Осыған дейін егін шаруашылығына күш жұмсап келген билік енді төрт түліктің жайын қамдауды тиімді санаған екен. Ал бұл жұмысты іске асыруға саланың әлеуеті жете ме?
Былтыр халықты толғантқан бір мәселе болғаны есте. Ел аумағында аяқ асты ет қымбаттап, тұтынушылар аздап дүрлігіп алды. Үкімет осы жылды мал шаруашылығына арнап, ет бағасын реттегісі келетінге ұқсайды. Шаруаларды қолдау үшін "Игілік" деп аталатын ауқымды бағдарламаны іске қосқалы жатыр екен. Дұрыс-ақ бастама, ал осыған дейін саланың ахуалы қандай болғанын бір шолып көрейік.
36 жыл бұрынғы көрсеткішке енді жеттік
Әуелі жағдайды бағамдау үшін елдегі мал санына үңілуге тура келеді. Тәуелсіздік алмастан бұрын, сонау 1990 жылы Қазақстан аумағында ірі қара малдың саны 9,7 млн болыпты. Кеңес дәуірінің іргесі құлап, шағын шаруашылықтар жекеменшік қолға өткеннен кейін, арада алты-ақ жыл өткенде, 1996 жылы ірі қара мал саны екі еседен астам құлдырап, 4,333 млн болып қалған. 2009 жылы сәл көтеріліп, 6 миллионға жетсе, 2020 жылы 7,85 млн болды. Ал 2025 жылдың қарашасында ірі қара мал саны 8,3 миллионға барды. Сонда 36 жыл бұрынғы көрсеткішке енді ғана таяғанымыз көрінеді.
Жалпы, ірі қара ғана емес, басқа мал түрлеріндегі жағдай да осыған ұқсас. Елімізде 1990 жылы 1,626 млн жылқы тіркелген. 1998-2001 жылдар аралығында жылқы саны төмендеп, 900 мыңның шамасында болды. Тек 2015 жылы серпіліп, 2 миллионға барды. 2020 жылы 3,1 млн басқа жеткізді. Қазір 4,4 миллионнан асып барады.
1990 жылы республикада тіркелген ұсақ мал саны – 35,6 млн. Тура 5 жылдан кейін бұл көрсеткіш 19,6 млн басқа азайған. 1998-2000 жылдары тіпті құлдырап, қой мен ешкі саны 900 мың шамасында тұрды. Ал 2020 жылы 20 миллионға жетті. Әйтеуір қазір қойдың өзі 19,6 млн бастан асып, көңіл көншітті.
Тәуелсіздік жылдарынан бері кенже қалған саланың бірі түйе шаруашылығы болып келген еді. Статистикалық мәлімет бойынша, 1990 жылы бар-жоғы 143 мың түйе тіркеліпті. 30 жыл бойы түйе саны айтарлықтай кеміген де не өскен де жоқ. 2020 жылы елде 200 мың түйе тіркелді, ал қазір 300 мың бастан асты.
Бақасын айтпағанда, сонау 1990 жылдан бері Қазақстанда шошқа саны да көп болған. Қанша жерден жиіркене қарасақ та, шаруашылық үшін ол табыс көзі екенін жасыра алмаймыз. 1990 жылы елде 3,223 млн шошқа болса, 1997-1999 жылдары 900 мыңға азайды. Кейіннен шошқаға қатысты есептер көп көрсетілмей кетті. Шамасы, тұтынушы аз болғаны себеп.
Айтпақшы, бұл сандар көп өтпей өзгеруі мүмкін. Себебі былтыр ғана Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтті. Оның толық нәтижесі биыл жарияланбақ.
Ет экспорты табысты болды ма?
Мейлі, малдың санын көбейтіп жатырмыз, бірақ оның пайдасын қаншалықты көріп отырмыз? Қазақстан былтыр 11 айда барлық мал түрінің етін қосқанда сыртқа 1 млн тоннадан сәл асатын өнім экспорттапты. Алдыңғы жылмен салыстырғанда бар болғаны 3 пайыз ғана өсім бар. Ең көп экспортталған сиыр еті – 358,8 мың тонна. Одан кейін қой еті (111,8 мың тонна) мен жылқы еті (146,8) тұр.
Ал Үкімет былтыр 11 айдағы мал шаруашылығында өндірілген өнімнің ақшалай көлемін 3,3 трлн теңгеге жетті деп жариялады. Көрсеткішті аз немесе жақсы деп кесіп айта алмаймыз, алайда жұмыс жүйелі жүрсе Қазақстан секілді аумағы кең ел бұдан бірнеше есе көп деңгейге жете алатынын болжаймыз.
Үкіметтің осы бастамасынан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі былтырдан бастап 2026-2030 жылдарға арналған бағдарлама әзірлеп жатыр. Жұмыс тобы құрылып, құрамына ғалымдар, бизнес өкілдері және мемлекеттік органдар тартылыпты. Сол жұмыс тобы есептей келе салаға 740 млрд теңге қаржы керек екенін анықтаған.
Былтыр ведомство мал бордақылау алаңдарының айналым қаражатын толықтыруға 50 млрд теңге қарастырып, 5 пайыздық несиемен үлестіре бастады. Ал оған дейін шаруалар бұл қарызды 23 пайызбен алып жүрген.
Дегенмен мал шаруашылығы тек фермерлердің жұмысынан ғана тұрмайтыны анық. Халқымыздың жартысына жуығы әлі де ауылда өмір сүреді. Көбі қолында мал ұстайды. Бірақ ауылдағы жұрттың жайылымға қатысты шағымы әлі де көп.
Бағамдап қарасақ, Қазақстанда 180 млн гектар жайылым бар. Бірақ соның 45 пайызы ғана, яғни, жартысына жетпейтін 82 млн гектары қолданыста. Ал басым бөлігін ел игілігіне жарата алмай отыр. Сондықтан мал шаруашылығын дамыту тек қаржылай қолдаумен бітпейтінін ұмытпаған абзал.