Бізге баламалы энергетика керек пе?

7941

Алексей Санковский: "Мен Астана әкімі болсам, жасыл энергетиканы айтпай-ақ, алдымен қаладағы көмір жағатын үйлерге кәдімгі көгілдір отын жүргізіп берер едім".

Бізге баламалы энергетика керек пе?

Өткен ғасырдың басында АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінен бастау алған "екінші өнеркәсіптік төңкерістің" игілігін КСРО мемлекеті көп күткен жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келген "үшінші өнеркәсіптік төңкеріс", яғни сандық технология мен ғаламтор кеңістігінің игерілуі кезінде де Қазақстан көштен қалып қойды дей алмаспыз. Ал автоматтандыру, кибер-физикалық жүйе мен бұлтты компьютердің пайда болуы жиырма жылдың ішінде әлем өнеркәсібін жаңа деңгейге көтеріп, төртінші өнеркәсіптік төңкеріске есік ашты.

Өнеркәсіптендірудің алдыңғы екі кезеңіндегі ғылым мен экономиканы интеграциялаудың дәстүрлі жолы төртінші кезеңде аздап өзгеріске ұшырады. Енді дамыған мемлекеттер технология мен саудаға ғана мән бермей, өндіріс ошақтарының қоршаған ортаға келтіретін зиянын жойып, шама келгенше, керісінше, экологияны сауықтыруға көңіл аударды. Бұл тұрғыда биыл жыл басында қабылданған Париж келісімінің маңызы зор. Қазақстан да қосылғалы жатқан бұл бастама елдің экологиясына бірқатар жаңалық енгізбек.

 

Мұнайдан кейінгі дәуірге дайынбыз ба?

XI Инновациялық Конгресте сөз алған сарапшылардың да айтқаны – Қазақстан секілді мұнай мен минералға тәуелді экономиканың біртіндеп жасыл технологияға өтуін қамтамасыз ету керектігі. Осы орайда Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг Қазақстан үкіметіне нақты ұсыныстар айтты.

"Жаңа экономикаға өту жолында Қазақстан бірінші кезекте мұнайдан кейінгі дәуірге дайындалғаны жөн. Көршілес Қытайдың тәжірибесін үлгі етеуге болады. Қазіргі таңда Қытай жасыл энергия көздерін шығару ісінде әлемде бірінші орындағы мемлекет. Соның ішінде күннен қуат алатын технология Қазақстанның климаттық жағдайына да ыңғайлы болар еді", – деді ғалым.

Квон Чунгтың айтуынша, мұнай бағасының төмендеуі осы қуат көзімен күн көріп отырған мемлекеттер үшін сабақ болуы керек.

"Үшінші жыл қатарынан мұнай бағасы экспорттаушы мемлекеттер үшін тым ыңғайлы болып тұрған жоқ. Осы уақыт аралығында бірқатар мемлекет өзіне сабақ ала алды. Мәселен, Әбу-Дабидегі салынып жатқан жаңа қала тек қана баламалы көздердің қуатын тұтынатын әлемдегі ең алғашқы қалаға айналмақшы. Бұл – мұнай экспортынан әлемдегі жетекші мемлекетте болып жатқаны, бір жағынан, таң қаларлық болса, екінші жағынан – көңілге қонымды. Өйткені, басқалардан гөрі бірінші кезекте осы мемлекеттердің өздері мұнайға арқа сүйеуге болмайтынын сезеді", –– деді Квон Чунг.

Таяуда ғана Сауд Арабиясы үкіметінің 2 трлн долларлық инвестициялық қор құрып, аталған қордың тек инновациялық технологияны, соның ішінде жасыл энергияны қолдау жобаларын қолдайтыны ақпарат құралдарында айтылған еді. Сонымен қатар әлем бойынша мұнай экспортынан үшінші орын алатын Иранның да қазіргі таңда баламалы қуат көздерін дамыту үшін қыруар қаржы құйып жатқаны белгілі.

 

Жасыл энергетикаға қашан қол жеткіземіз?

Мемлекет басшысының "Қазақстан-2050" стратегиясында жасыл энергетиканы дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай қолданыстағы энергия қуатының 10%-ы баламалы қуат көздерінен алынуы керек болса, 2050 жылға қарай бұл көрсеткішті 50%-ға жеткізуіміз керек. Ал қазіргі таңда біз қолданатын қуаттың тек 0,3%-ы ғана энергияның осы түрінің үлесінде.

Жасыл энергияны дамытудың "неміс жолы" Қазақстан үшін үлгі боларлық. Бұл туралы Конгреске қатысушылар Германияның 2011 жылға дейінгі даму жоспарында көрсетілген энергетика секторының жетістіктерін мысалға келтірді.

2015 жылғы статистикаға сүйенсек, Германияда тұтынылатын энергияның 30%-ға жуығы баламалы қуат көздерінен алынады. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 45%-ға дейін көтерілмек. Конгреске қатысқан неміс мамандары бұл көрсеткішке жету үшін де экономиканың басқа салаларын құрбан етуге тура келгенін жасырмай қалмады.

Неміс сарапшыларының айтуынша, Германия үкіметі баламалы қуат көздерін дамыту үшін алдымен салық саясатына өзгеріс енгізген. Нақтырақ айтсақ, жасыл энергия саласындағы бастауыш жобаларды қолдау үшін оларға салынатын салықты толығымен алып тастаған. Есесіне, бюджетте көрінетін бұл кетікті жабу мақсатында дәстүрлі энергия компанияларының салығын көбейткен.

Бұл, өз кезегінде, қарапайым халықтың тұтынатын жарығы мен жылуының бағасын өсірген. Міне, Германияның бұл қателігін қайталамау үшін сарапшылар Қазақстанға мұнай-газ компанияларының өздерін баламалы қуат көздерін дамытып, осы арқылы компаниялардың өздерін жаңа экономикаға ыңғайлауға шақырады.

 

Баламалы энергияның өзіне баламалы энергия керек

Қазақстанның елдімекендерінің барлығы дәстүрлі заманауи қуат көздерімен қамтамасыз етілді дей алмаймыз. Көмір мен ағаш жағып отырған ауыл халқы екінші өнеркәсіптік төңкеріс жемісінің қуатын тұтынып отыр. Ал екінші өнеркәсіптендіру заманындағы электр желілері жетпеген мекендер әлі де бар. Осы мәселеге тоқталған Қазақстандағы USAID (Халықаралық Даму бойынша Құрама Штаттар Агенттігі) жобасының жетекшісі Алексей Санковский Астана әкімдігіне қарата мынадай базына айтты:

"Мен Астана әкімі болсам, жасыл энергетиканы айтпай-ақ, алдымен қала ішінде көмір жағып отырған үйлерге кәдімгі көгілдір отын жүргізіп берер едім. Аязды қыста жағылған оттың түтіні жасыл Астананы көк түнекке орайды. Энергетиканың екінші деңгейін тұтына алмай отырған бұл қала үшін үшінші деңгейдегі баламалы қуат көздері әзірге ертерек", – деді Алексей Санковский.

"Қазақстан-2050" стратегиясында айтылған жасыл экономика жоспары күн тәртібінен түспейтіні анық. Дегенмен, бұл салаға бюджет қаржысын шығару халық үшін қажет пе деген сұраққа сала мамандары тоқтала қоймады. Қазақстанның жасыл энергетикасын дамыту үшін немістердің моделімен бұл шығынды шикізаттық компанияларға жүктегеннің өзінде, айналып келіп шығын қайтадан мемлекеттің ақшасына тіреледі. Өйткені, Қазақстанның мұнай-газ және пайдалы қазбалар компанияларының активтері "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-да сақталады.

Өз кезегінде USAID сарапшылары бірінші кезекте халықтың пікірімен санасу қажет деп ескертеді.

"Өйткені, – дейді Алексей Санковский, – халық өзінің қаламаған жобасына жұмыс істеуге немқұрайды қарайды. Бұған АҚШ-тағы соңғы сайлау куә. Клинтонның сайлауалды бағдарламасының бірі экономикадағы шикізат үлесін азайтып, есесіне баламалы қуат көздерін дамыту болатын. Ал Трамптың көздегені – елдің ірі трансұлттық компанияларын одан сайын күшейту еді".

Төртінші өнеркәсіптік төңкерістің ұранына айналған 3 "Э" (экономика, энергетика, экология) ХХІ ғасырдың басты салалары болғанымен, қазіргі таңда, әсіресе Қазақстан секілді дамушы мемлекет үшін қоршаған ортадан гөрі, қалтаға түсетін қаражат маңызды болып тұр. Немесе адамзат мәселенің маңыздылығын әлі түсінбеген.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться