Біз қырғызға неге көмектесудеміз?

4484

Қазақстан Алатаудың ар жағындағы "айыр қалпақты" ағайындарға 100 млн доллар көмек беретін болды.

Біз қырғызға неге көмектесудеміз?

Мәжіліс өзінің жалпы отырысында Қырғызстанға көмек көрсетуге қатысты төрт бірдей халықаралық келісімдер топтамасын ратификациялады.

Оның алғашқылары Қазақстан мен Қырғыз республикасының үкіметтері арасындағы "Техникалық жәрдем көрсету туралы хаттама" және оған түзетулер болып табылады.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бұл құжатқа 2017 жылы 17 наурызда Мәскеуде қол қойылған.

Онда Қазақстанның Қырғызстанға бірінші транш аясында жалпы сомасы 41 миллион 38 мың доллар береді.

Бұл ретте салалар бойынша техникалық жәрдем көрсету іс-шаралар тізбесі бекітілетін болады. Бұл тізім екі елдің ведомствоаралық деңгейінде өзектілендіріліп отырады. "Қаржыландыру көзі – республикалық бюджет" деді министр.

Бірінші транш қаражаттарын қырғыз елі кедендік әкімшілендіру рәсімдерін жеделдетуге, бақылау сапасын арттыруға, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың қажетті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етуге тиіс.

Қазақ елі мұнымен шектелмейді. Бұған қоса, төменгі палата депутаттары екі ел үкіметтері арасындағы "Көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы хаттаманы" және оған түзетулерді де мақұлдады.

"Өздеріңізге мәлім, Қырғыз республикасы Еуразиялық экономикалық одаққа қосылды. Одақтың кедендік шекарасы сыртқы контурға, яғни қырғыз-қытай, қырғыз-тәжік, қырғыз-өзбек шекараларға ауысты. Бұл ретте, қырғыз шекарасының инфрақұрылымы сапалы жарақтандыру мен жаңғыртуды қажет етеді. Елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және одақтың сыртқы шекарасын бақылау мақсатында мемлекет басшылары деңгейінде Қырғызстанға көмек көрсету туралы шешім қабылданды", – деді Бақыт Сұлтанов.

Түсіндіре кетсек, қырғыздарды ЕАЭО-ға қабылдағанда, Ресей оның алдына біраз талап қойған. Бұл талаптарды саты-сатымен орындауы үшін қырғыздарға арналып, "Жол карталары" жасалды. Бірақ ол жол карталарын өз бетімен орындауға қырғыз ағайындардың шамасы жетпейтін көрінеді. Сондықтан Қазақстан оған көмекке келіп отыр.

"Көмек Қырғызстанның одаққа қосылуы жөніндегі "жол карталарында" көзделген іс-шараларды іске асыруға бағытталған. Осы шарттар 2016 жылы 26 желтоқсанда Қазақстан мен Қырғыз республикасының үкіметтері арасындағы еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісіммен бекітілген. Келісімнің 2 және 3-баптарын іске асыру үшін "Көмек көрсету тәртібі" мен "Техникалық жәрдем көрсету іс-шаралары тізбесі", яғни шығындар сметасы әзірленді", – дейді қаржы министрі.

Осыған орай аталған хаттамаларға 2016 жылы 26 желтоқсанда Санкт-Петерборда бекітіліпті.    

Ондағы көрсетілген "тәртіпке" сәйкес, біріншіден, көмек бірнеше траншпен беріледі. Ол транштармен Қазақстан ақша берген сайын, олар бойынша жеке "Техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамаларға" қол қойылады және оны парламент ратификациялауға тиісті.

Екіншіден, іс-шаралар тізбесіне Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы бойынша "жол картасының" іс-шаралары ғана кіреді. Яғни, қырғыздар оны мысалы, жәрдемақы төлеуге бағыттауға, немесе бонустар түрінде таратып алуға құқығы жоқ.

Үшіншіден, көмек тек ақшалай түрде емес, сондай-ақ жабдықтар, тауарлар мен қызметтер, оқыту формалары арқылы көрсетілуі мүмкін.

Төртіншіден, қырғыз тарапы көмекті пайдаланғаны және ұсынылған құжаттардың дұрыстығына басымен жауап береді. Яғни, Қазақстан тарапынан сұрау болады. Тіпті қазақтар бұл елге тексерістермен де бара алады.

Бесіншіден, транштардың жүзеге асырылу қорытындысы бойынша оны пайдалануды бақылау қамтамасыз етіледі.

Бақыт Сұлтанов бұл қаражатты қырғыздардың алу рәсімін қадам-қадам бойынша түсіндіріп берді. 

Ең алдымен, қырғыз тарапы қарастыруға іс-шаралар, сомалар және растайтын құжаттар тізбесін ұсынады.

Осыдан кейін Қазақстанның мүдделі мемлекеттік органдары, атап айтқанда, инвестициялар және даму, ақпарат және комуникациялар, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, ішкі істер министрліктері өз бағыттары бойынша қырғыз тарапын қолдайтын сомалардың орындылығын қарастырады және шешімдерін хабарлайды.

Ары қарай еліміздің қаржы министрлігі еліміздің мемлекеттік органдарының қорытындылары негізінде іс-шаралар тізбесі мен шығыстар сомасын қалыптастырады. Тараптар "Техникалық жәрдем көрсету туралы хаттаманы" ресімдейді және қол қояды. Бұл сатылар артта қалды.

Енді осы хаттаманы парламент ратификациялағаннан кейін Қазақстан тарапы көмек көрсетеді.

Содан соң іс-шараларды жүзеге асыру қорытындысы бойынша тараптар көмекті пайдалану бойынша бірлескен "ревизиялық бақылауды" қамтамасыз етеді.

Осы тексерулер нәтижесінде қырғыз жағынан құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда, одан әрі қаржыландыру туралы мәселе Қазақстан – қырғыз үкіметаралық кеңесіне шығарылады. Егер әлдене Қазақ еліне ұнамаса, біз көмекті уақытша тоқтата ала аламыз.

Қорыта айтқанда, Қазақстан қырғыз еліне жалпы сомасы 100 миллион долларға көмек көрсететінін айта кеткен жөн. Соның ішінде мысалы, тағы бір транш бойынша "техникалық жәрдем көрсету іс-шаралар тізбесі", яғни шығыстар сметасы әзірленген.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың хабарлауынша бұл транш сомасы 7 526 789 АҚШ долларын құрайды.

"Бұл көмек 7 млн долларға ақшалай формада және 0,5 млн долларға оқыту бойынша көрсетілетін қызметтер түрінде ұсынылады. Берілетін жәрдем арқылы келесі іс-шаралар қаржыландырылатын болады: 1 286 800 АҚШ долларына қырғыздың "Достук", "Карамык", "Маданият" кедендік өткізу пункттері жетілдіріледі. 5 662 149 АҚШ долларына сынақ зертханаларын жаңғырту, сондай-ақ техникалық реттеу саласында оқыту көзделген. Ал 577 840 АҚШ долларына көлік саласында зертханаларды жарақтандыру қаржыландырылады. Қаржыландыру көзі – республикалық бюджет" деді министр.

Мәжіліс мақұлдаған "қырғыздық топтама" арасында сондай-ақ екі ел үкіметтері арасындағы "Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, теміржол көлігі көрсететін қызметтерге қол жеткізуді реттеу тәртібін қолдану туралы келісім" да бар.

Осы құжат арқылы Қазақстан қырғыз бизнесмендері мен өндірушілеріне отандық кәсіпорындарға ұсынылатын темір жол тарифтерін қолданады. Яғни, қырғыз кәсіпкерлері өз тауарларын Қазақстанға және Қазақстан арқылы одақтың өзге елдеріне тасымалдауға үлкен тарифтік жеңілдік алады. Олар үшін біздің темір жол тасымалдары тең қолжетімді болады.

"Біріншіден, темір жол көлігі қызметтеріне және инфрақұрылымына қазақстандық және қырғыз тұтынушылары үшін өзара тең жағдайларда қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Бұған қоса, темір жол тасымалдаушылары үшін инфрақұрылым объектілеріне тең қолжетімділік қамтамасыз етілетін болады" деді инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек. Ол осындай тең қолжетімділік Қазақстанда 2014 жылдан бері, яғни еліміз еуразиялық одаққа кіргелі қамтамасыз етілгенін еске салды. Қырғыз тарапы тиісті өзгерістерді 2016 жылы енгізді.

Жалпы, неге Қазақстан қазіргідей дағдарыс ушығып түрғанда одақ аясында қырғызға осынша қолдау көрсетуде? Сарапшылардың айтуынша, еуразиялық одаққа Беларусь пен Арменияны Ресей тартқан, тиісінше, оларға солтүстік көршіміз жауапты. Ал қырғыз бауырларының ЕАЭО-ға қабылдануын Қазақстан ілгерілеткен, сондықтан ресейліктер бұл елдің қиындықтарына да қазақтар жауап беруі керек деп санайды. Қазақтардың Қырғызстанды одаққа тартуына бір үлкен себеп болды. Өйткені егер бұл ел мүше болмаса, қырғыздар үшін одақ нарығы жабылып қалуы мүмкін еді. Алмазбек Атамбаев айтқаннан да зор "блокаданың" зардабын олар сонда тартатын еді. Ресми Астана ресми Бішкекті осыдан қорғап қалды.

Ал 100 миллион көмекті мақсатымен іске жарату арқылы Қырғызстан тауары одақ нарығына кең қолжетімділік алады және қазақстандық тарифтік және басқа да көмектер арқасында бұл ел тауарларының өзіндік құны арзандап, бәсекеге қабілеттілігі артады. Тиісінше, "жүздік" игерілуінің қорытындысында Қазақстандағы сөрелерде қырғыз тауарларының үлесі артуы ықтимал.  

Smart Business Solutions Central Asia компаниясының басшысы, сарапшы Кубат Рахимов мұның қандай пайдасы мен зияны барлығын айтып берді.

"Ең басты жағымды жағы ретінде бәсекелестіктің артуын атауға болады, бұдан отандық тұтынушылар ұтары сөзсіз. Бірақ Қырғызстан тарапынан бәсекелестік тек орта және шағын бизнес саласында ғана болады. Бұл елде ірі бизнес субъектілерін саусақпен санап шыға аласыз. Бұл жерде қазақстандық сервис субъектілері біршама зардап шегуі мүмкін. Себебі, көрші елде бұл сала компанияларының қызметтері арзан тұрады. 2010 жылға дейін, яғни Кеден одағы құрылғанша екі ел арасындағы шекара анағұрлым ашық болды, тиісінше, қазақстандық автокөлік иелері өз машиналарын Қырғызстанда жөндеуге айдайтын. Бұл қазір тосын естілер, бірақ сол тұста "темір тұлпарды" Алматыдан не Тараздан Бішкекке апарып, жөндетсе, 250-300 шақырымдық жолдың құны да, қырғыз астанасында тұру және тамақтану ақысы да пайданы көп кемітпейтін, бәрібір өте арзанға түсетін" дейді сарапшы. Яғни, сол шақ қайталануы ғажап емес.

Бұған қоса, Кубат Рахимов қырғыз тігіншілерінің тек Орталық Азияға ғана емес, бүкіл ТМД кеңістігіне танымал екенін ескертеді. Олардың адымы ЕАЭО аясында біраз шектеліп келген. Қырғызстан одаққа мүше болса да, оның экспансиясы әртүрлі талаптармен тұсауланатын. Енді ол болмауы ықтимал" деді сарапшы.

Осы және басқа да жайттарды ескерсек, әзірше Қазақстанның қырғыз бауырларына көмектесуі кері қайтарымды көздемейтін ағайындық көмекке көбірек ұқсайтынын көреміз.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу