Биыл жоспардан артық мұнай өндіріледі

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
17251

2017 жылы өндіріледі деп болжанған мұнай 81 млн тоннаға дейін артты.

Биыл жоспардан артық мұнай өндіріледі Фото: reuters.com

Энергетика министрлігі мұнай өндіруге қатысты жасаған болжамын қайта қарап, оны алдында болжанған 79,5 млн тоннадан 81 млн тоннаға дейін арттырды. Бұл туралы үкімет отырысында энергетика министрі мәлімдеді.

"Мұнай көлемінің нақты индексін 81 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл Қашағаннан – 5 млн тонна, Теңізден – 27,5 млн тонна және Қарашығанақтан – 11,8 млн тонна өндіру есебінен алынды. Алғашқы жартыжылдықта 4,7 млн тонна мұнай өндіру жоспарланып отыр", – дейді ол.

Газ өндірісі көлемі 3,6%-ға артып, шамамен 48 млрд кубометр болады. Сонымен бірге алғашқы жартыжылдықта 24,5 млрд куб метр газ өндіріледі деп жоспарланып отыр.

Көмір 2016 жылға қарағанда 2%-ға артық өндіріліп, 100 млн тоннаға дейін жетеді, оның 40,5 млн тоннасы алғашқы жартыжылдықта өндіріледі де, 5 млн тоннасы экспортқа шығарылады деп жоспарланып отыр.

"Сонымен бірге міндеттерді тауар түрінде орындау ережесін бекіту жоспарланып отыр. Бұл Қазақстанның Қашаған кен орнының өнімін бөлу жөніндегі үлесін сатудан бюджетке түсетін түсім үшін механизм әзірлеуге, сонымен бірге Солтүстік Каспий өнімін бөлу туралы келісімге қатысты үлесін Қазақстан Республикасы атынан алушыны анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге Ресей Федерациясынан Қытайға тасымалданатын мұнайды арттыру мәселесін талқылау жоспарланып отыр", – дейді министр.

Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық келісіміне өзгеріс енгізу туралы хаттама жобасын келісу жоспарланып отыр.

"Бұл екі елдің энергетика министрліктеріне мұнай өнімдері тізімін реттеу құзыретін беруге мүмкіндік береді. Электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін электр энергиясымен қамтитын кәсіпорындарды ірілендіру мәселесін анықтап алу шарасы қабылданады. Парламентте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергиясы мәселесі бойынша өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" заң жобасы әзірленеді. Сондай-ақ жылу электр стансалары мен гидро электростансалар үшін электр энергиясының шекті тарифтерін азайту шаралары қабылданады", – дейді Қанат Бозымбаев.

Сонымен бірге министр елдегі белгілі Аи-92/93 бензиннің бөлшек бағасының біршама артуына қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұған теңгенің рубльге шаққандағы бағамының өзгеруі себеп болып отыр. Елдегі үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмысы 2017 жылы аяқталады деп күтіліп отырғандықтан жоғары октанды бензиннің шамамен 30-40%-ы көршілес Ресейден сатып алынады.

"Бензиннің қымбаттауына бір себеп болған жағдай – екі апта бұрын импорттық бензин сатып алғандағы теңгенің рубльге шаққандағы бағамының өзгеруі. Осыған сәйкес бензин бағасы қымбаттады", – дейді министр журналистерге.

Сондай-ақ министр былтыр теңгенің рубльге шаққандағы бағамының түсуіне мысал келтіріп кетті.

"Жалпы өткен жылы теңгенің рубльге шаққандағы бағамы 20%-ға әлсірегенін білесіздер. Рубльмен есептегенде баға қатты көтерілмейді, алайда теңгеге ауыстырғанда тұтынушы үшін қымбат болып шығады", – дейді ол.

Сондай-ақ министр жанармай тапшылығы "жоқ және болмайды" деп сендірді.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу