Биыл Павлодардың қанша шақырым жолы жөнделеді?

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
14733

Осы жылы облыс орталығындағы асфальт "көрмеген" көшелерді де өзгеріс күтіп тұр.  

Биыл Павлодардың қанша шақырым жолы жөнделеді?

Ресми деректерге сүйенсек, биыл Павлодар облысы бойынша 395,4 шақырым жол жөнделмек. Жалпы, автокөлік жолдарына қатысты 24 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобалардың бесеуі облыстық маңыздағы жолдарға қатысты.

Осы жылы ұзындығы 91,2 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар жолдар ретке келтіріледі. Ал жөнделеді деп жоспарланып отырған аудандық маңыздағы жолдардың жалпы ұзындығы 268,24 шақырымға тең. Яғни, жалпы жобалар санының 19-ы аудандық маңызға ие.

Мәселен, жыл соңына дейін жергілікті маңыздағы "Майқайың – Екібастұз" жолының 23-29 шақырымдары, "Чернорецк – Ольгино – Успенка – Шарбақты" жолының 25-37 шақырымдары, "Ертіс – Ертіс бекеті" жолының 38-40, 63-67 және 62-63 шақырымдары қайта жаңартылмақ.

Бұдан бөлек, осы жылы "Ақсу ауылы – Ленинский ауылы" жолы, "Шиқылдақ ауылына кіреберіс жол", "Шиқылдақ – Жарсор көлі" жолы, "Торайғыр ауылына кіреберіс жол", "Чернорецк – Ольгино – Успенка – Шарбақты", "Башмачное – Озерное", "Кузьмино - Лесное", "Песчаное - Львовка", "Ефремовка - Луганск" жолдары, "Аққу – Қазы – Майқарағай", "Жаңа жұлдыз – Петропавловка", "Шарбақты – Галкино – Мақпал" жолдары, "Екібастұз қаласы әуежайына кіреберіс жол", "KS ZL-1 Башмачное - Озерное", "Ақтоғай - Харьковка", "KS KM-1 Қызыл Октябрь - Жаңа Ақшиман" және "Шақат - Восточное - Шалдай" жолдары орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылмақ.  

Еске сала кетейік, Павлодар облысындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 942 шақырымды құрайды. Аталмыш жолдардың 82,6%-ы жақсы және қанағаттандырарлық жағдайда.

2019 жылы аталған көрсеткіш бойынша өңірлер арасындағы рейтингте Павлодар облысы Маңғыстау және Жамбыл өңірлерінен кейінгі 3 орынға жайғасқан-ды. 2020 жылғы қорытындыларға сәйкес, жүргізілетін жол жөндеу жұмыстарының нәтижесінде өңірдегі жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 85%-ға жетеді деп күтілуде.

Өткен аптада журналистермен болған баспасөз мәслихатына қатысқан Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов облыс орталығындағы асфальт "көрмеген" көшелер жөнделетінін айтқан еді. Бұл ретте, Павлодар қаласында жалпы ұзындығы 50 шақырым болатын 60 көше асфальтталады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу