Бізге біріккен біріншілік керек пе?

3005

Жуырда Ресей елінің баспасөз құралдары футболдан біріккен біріншілік өткізу туралы жарысып жаза бастады.

Бізге біріккен біріншілік  керек пе?

Біріншіліктің бастамашысы болған Мәскеудің ЦСКА клубының президенті Евгений Гиннер болатын. Оның айтуынша, бұрынғы Кеңес үкіметінің құрамында болған елдердің арасында бірлескен футбол чемпионатын ұйымдастыру өте тартымды, әрі осы елдердің футболын дамытуға септік болады. Алайда  бұл пікірмен біздің тарап үзілді-кесілді қарсы.

Гиннер мырзаның идеясы түсінікті. Бұл жобаны бұрындары да футбол саласының бірлі-жарым қызметкерлері айтып қалып жатты. Кедендік одақ құрылғалы бері бұл жобаға бастамашы болғысы келгендер қатары да көбейді.  Дегенмен ешкім де әлі бата алмай, нақты қадамдар жасауға сескеніп, тек баспасөз арқылы жанкүйерлер пікірін біліп алуды қолға алды. Мысалы, Гиннер мырза "Ресей чемпионаты соңғы кездері тұралап қалды. Клубтарымыздың өткізетін ойындарының саны аз. Демек шекараны кеңейтіп, көршілес жатқан елдердің белді клубтарын да РФПЛ-ге тартуымыз қажет. Айтатын болсақ, Уэльстің клубтары Англия чемпионатында ойнайды ғой. Біз,әлбетте, барлығын шақырмаймыз, тек Армения, Беларусь, Қазақстан секілді елдердің командаларынан бастаймыз. Оларды чемпионатымызға шақырсақ тек қана ұтамыз. Бір жағынан оларға да пайдалы" дегенді айтады.

Осы орайда өзіміздің тараптан азды-кем сараптама айта кетсек. Қазақстан біріншілігінің клубтары деген сөздің астарында 2 ғана команда бар. Ресей біріншілігінде ойнай алатын тек "Астана" мен "Қайрат". Себебі бұл клубтардың жылдық бюджеті 30 миллион еуродан асады. Бірақ  бұл біріншілікке осы екі бетке ұстар клубымыз қатысатындай ешқандай қисын жоқ. Жол шығыны, қонақүй, жаттығу базаларының барлығына кететін қаржының өзі оңайға соқпасы анық. Ресей клубтары алып мемлекеттің әр қиырында орналасқан. Екіншіден, осындай бюджетпен, ойыншылар деңгейімен бұл екі командамыз үздік бестікке кіре алады деп айту қиын. Өйткені "Зенит", "Локомотив", ЦСКА, "Спартак" секілді алпауыт клубтарымен терезесі тең ойнау әзірге біздің командаларға мүмкін емес. Беларусь командалары шамалары жетпесін біліп, бірден бас тартты. Украина клубтарын ешкім онсыз да шақырған жоқ. Грузиндердің де Ресей аумағына келіп доп тебуге аса қатты зауқы соқпады.  Арменияның "Арараты" қазір басынан алма-ғайып заман кешіп отыр. Өзбекстанның "Пахтакоры" біріншілікке қатысамыз десе, онда алматының "Қайраты" да қосылуы ықтимал деген жорамал айтылды. "Орталық" стадионға қалың көрермен шақырып, жанкүйер тартып, алматылық команда Кеңес кезіндегі дүркіреген шағын қайта қалпына келтіреміз деп Біріккен чемпионатқа қатысуы да ғажап емес.

Ал жалпы алғанда бұл Біріккен чемпионаттың пайдасы біреу ғана. Жарнамалық жағынан аумақты күшейту. Қазір букмекерлік кеңселердің жарнамасынан-ақ қомақты қаржы табуға болады. Сол үшін Қазақстан мен Өзбекстан аумағы Ресей футбол одағына қатты қажет. Ал клубтарымыздың қатысу-қатыспауы әзірге белгісіз. Дегенмен  бастамашылар Құрлықтық хоккей лигасы мен ВТБ баскетбол лигасының сәтті іске асқанын алға тартуда. Алайда  футбол лигасының бірігуі жанкүйерлер арасында ара-жік тудыртып, Кеңес үкіметінің қайта тіріліп кетуіне сеп болуы да мүмкін.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу