Бізге таныс чек енді күрт өзгереді

912

Қазақстанда сауда жасағаннан кейін берілетін чектерде қызықты жаңа ақпараттар пайда болады.

Бізге таныс чек енді күрт өзгереді Фото: life.ru

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, елімізде міндетті түрде "Тауарлардың ұлттық каталогы" (ТҰК) енгізіледі, соның аясында чектерде NTIN-код пайда болады.

Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіповтың мәліметінше, биылғы жылы оның тиісті заңы қабылданды, жіктеуіш-классификаторын жүргізу тәртібі бекітілді. Бүгінде каталог пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр.

"Жобаға сынақ режимінде Anvar, Small, Magnum сияқты ірі сауда желілері қосылды. Бұған қоса, жүйеге тауарлардың 100 мыңнан астам аталымы енгізілді. Енді дүкендерде халық сауда жасап, чек алғанда, онда барлық тауарларға арналған NTIN-код көрініс табатын болады. NTIN коды халықаралық 13 мәнді тауар кодына – GTIN-ге ұқсас болады", – деді вице-министр.

Ол тауарға телінген кодтың көмегімен тұтынушы оның зауыттан бергі бүкіл циклін көре алатынын жеткізді. Бұл көлеңкелі сауданы болдырмауға, сапасыз өнімнің өндіріліуіне жол бермеуге және әділетті бәсекелестікті қолдауға бағытталған көрінеді.

Шағын және орта бизнесті ақпараттандыру үшін "Қазақтелеком" операторы құрған Ismet.kz порталының дерегінше, әзірге "Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі" (ТҚҰЖ) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) қозғалысын – өндірілгеннен бастап түпкілікті тұтынушыларға сатумен аяқталатын бүкіл жеткізу тізбегін бақылауға қызмет етуде.

"ТҚҰЖ арқылы мемлекет біріншіден, бағаны бақылайды. Циклдың әр кезеңінде бағаны бақылау үшін тауарлардың бірыңғай тізімі жасалуда. Отандық тауарлар өндірістен тұтынушыға дейін бірыңғай код бойынша қадағаланады. Жауапты органдар кассалық аппараттар мен Тауарлардың ұлттық каталогындағы деректерді пайдаланып, инфляция мен бағаны талдайды", – деп мәлім етті портал.

Бұдан бөлек, мемлекет осы жүйе арқылы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) аясындағы тауарлар санаттары бойынша қорларды, кассалық аппараттардың көмегімен бөлшек сауда дүкендеріндегі тауарлар қорларын автоматты түрде анықтайды және есептен шығарады. Сондай-ақ, бөлшек сауда дүкендеріне жеткізушілер тізбегін қадағалайды, артық делдалдарды айқындайды.

Бүгінде жүйеде ӘМАТ-тың 19 негізгі позициясы бойынша ағымдағы қалдықтарды қадағалау мүмкіндігі қарастырылған. Енді ол қадағалау барлық отандық тауарларға таралады деп күтілуде.

Сауда және интеграция министрінің орынбасары ТҰК-ке тауар айналымының кез келген қатысушысы қосыла алатынына сендірді. Жоба аясында оқу материалдары, нұсқаулық-инструкциялар, жаппай қосылуға арналған интерфейстер дайындалады.

"ТҰК не үшін қажет? Ол көлеңкелі сауданы айналымнан шығаруға, сапасыз деп танылған өнімдердің тұтынушыға жолын бұғаттауға мүмкіндік береді. Бұл – бизнесті дамытуға жаңа қадам! 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, ТҰК-тен алынған NTIN кодын пайдалану – Қазақстан территориясындағы барлық тауарларды сату кезінде міндетті болады. Бұл нарықтың барлық қатысушысына – өндірушілерге, импорттаушыларға, дистрибьюторларға, сауда желілеріне, маркетплейстерге және жеке кәсіпкерлерге тікелей қатысты болады", – деді Әсет Нүсіпов.

Ол жаңа қағидалар бәріне бірдей болатынын нықтады. Әзірше Тауарлардың ұлттық каталогын енгізуге Сауда министрлігінің өзі де толық даяр емес көрінеді. Жүйе түгіл, құжаттары да түпкілікті дайын болмапты.

Ведомство "Тауарлардың ұлттық каталогын жүргізу ережелерін, сондай-ақ ондағы тауарларды тіркеуді бекіту туралы" ҚР Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 31 шілдедегі №232-НҚ бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа бұйрығының жобасын әзірледі.

"Бұйрық жобасын қабылдау арқылы Тауарлардың ұлттық каталогының қалыптастыру және оның жұмысын жүргізу, сондай-ақ онда тауарларды тіркеу тәртібі белгіленеді. Жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкелмейді. Жоба ережесінің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсері жоқ", – деп қысқаша түсініктеме берді министрлік.

Өз кезегінде, қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов Қазақстанда тауарларды бақылаудың үш деңгейлі моделі іске қосылатынын жариялады. Ол таңбалаудан талдауға дейінгіні қамтиды.

Бұл не модель және ол қалай жұмыс істейді? Тұрысовтың түсіндіруінше:

  • Жоғарғы деңгейі – Тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің бірыңғай жіктеуіші болады: ол санаттарды (мысалы, "кеңсе тауарлары") жеке-жеке бекітіп, сақтайды.
  • Ортаңғы деңгейде – әрбір санаттарға не кіретіні туралы мәлімет сақталады. Мысалы, кеңсе тауарларына қалам кіреді, оның бірегей NTIN коды болады. Сонымен бірге тиісті карточкада елде сатылатын әрбір қаламды кімнің өндіргені, қай елден әкелгені және басқа деректері толтырылады.
  • Төменгі деңгей – тауарлардың белгілі бір түрлерін таңбалаудан тұрады. Мұнда тауардың нақты бір партиясы таңбаланады. Айталық, 2026 жылғы желтоқсан күні бір партиямен жүз мың қалам әкелінді деген сияқты.

"Әрбір тауардың төл "тіршілік циклі" болады. Мәселен, қалам нақты бір күні елімізде жасап шығарылады немесе сол датада елге шетелден әкеледі. Тиісінше, әрбір тауарға – кеденде немесе Қазақстанның ішінде NTIN коды беріледі. Осы ақпараттың бәрі мемлекеттік деректер базасында тіркеледі және бұл мәліметтер барлық салада – мемлекеттік сатып алуда, шот-фактураларда, чектерде пайдаланылады", – деді қаржы вице-министрі Тұрысов.

Ол каталогтың фискалдық мәліметтер операторларымен байланыстырылғанын хабарлады. Қазіргі уақытта базаға 15 миллион тауар енгізіліпті.

Базамен интеграцияланған операторлардан күн сайын сауда не қызметті сатып алғанда азаматтарға басып шығарылатын 10 миллион чек бойынша ақпараттар түседі екен.

Ал, қаржы министрінің орынбасары Әсет Тұрысовтың пікірінше, бұл – тауар айналымын ашық етеді, тауарлардың қолданыс мерзімі өткенше сатылуын және сапасын бақылауға жол ашады, контрафактпен күресті күшейтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу