"Бізге мектеп керек": Елорда тұрғындары тар аумақта шіркеудің салынуына қарсы шықты

1613

Елорданың Есіл ауданындағы Е32 көшесінің (шартты атауы) тұрғындары мектеп пен балабақша жетпей жатқан уақытта үйлерінің маңына даңғарадай шіркеудің салынғалы жатқанына наразы.

"Бізге мектеп керек": Елорда тұрғындары тар аумақта шіркеудің салынуына қарсы шықты

Бұрын көпқабатты үйді сатқан компаниялар оларға сол үйлердің маңына мектеп те, балабақша да салынатынын айтып сендірген. Алайда аяқ астынан шіркеудің салынатынын олар таяуда біліп отыр.

"Биыл баламызды қай мектепке берерімізді білмей отырмыз"

Көше тұрғындары ол аумаққа не үшін шіркеу салынғалы жатқанын түсінбей дал. Маңайда орыстар аз екенін айтады. Күні ертең салынған күннің өзінде шіркеудің бос тұратынын айтады олар.

"Бізге ең қызығы, осы тұрғын үйлерде мұсылмандар мен православтар қаншалықты көп тұратынын білу үшін әкімдік әлеуметтік сауалнама жүргізді ме екен? Өзімнің осы жерде тұрып жатқаныма жарты жылдан асты. Орыстарды сирек кездестіремін. Осы маңда тұратындардың түгел дерлігі мұсылмандар. Жалпы шіркеудің салынуына қарсы емеспіз. Бірақ қаланың қақ ортасында немесе алып тұрғын үй кешенінің ортасында салудың қаншалықты қажеті бар еді?" - дейді Есіл ауданы тұрғындарының бірі Серікболсын Жолдасов атты азамат.

Тұрғындар өздері тұратын аумақта мектеп те, балабақша да жетпей жатқанын айтады. Әу баста шіркеу салынғалы жатқан аумаққа мектеп тұрғызылатыны айтылған. "Мешіт сұрап жатқан жоқпыз, оның орнына мектеп пен балабақша салынуын қалаймыз" дейді тұрғындар. 

"Маңайымызда 71-ші мектеп бар. Ол жерге барсақ, "бізде бала толық" дейді олар. Ол мектептің өзінде резервте мың жарым бала тұр екен. Биыл енді баламызды қай мектепке берерімізді білмей отырмыз. Осы маңда бір ғана балабақша бар. Ол жерде де орын жоқ", - дейді Маржан Тұрмағамбетова атты қала тұрғыны. 

Осының салдарынан азаматтар қаланың басқа бір шетіндегі мектепке немесе балабақшаға баласын апаруға мәжбүр. 

"Бізде осы аумақта бала көп. Бірінші қажеттілік – мектеп пен балабақша", - дейді Айнұр Бұқарбаева атты тұрғын.

Жер заңды түрде берілген

Іnbusiness.kz тілшісі осы мәселе жөнінде Астана қаласы әкімдігіне сауал жолдаған. Жауап Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасынан келді.

"ҚР Жер кодексінің 109 бабына сәйкес, елдімекеннің барлық жері бас жоспарға, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес жүргізіледі. Қазіргі жоспарға сәйкес, аталған жер аумағына шіркеу салу көзделген. Астана қаласы әкімдігінің 2019 жылғы қаулысымен "Қазақстан Православ шіркеуінің Астана мен Алматы Епархиясы" аймақтық діни бірлестігіне аукцион қорытындысы бойынша православ шіркеуін жобалау және салу үшін Астана қаласы Есіл ауданы Е32 көшесінен (шартты атауы) 1,5267 га аумақтағы жер учаскесін уақытша әрі қайтарымды түрде пайдалану құқығы берілген", - дейді басқармадан.

Шіркеуді салуға сәулет-жоспарлау жөніндегі тапсырма 2021 жылдың соңында берілген.

"Осыған байланысты шіркеу тұрғызу үшін жер учаскесі Қазақстанның қазіргі заңнамасы шеңберінде, бекітілген қала құрылысы құжаттамасына сәйкес берілген", - деп хабарлайды басқарма.

Астанада осылай, Мәскеуде ше?

Астанадағы шіркеу құрылысын Мәскеудегі мешіт құрылысымен параллель келтіретіндер бар. 

Қазақстанға көршілес Ресейдің астанасы Мәскеуде кейінгі апталарда ең көп талқыланған мәселе – 60 мың орындық мешіт құрылысы болды. Мешітті қала әкімшілігі Косино-Ухтомский ауданындағы Киелі көлдің жағасында салмақ болған. Бұл – Мәскеудің шеті. Бұл жағдай ақыры дінаралық келіспеушілікті туғызды. Мәскеудің праволав тұрғындары мешіт салынатын аумаққа барып, митинг өткізіп, оған қарсы Ресейдің мұсылмандары айтарын айтып, едәуір дау туындаған. Әлеуметтік желіде тіпті осы мәселеге байланысты "соғыс болды" десек те болады.

Мәселе шеттен шығып бара жатқаннан кейін Мәскеу мэрі Сергей Собянин аталған аумақта мешіт бой көтермейтінін мәлімдеді.

Астана тұрғындары діни дискуссия бастап тұрған жоқ. Жай ғана балаларын маңайда жоқ мектепке, балабақшаға апарғысы келеді. "Мәскеудің шетінен мешіт салуға орын берілмей жатқан Астанадағы үйлердің ортасынан шіркеу салу қаншалықты керек болды екен?" дейді кейбір наразылар. 

Қала әкімдігі бұл мәселені қалай реттер екен? Қаулыға сілтеп шіркеу құрылысын жалғастыруға рұқсат бере ме, әлде тұрғындардың үніне құлақ аса ма?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу