Биыл Түркістанға жаңа мәртебе беріледі

8292

Билік өңірдің имиджін жақсартуға кірісті.

Биыл Түркістанға жаңа мәртебе беріледі Фото: canva.com

2022 жылдың 27 қыркүйегінде Түркістан облысының жұртшылығымен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруді" жүктеп, мұны "ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті" деп белгіледі. Содан 2023 жылғы 17 маусымда Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын Түркістан қаласында өткізіп, сондағы сөзінде өңірді "қазақтың рухани астанасына" айналдыру бастамасын қайталады.

Ұлттық экономика министрлігі сол маусым айында "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" жеке заңның жобасын әзірлеп, шұғыл түрде қоғамдық талқылауға шығарды.

Бұл құжат қысқа ғана болды. Көлемі небәрі 7 беттен сәл асады. Ең басты бабында "Түркістан қаласы – Қазақстан Республикасының рухани және тарихи астанасы" деп жазылды.

Мұны естіп, ел дүрлікті. Әлеуметтік желі "Қазақстанның астанасы Түркістанға көшіріледі екен" деген әңгімеге толды. Облыс орталығында пәтер бағасы шарықтады. Кейбір азамат дағдарыс заманында астананы көшіріп, тағы шамадан тыс шығындалуға қарсылығын ашық айтты.

Жоба жұрттың қатаң сынына маңдай соққаннан кейін Ұлттық экономика министрлігіне құжатты қайта пысықтауға тура келді. Сөйтіп, былтырғы 2 тамызда қоғам назарына ұсынылған "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заң жобасының жаңа нұсқасынан "астана" сөзі алып тасталды.

Оның орнына жаңа жобаға сәйкес, "Түркістан облысы – Қазақстан Республикасының рухани және тарихи орталығы ерекше мәртебесіне ие" болады. Ал Түркістан қаласы – соның "әкімшілік орталығы болып табылады".

Бірақ содан кейін құжат "хабар-ошарсыз" кеткен. Енді мәлім болғандай, мәселе күн тәртібінен алып тасталмапты, содан бері заңды әзірлеушілер оны қайта пысықтап шыққан. Нәтижесінде, оның бір заң емес, тұтас заңдар топтамасына айналатыны анықталды.

Яғни, жоғарыда аталған негізгі заң жобасы сыртында, "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ілеспе заң жобасы да дайындалды.

Құжаттар таяуда Парламентке енгізіледі деп күтілуде. Қабылдану мерзімі ретінде 2024 жыл көрсетілген. Демек, Түркістан бейресми мәдени астанадан заң жүзінде мәртебесі бекітілген "Қазақстан Республикасының рухани және тарихи орталығына" айналуы мүмкін.

Бұл заңнамалық түзетулер топтамасы Жер кодексіне, "ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы", "ҚР туристік қызмет туралы" заңдарға өзгерістер енгізеді.

Саясаттанушы Зейін Сабырқұлов Түркістанды шын мәнінде астана ету туралы бастамалар салмақты талқыланғанын айтады.

"Дәйектемелер де байсалды болды. Ең бастысы, Түркістан сонау Есім ханнан бастау алып, XІV-ХVIIІ ғасырларда Қазақ хандығының астанасы болды ғой. Сондай-ақ өңірдің қос алпауыттан да алыс жатқаны алға тартылды. Мысалы, Ресейдің Омбы облысынан Астанаға дейін небәрі 550 шақырым ғана. Түркістан болса, Ресейден 2 мың шақырымдай алыс қонған. Ол Қытайдан да шалғайда. "Егер астананы Түркістанға көшірсек, Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасымыз тіптен беки түседі" деген дәйектеме де айтылды. Бірақ бұл ұсыныстар ел басшылығы тарапынан қолдау таппаған көрінеді", – деді саясаттанушы.

Ол қазақстандықтар арасында жүргізілген бейресми сауалнама жұртшылықтың астананы орталықтан оңтүстікке көшіру идеясын құптамайтынын көрсеткеніне назар аудартты. Оның үстіне Түркістанның Қазақстанның өзге облыс орталықтарынан да алыс жатқаны ескерілген.  

Бұдан бөлек, Түркістан облысы – республикадағы №1 дотациялық өңір. Оның бюджеті толықтай республикалық бюджет трансферттеріне тәуелді. Мәселен, республикалық бюджеттен 2024 жылы Түркістан облысына – 1 триллион 1,6 миллион теңге бөлініп отыр. Мұнша субвенция 20 өңірдің бірде-біріне тимеген. Салыстырсақ, бұл Ұлытау облысына берілген (51 млрд 803,9 млн теңге) дотациядан 19,3 есе көп.

Сондықтан аталған заң жобаларын Парламентке енгізбес бұрын билік Түркістан облысының имиджін жақсарту шараларын қолға алды. Бұл ретте өңірдің мақтана айтар жетістігі жеткілікті екен. Алдын ала есеп бойынша, 2023 жылы облыстың жалпы өңірлік өнімі 3,8 триллион теңгеге жеткен. Ал ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 1,1 триллион теңгені құраған. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр екен.

Саланы әртараптандыру нәтижесінде 3,3 миллион тонна көкөніс, бақша өнімдері жиналды. Бұл – рекордтық көрсеткіш көрінеді.

Түркістан облысының "ет экспорты бойынша да республикада көш бастағаны" жарияланды. Түркістан өңірі ауыл шаруашылығының дамуы бойынша алдыңғы қатарда. Тіпті ұлттық спортты дамыту бойынша аймақтардың рейтингі түзіліп, онда "Түркістан облысы көш бастады".

Яғни, баспасөз конференцияларындағы баяндамалардың, ақпарат құралдарындағы сұхбаттар мен жарияланымдардың, қоғамдық пікір көшбасшылары мен блогерлердің посттары тақырыбының темірқазығы, лейтмотиві "Түркістан Қазақстан өңірлерінің көшін бастап тұр" болды.

Арман Давлетияровтың блиц сауалнамасына жауап берген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шаһардың биік мәртебеге лайық екенін білдірді.

"Біріншіден, бізде халық саны өте көп. Міне, сол халқыммен мақтанамын. Бізде ең көп тұрғын, яғни 2,2 млн халық бар. Екіншіден, біз – халықтың дәстүрін сақтап қалған өңірдің біріміз. Түркістан – Орталық Азиядағы терең тарихы бар, ең көне қалалардың бірі. Бұл жерде қазақ халқының тарихын шешетін көптеген тарихи шешім қабылданған. Қазақ хандарының ордасы болған. Хандар осы жерде жерленіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі де осында орналасқан. Олардың барлығы текті адамдар болған", – деді аймақ басшысы.

Айтпақшы, Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Түркістанды қазақ елінің жаңа "тарихи-рухани ордасы" ететін заң жобасы қабылданған соң тиісті мемлекеттік органдардың, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен түрлі конференциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізу жоспарлануда. Оларда биліктің бұл шешімінің маңызы жұртшылыққа түсіндіріледі.

"Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани астанасы ретінде дамытылып, көптеген туристік және мәдени нысандар салынады. Сол арқылы 2025 жылға қарай туристер саны 2,5 миллион адамға дейін артады. Орналастыру нысандарына, қонақүйлерге келушілер саны жыл сайын  11%-ға өсіп отырады. Түркістан қаласын дамытудың Бас жоспарының тұжырымдамасына сәйкес, қала халқының саны 2035 жылы 350 мың адамға, 2050 жылға қарай 500 мың адамға жетеді деп болжануда", – делінген министрліктің түсініктемесінде.

Ресми мәліметке сәйкес, 2023 жылғы жағдай бойынша Түркістан қаласы тұрғындарының саны 220,5 мың адамды құрады.

Заңнамалық түзетулер қалаға жаңа мәртебемен бірге, Түркістан қаласының мәслихаты мен әкімдігіне қосымша функциялар және құзырлар беруді қарастырады.

Мысалға, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғауды, туризмді және басқасын орталық меморгандар деңгейінен тікелей Түркістан облысы және Түркістан қаласы мәслихаты мен әкімдігінің қарамағына беру көзделеді. Абаттандыру, сәулеттік келбетті қалыптастыру, қолөнер, ішкі туризм, басқа салалардағы шығындарды өтеу және субсидиялау жөніндегі әртүрлі қағидаларды әзірлеу, келісу және бекіту, сондай-ақ жер қатынастары, сәулет, қала құрылысы қызметі саласындағы өкілеттіктерге қатысты өзгерістер пысықталған.

Сол арқылы біріншіден, әкімдік пен жергілікті депутаттардың "түпкілікті нәтижеге жетуі үшін" жауапкершілігі арттырылады. Екіншіден, туындаған мәселелерді жедел шешуіне мүмкіндік береді, үшіншіден, бюрократиялық кедергілерді азайтады. Яғни, Түркістан астана болмағанымен, Астанаға көп жалтақтамайтын болады, қаржылық, экономикалық тұрғыдан едәуір тәуелсіз болады.

Жаңа мәртебе жаңа жауапкершілік арқалатады. Соның ішінде қаладағы жаңа және ескі ғимараттар тарихи-рухани орталық атына заты сай болуға тиіс. Сондықтан Түркістанда ғимараттардың биіктігіне, қабаттарының санына қатысты шектеулер енгізілмек. Құрылыс компаниялары нысандарды белгілі бір материалдардан салуға, шығыс стилі сияқты дизайн элементтерін қолдануға міндеттелуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу