Келіссөздің негізгі тақырыбы Иран мәселесіне арналады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Вашингтон Қытай тарапынан Ормуз бұғазы мәселесін шешуге қолдау күтетінін жасырмайды.
Бейжіңге аялдаған Ақ үй басшысы әскери құрметпен күтіп алынды. Трамп пен Си Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында орналасқан Қытай парламентінің алып ғимараты – Халық жиналысы үйінде қол алысты.
– Сіздің досыңыз болғаным – мен үшін үлкен мәртебе. Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан да жақсы болады, – деді Трамп кездесу барысында.
Өз кезегінде Си Цзиньпин америкалық президенттің сапарына қуанышты екенін айтып, әлемнің "жаңа тарихи кезеңнің тоғысына" келгенін атап өтті. Қытай басшысы қос державаның "бәсекелес емес, серіктес" болуы қажет екеніне тоқталды. Оның сөзінше, бұл кездесу тек екі ел үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін пайдалы.
Кездесуге Трамппен бірге АҚШ үкіметі мен америкалық бизнес өкілдері де қатысты. Делегация құрамында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, қаржы министрі Скотт Бессент және қорғаныс министрі Пит Хегсет бар. Ал бизнес өкілдерінің қатарында Apple басшысы Тим Кук пен Tesla жетекшісі Илон Маск төбе көрсеткен.
Марко Рубионың айтуынша, Вашингтон Бейжіңнен Иранның Ормуз бұғазындағы шектеулерін жоюға көмектеседі деп үміттенеді. Сонымен қатар, экспортқа тәуелді Қытай экономикасы энергетикалық дағдарыстың салдарынан зардап шегіп отыр. Бұл әлемдік сұраныстың төмендеуіне және қытай тауарларына деген қызығушылықтың азаюына әсер етуде.
Жаза кеткен жөн, Дональд Трамптың Бейжіңге сапары 2 күнге созылады. Ол Қытайға бұған дейін 2017 жылы, яғни өзінің алғашқы президенттік мерзімі кезінде барған еді.