Біздерде мынадай бар, мынадай бар...

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
3100

Өңірге арнайы сапармен келген Асқар Мырзахметов облыстың ауыл шаруашылығы саласының жетістіктерімен танысты.

Біздерде мынадай бар, мынадай бар...

"Әулие- Ата Феникс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үдемелі  индустриялық-инновациялық бағдарламасы бойынша облыста өткен жылдың соңында іске қосылған ірі жобаның бірі. Құс етіне деген өңір халқының сұранысын толыққанды қанағаттандыру мен эспорттық тауар өндіру мақсатында салынған фабрикаға артылып отырған жүк ауыр. Ол бұрынғы Кеңес үкіметі тұсындағы алып құс фабрикасының даңқын қайта жаңғыртып, бастапқы жоспарын іске асыратын болса, облыс қана емес, ел экономикасына айтарлықтай қомақты үлес қосқан болар еді.

Мұнда жылына 3500 тоннадан аса  құс еті өндіріледі. Бүгінде 130 азамат осы фабрикадан тұрақты жұмыс тапқан. "Бизнестің жол картасы  – 2020" бағдарамасы арқылы қажетті қаражатқа қол жеткізген серіктестік басшысы Фарида Жүнісова мемлекет тарапынан бизнес бастамаларға көрсетіліп жатқан көмек үшін риза екенін айтады.

"Қуаттылығы жылына 4 мың тоннаға дейін құс етін өндіретін біздің "Әулие-Ата Феникс" фабрикасы өткен жылдың соңында іске қосылған болатын. Жоба құны – 2 млрд АҚШ долларын құрайды. Аталған қаржы "ҚазАгро қаржы" ұлттық холдингінің қаржыландыруы есебінен алынды. Бөлінген бұл қаржыға бұрынғы құс фабрикасынан қалған ғимараттарды жөндеп, бройлерді бағып-күтуге арналған, құс қорасын жылыту және басқару жүйесі, инкубациялық және тоңазытқыш, құрама жем өндірісі, сою желісі жабдықтарын сатып алған болатынбыз.
Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде жұмысын бастаған кәсіпорын облыс тұрғындарын сапалы, экологиялық таза құс етімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біздің өңір қой, сиыр, жылқы етінен тапшылық көрген емес. Ал аймаққа құс етінің 80%-ы сырттан жеткізіледі. Енді жаңа фабриканың іске қосылуымен бұл мәселе де жолға қойылады. Кәсіпорын облыс экономикасына айтарлықтай үлес қосумен қатар, жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтуда да үлкен көмек көрсетіп отыр. Мұнда "халал" стандарты бойынша жоғары сапалы құс еті шығарылады. Өнім жергілікті нарықпен қатар, Қазақстанның өзге өңірлеріне өткеріледі. Алдағы уақытта Ресей, Қытай, Вьетнам сынды елдерге өнімді экспорттау қарастырылып жатыр, – дейді серіктестіктің бас директоры.

Мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын көріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп отырған "Әулие-Ата Феникс" сынды көптеген нысандарға облысқа арнайы жұмыс сапарымен келген премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов арнайы атбасын бұрған болатын.

Олардың қатарында "Азамат" шаруа қожалығының жылыжай кешені де бар. Бұл кешенге "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында 23,3 млн теңгеге инфрақұрылым жүргізілген. Көкөністі жабық топырақта өсірумен айналысатын қожалық жылына 400 тоннаға дейін өнім өндіреді.

Министрге облыстағы ауыл шаруашылығы жетістіктерінің арнайы көрмесі де ұсынылған болатын. Т.Рысқұлов ауданындағы "Шәушен", Меркі ауданындағы "Бахор" шаруа қожалықтарындағы  бір өзі 650-700 келі ет беретін мүйізді ірі қара, Т.Рысқұлов ауданындағы "Луговой жылқы зауыты" өсіріп отырған бекіре балығы көрсетіліп, мойынқұмдық "Агрофирма Түрікпеннің" 5 мың басқа дейін мал өсіре бастауы және осы жылдың күзінде құрама жем дайындайтын кәсіпорын іске қосылатыны мақтанышпен айтылды.

Жетістіктерді айтып қана қоймай, шаруалар министрге көкейлерінде жүрген бірқатар ойларын жеткізді. Олардың қатарында жер иелену, субсидия алу, кооперативке бірігу мен өндірілген өнімді өткеру сынды мәселелер бар.  Ал "Меркі асыл тұқымды мал шаруашылығы" акционерлік қоғамының өкілі Барлықжан Нүкенов асыл тұқымды малға төленетін субсидия көлемінің көбейгеніне ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Асқар Мырзахметов бұл ретте әлем елдерінен қозы етіне сұраныс көп болып отырғанын, мал шаруашылығына субсидия төлеу барысында бірқатар талаптардың алынып тасталғанын, үкімет қашанда халықтың мүмкіндігімен санасатынын айтты.

Министр атбасын бұрған "Шайқорық бауы" ауыл шаруашылығы кооперативінің бүгінгі тыныс-тіршілігі де атап өтуге тұрарлық. "Агробизнес – 2020" бағдарламасымен 154,7 млн теңге субсидия мен "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" акционерлік қоғамы облыстық филиалы арқылы 709 млн теңге несие алған кооператив 55 гектар жерге интенсивті алма бақ өсіріп отыр. Ал алдағы уақытта бұл көрсеткіш 130 гектарға жеткізіліп, 1600 тонна жеміс сақтау қоймасын салу көзделуде екен.

Осы секілді көптеген шаруашылықтар мен серіктестіктер, кәсіпорындар мен бауларды аралаған премьер-министрдің орынбасары облыс әкімдігінде арнайы өңіраралық жиын өткізді. Оған Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, Алматы,  Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары әкімдерінің орынбасарлары мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қатысты. Жиында еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы мен көктемгі егіс-дала жұмыстарының жайы талқыланды. Асқар Исабекұлы ағымдағы жылы бірінші рет көктемгі егіс-дала жұмыстарын жүргізу үшін берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі төмендетіліп, ол мөлшерлеме 6 пайыздан аспайтынын жеткізді.

Сондай-ақ, министр аса мән берген мәселенің бірі – кооператив құру болды. Жалпы, Жамбыл облысында 32 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланса, бүгінде олардың саны 19-ды құрайтынын айта керейік.

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться