде 8-і – сенбі-жексенбі. Сондықтан 5 емес, 6 күндік жұмыс аптасымен істейтіндер алдағы айда 5 күн ғана демалады.
Оның біреуі ғана – мереке. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні сейсенбіге тұспа-тұс келеді. Сол себепті мемлекет азаттықтың құрметіне тек 1 күн демалыс ұсынып отыр.
Еске сала кетсек, дәл осы күні, 1991 жылы еліміздің бір палаталы Парламенті – Жоғарғы кеңес "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі" туралы конституциялық заңды қабылдады. Осы арқылы Қазақстан КСРО құрамынан түпкілікті шықты, бұған дейін ел аумағында қолданылып келген Кеңес одағының заңдары мен шешімдері толығымен күшін жоғалтты.
"Тәуелсіздік күні" бұрын Қазақстанның "ұлттық мереке" мәртебесі ие жалғыз мейрамы болатын. Алайда Президенттің 2022 жылғы бастамасымен "ұлттық мереке" статусы қайта жаңғыртылған "Республика күніне" берілді.
Сондықтан бүгінде "Тәуелсіздік күні" "Жаңа жыл" сияқты мемлекеттік мереке мәртебесіне ғана ие. 2025 жылы Қазақстан тәуелсіз жаңа мемлекетін құруының 34 жылдығын атап өтеді.
Еңбек министрлігі "Қазақстанда 31 желтоқсанды демалыс күні деп жариялау" туралы ұсынысты қарағанын және әлемдік тәжірибені зерттегенін жариялады. Ведомствоның өкілі Шалқар Оразбеков қарастырылған өзге елдерде 31 желтоқсанның – жұмыс күні екенін алға тартты. Тек 1–2 қаңтар ғана мерекелік дата саналады. Сондықтан Еңбекмині 31 желтоқсанды Қазақстанда да демалыс деп бекітпейді.
Шынында солай ма? Көршілерге қарайық.
Әзербайжан
Әзербайжанда 31 желтоқсан – демалыс. Әзербайжан Республикасында, сондай-ақ өзге мемлекеттердегі әзербайжан диаспорасы шоғырлана тұратын өңірлерде бұл күні "Әзербайжандардың Ынтымақ күні" атап өтіледі. Алғаш рет осы мейрамды 1991 жылғы 16 желтоқсанда ел көшбасшысы Гейдар Әлиев жариялаған болатын. Содан бері ресми тойланады.
Qafqazinfo.az мәліметінше, Әзербайжан халқы ұзақ каникулға қол жеткізуге тиіс: бұдан бұрын хабарланғандай, 7 күн бойы – 2025 жылғы 29, 30, 31 желтоқсан және 2026 жылғы 1, 2, 3, 4 қаңтар демалыс күндері болып жарияланады деп күтілуде.
Беларусь
БР Еңбекмині "күндерді көшіру кестесін" жариялап, бүкіл халықты қуанышқа бөледі. Католиктердің Рождествосына 4 күн демалыс беріліп отыр. Ары қарай ол "Жаңа жылға" және православтық Рождествоға ұласады.
"2025 жылдың соңғы айында жұмыс күндерін көшіру келесі ретпен жүзеге асырылады: 26 желтоқсан, жұма – 20 желтоқсан, сенбіге ауыстырады. Нәтижесінде, 25 (бейсенбі), 26 (жұма), 27 (сенбі) және 28 (жексенбі) желтоқсан – 4 күн бойы Беларусте демалыс күндері болады. Ұйымдарға жұмыс пен өндірісінің ерекшелігін ескере отырып, жұмыс күндерін басқа тәртіппен, өз қалауынша көшіру құқығы беріледі", – деп мәлімдеді БР Еңбекмині.
Осылайша, беларустік жұмыс берушілерге 31 желтоқсанды да демалыс етуге рұқсат етілді.
"2026 жылғы күнтізбе Беларусте тынығудың ұзаққа созылатын бірнеше кезеңін уәде етеді. Жұмыс күндерін көшіру арқасында беларустер ұзақ жаңажылдық мерекеге, сондай-ақ көктемде – бірнеше күндік мини-каникулдарға қол жеткізді. Нақтылағанда, 18–21 сәуір – Радуница мейрамына орай демалыс. 1 мамыр – Еңбек мерекесіне орай 3 күндік демалыс. Жаңа жылды да ұзақ демалыспен қарсы аламыз. Жаңажылдық мейрам 1, 2, 3 және 4 қаңтарға ұзайды. Содан соң 7 қаңтар – православтық Рождество да демалыс. Мұндай кесте азаматтарымызға жұмыс ырғағына қалыппен кіруге мүмкіндік береді", – деп мәлім етті zorkanews.by.
Ресей
Солтүстік көршінің жұмысшыларын әлемде жоқ ұзақ каникул күтіп тұр. Биылғы жаңажылдық мерекеде ресейліктер 12 күн бойы демалады.
"Белгілі болғанындай, демалыс күндері 3 қаңтар, сенбіден – 9 қаңтар, жұмаға, ал, 4 қаңтар, жексенбіден – 31 желтоқсан, бейсенбіге көшірілді. Яғни, осы күндер демалыс болады. Қорытындысында Ресей тұрғындары "Жаңа жылда" 12 күн бойы тынығады. Нақтылағанда, 31 желтоқсаннан бастап, 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11 қаңтар күндері демалыс болып жарияланды. Күнтізбеңізде белгілеп, сағатыңыз бен смартфоныңыздың оятқышын қосып қойыңыз: ұзақ думанның әсерінен жаңа жылдағы алғашқы жұмыс күнін өткізіп алмаңыз!", – деп ескертті eldorado.ru.
Солтүстік көрші қалайша ұзақ демалады? "Жаңа жыл" мейрамына арналған демалыстардың мұнша көп күнге созылуы 2013 жылдан басталды. Бұған дейін, 1992 жылдан бері тек 1 және 2 қаңтар ғана жұмыс емес күндер болып саналды.
Артынан, 2005 жылы халықтың сұрауымен Үкімет жаңажылдық каникулды 1–5 қаңтар күндеріне дейін созды. Ал, 2013 жылдан бастап, Жаңа жылдың 5 күніне Рождество тойланатын 6–8 қаңтар күндері қосылды.
Қырғызстан
Қырғызстанда да жұмыс берушілер 31 желтоқсанда жұмыстан жұмысшыларының қолын босатады. Қырғыз республикасының Еңбек министрлігі осыған рұқсат етті. Тек мемлекеттік органдар, бюджеттік мекемелер, шұғыл қызметтер істейді. Тиісінше, Алатаудың арғы баурайындағы ағайындардың өндірістік күнтізбесінде 2025 жылғы 31 желтоқсан – демалыс күні ретінде көрсетілген.
"Бұдан бөлек, 2026 жылғы 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7 қаңтар күндері Қырғызстанда жұмыс емес мерекелік күндері болып белгіленді. Мұндағы 1–6 қаңтар – жаңажылдық каникул, 7 қаңтар – православтық Рождество", – деп хабарлады trud.kg порталы.
Қорыта айтқанда, қырғызстандықтар да жаңажылдық мейрамда 8 күнге дейін алаңсыз тыныға алады.
Салдарынан, жаңажылдық мерекеге орай сәнденіп, бой-басын түзеуге, не берекелі дастархан жаюға, не сыйлық алып, қонаққа барып, туған-туыс, дос-жаранын қуантуға уақыты жетпей, жабырқайтыны жалғыз қазақстандықтар болғалы тұр.