banner

Бізде әрбір үшінші кәсіпкер заң бұзушы - бұл сұмдық қой - Рустам Жүрсінов

1401

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Р.М. Жүрсінов қазақстандық кәсіпкерлердің арыз-талаптарын айтып, негізгі үш мәселеге тоқталды

Бізде әрбір үшінші кәсіпкер заң бұзушы - бұл сұмдық қой - Рустам Жүрсінов Фото: inbusiness.kz

Ағымдағы жылғы 23 мамырда Бас Прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен бизнесті қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңес өтті, деп жазады inbusiness.kz

Аталған іс-шараға "Атамекен" Ұлттық палатасы президиумының төрағасы Р.А. Баталов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Р.М. Жүрсінов, Жоғарғы Соттың, орталық ведомстволар мен министрліктердің басшылары қатысты.

Кеңесті ашқан Берік Асылов, Президент тапсырмасы бойынша прокурорлық қадағалау кәсіпкерлердің, сондай-ақ инвесторлардың мәселелерін тиімді шешуге бағытталғанын атап өтті.
Осындай шаралардың бірі – өткен жылғы қыркүйектегі Форумның нәтижесі бойынша қабылданған Бизнесті қорғау жөніндегі бірлескен іс-шаралардың кешенді жоспары.

Бас прокурордың айтуынша, қол жеткізген нәтижелердің арқасында кәсіпкерлерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру 4 есе қысқарды. Оның 02.09.2022 жылғы нұсқауына дейін ай сайын орташа есеппен 150 іс тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 40-қа дейін төмендеген.

Алайда бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов  бизнес өкілдері әлі де болса билік тарапынан тексерістеріне шағым түсіретінін айтып, статистика мәліметтерін ұсынды. 

"2015 жылдан бастап прокуратура органдарына шағымдар саны төрт есе өсті. Егер 2015 жылы шағымдардың жалпы саны жылына шамамен 175 мың болса, 2022 жылдың 7 айында ғана 70 мыңға жуық шағым келіп түскен.  2022 жылы әкімшілік әділет органдарына мемлекеттік органдардың әрекеттеріне не әрекетсіздігіне 20 мыңнан астам арыз жазылды. Келіп түскен барлық талап-арыздардың 54%-ы орталық атқарушы органдарға, 38%-ы жергілікті атқарушы органдарына қатысты болды", - деп атап өтті Р.Жүрсінов. 

Ал бизнес көбіне қандай сұрақтар бойынша арыз түсіретініне келер болсақ, бизнес-омбудсмен негізгі үш мәселені көтерді:

1. Жоғарыда шешімін тапты деп айтылған мәселе - мемлекеттік органдары тексерісі; 
2. Бизнес өкілдерін жауапкершілікке тарту;
3. Мемлекеттік сатып алулар бойынша сұрақтар. 

"Тексерулерге келетін болсақ, биылғы жылдан бастап тәуекелдерді басқарудың барлық жүйесі автоматтандырылуы тиіс норма күшіне енді, оған сәйкес, автоматтандыру болмаған жағдайда мемлекеттік органдар бақылаудағы субъектілердің жалпы санының 5%-нан аспайтын мөлшерін тексеруге құқылы. Басқаша айтқанда, тексерулердің 95%-ы Сандық жүйемен тексерілуі тиіс. Бірақ іс жүзінде салалық Тәуекелді басқару жүйесі әлі толық іске қосылмаған. Премьер-министр бірнеше рет мемлекеттік органдарға бұл жұмысты 2023 жылдың наурызына дейін аяқтауды тапсырды, сізден осы мәселені өз бақылауыңызға алуды сұраймын. Бұл өте маңызды мәселе - егер бәрі автоматтандырылса, біз заңсыз тексерулерге қатысты шағымдардың санын едәуір азайтамыз", - деп жалғастырды Р.Жүрсінов.

Ал Цифрлық жүйе толыққанды енгізілмегенше, бизнес тарапына қатысты әкімшілік істердің азаймайтыны да белгілі.

"Жарты жыл бұрын мен соңғы бірнеше жылда бизнеске қатысты әкімшілік өндірістің өсуі байқалғанын айттым. Егер 2015 жылы олардың саны 253 мың болса, 2022 жылы 602 мыңға дейін өсті. 2022 жылы бізде бизнес субъектілерінің жалпы саны 1 миллион 800 мың болғанын ескерсек, сонда әрбір үшінші кәсіпкер құқық бұзушы болып шығады. Бұл сұмдық қой", - деді бизнес-омбудсмен. 

Бас прокурор Рустам Жүрсінов айтып өткен оқылықтармен келісіп, әлі де болса билік пен бизнес ынтымақтастығында кемшіліктер барын мойындады. 

"Бұл төңіректе мәселе толық шешілмегені рас. Сіздің айтқан барлық ескертпелеріңіз орынды, әсіресе, жергілікті атқарушы органдар мен тексеру қызметтері жұмысында оқылықтар бар. Олар бизнесмендер мен инвесторларға жайлы жағдай жасауға құлшыныс танытып отырған жоқ", - деді Берік Асылов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу