Биылдан бастап...

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
3714

Әйелдердің зейнетке шығу жасы кезең-кезеңмен ұзарып, педофилдерге химиялық кастрация жасалады.

Биылдан бастап...

Өткен жылдың 4 желтоқсанында мемлекет басшысы "2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасына қол қойды. Аталмыш құжатқа сәйкес, биылдан бастап қазақстандықтардың зейнетақысы өсті. Қаңтар айының 1 жұлдызынан еліміздегі ең төменгі зейнетақы 33 745, ал базалық зейнетақы 15 274 теңгені құрайтын болды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың мәлімдеуінше, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы  тағайындау әдістемесі тағы өзгереді және ол 2020 жылға қарай толық  қалыптасады.

"1998 жылдан бері  мемлекет дәл осы жылдың 1 қаңтарынан жұмыс өтілі бар азаматтарға ынтымақты зейнетақы төлеп келеді. Ал 2005 жылдан базалық зейнетақы төленуде. Бұл төлемдер базалық деңгейді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар 1998 жылдан барлық қазақстандықтар жалақысының 10%-ын жинақтаушы зейнетақы қорына аударуда. Үшінші деңгей бұл әр жұмыскері үшін 2020 жылдан бастап міндетті 5% жарна аударатын жұмыс берушілер. Осылайша жүйемізде қаржыландырудың 3 көзі болады және ол әртараптандырылады. Әлемдік тәжірибеден байқағанымыздай, бірнеше деңгейлі жүйе орнықты болады  және көңілге қонымды зейнетақы алуға мүмкіндік береді", – деді министр.

Биылдан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы кезең-кезеңмен ұзарады. 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін 58 жасқа келіп, зейнетке шығып үлгермеген әйелдер енді зейнетке 58,5 жаста шығады. Осылайша 2027 жылға дейін әйелдердің зейнетке шығу жасы 6 ай кейін шегеріліп отырып, ақырында 63 жасқа жетеді. Сөйтіп әйелдер зейнетке ерлермен бірдей шығатын болады.

Ұмытпасаңыздар, осыдан 5 жыл бұрын әйелдердің зейнет жасын ұлғайту бастамасына қатысты шу шыққан. Сол кездегі министр Серік Әбденовті бұқара халық түтіп жей жаздаған. Іс насырға шапқан соң, президент пәрмен етіп, заң жобасы қайта қаралған. Осылайша қазіргідей амал ойлап табылған.

Жасыратыны жоқ, еліміздегі бірде-бір әйел зейнетке 63 жаста шыққысы келмейді. Осы орайда әйелдердің зейнетке шығу жасының ұлғаюы жеңілдігі бар аналарды айналып өтеді. Бұл 1949 жылдың 29 тамызынан 1963 жылдың 5 шілдесіне дейінгі аралықта радиациялық қауіпті аймақта тұрған әйелдер 45, бес және одан да көп бала туған немесе асырап алған  және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген  әйелдер 53 және зейнетақы аннуитетін иеленуген әйелдер 50 жаста зейнет демалысына шыға алады деген сөз.

Соңғы мәселені нақтылай кетейік, әйел адам 50 жасында зейнетке шығуы үшін, зейнетақы қорына 12 млн теңге жинап үлгеруі керек.

Ит жылы темекі құнына да әсер етті. Өткен жылы 25 қыркүйекте "Фильтрлі темекінің бөлшек саудадағы минималды бағасын бекіту туралы" қаулыға Қазақстан Республикасы Үкіметінің өзгеріс енгізу туралы" №587 қаулысы бекітілді. Соған сәйкес Қазақстанда фильтрлі және фильтрсіз 20 тал темекінің, папиростың ең минималды бөлшектік бағасы белгіленді. Нәтижесінде бір қорап темекі 2018 жылдың 1 қаңтарынан 2018 жылдың 30 маусымына дейін – 340, 2018 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін – 360, ал 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 380 теңгеге саудаланатын болды.

Биылдан бастап педофилдерге химиялық кастрация жасалады. Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің бөлім бастығы Әсет Оспановтың сөзінше, педофилдерге қатысты қылмыстық істі тергеу барысында сот-психиатрлық сараптама тағайындалып, адамның ауытқулары бойынша қорытынды жасалады. Осы дәйектемелер аясында сот айыпты адамға қатысты химиялық кастрация жасайды.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться