Бизнес ғимараттары энергия үнемдейтін технологияға неге ауыспайды?

2033

Бір ғана астанадағы сауда, бизнес нысандары энергия үнемдеу тәсілінің барлық түрін енгізсе, елдегі қанша ток үнем болар еді.

Бизнес ғимараттары энергия үнемдейтін технологияға неге ауыспайды?

Мұны QAZPROPERTY басқару және сервистік компаниялар қауымдастығы есептеп шыққан екен, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қымбат құрылғы өзін-өзі ақтайды

Ең көп энергия қуатын өнеркәсіп пен ғимараттар жұмсайтыны белгілі. Дегенмен әлемде алты жылдың ішінде қуат көзін өнеркәсіп үнемдей бастаса, ғимараттар пайдалануды керісінше арттыра түскен. Мысалы, өнеркәсіп 2014 жылы энергияның – 45%-ын, ал 2020 жылы 31%-ын тұтынған. Ал ғимараттар 2014 жылы – 33,8 %, 2020 жылы 43,5% энергияны алған.

Осылайша, қуат көзін тұтынуда ғимараттар алға шығып кетті. Мұндай мәліметті "Грэйхаунд МА" инженерлік компаниясының директоры Александр Деревянко келтіреді.

Маманның айтуына қарағанда, қазіргі уақытта желдету шығыны көп мөлшерді алады. Оның көлемін жылу мен ауаны қалпына келтіру жүйелерін қолдану арқылы 80%-ға дейін азайтуға болады. Жабдық қымбат болса да, бір жарым жыл ішінде өзін-өзі ақтайды. Себебі энергияға кеткен шығын үнемделеді ғой. Жарық диодты шамдарды пайдалану да жарықтандыру шығынын 75%-ға қысқартады. Бұған салған ақша 1,7 жыл ішінде ақталады. Сонымен бірге инверторлық компрессор мен жылу сорғы орнатып, энергия қабылдағыштарды басқаруды автоматтандырса, молырақ үнемдеуге болады.

Осындай энергиялық тиімді технологиялар пайдаланылса, кеңсенің бір шаршы метріне н165 кВт немесе 4 290 теңге үнемделеді екен. Аумағы бес мың шаршы метр болатын ғимарат бір жылда 13,7 млн теңге үнемдей алады.

Жалпы айтқанда, тек Нұр-Сұлтан қаласы үшін жылдық энергия үнемдеу 295 118 МВт немесе кеңсе ғимараттары тұтынатын барлық энергияның 77 %-ын құрайды.

Бұл дегеніміз жалпы республикалық энергия тапшылығының 5%-на тең болмақ.

Ақшаға шақсақ, жылына 7,7 миллиард теңге үнемделеді!

Нұр-Сұлтандағы барлық кеңсенің алаңы, шамамен, 1,7 млн текше метр болады. Кеңсе ғимараттары, орта есеппен, жылына 215 кВт/м2 энергия тұтынады. Жалпы жылдық тұтыну көлемі – 384 548 МВт.

Кәсіпкерлерге қалай мотивация беруге болады?

"Қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары коммерциялық ғимараттардың меншік иелерін "жасыл жобаларды" енгізуге ынталандырмайды. "Жасыл" стандарттарды қолдануға мотивация жоқ. Оның үстіне энергия үнемдейтін технологияларды қолдана отырып жаңғырту қымбат. Бизнесті дамыту бойынша жеңілдікті кредит алғанда мұндай технологияларды қолданғандарға деген жеңілдік болмайды", – дейді Александр Деревянко негізгі мәселелер туралы.

"Осының салдарынан коммерциялық ғимараттардың меншік иелері энергия үнемдейтін технологияларды (ауа баптау жүйелері, қасбет және т.б.) орнатуға мүдделі емес", – дейді ол.

Маманның айтуына қарағанда, "жасыл жоба" енгізетіндерге салық жеңілдіктері, ғимараттарды жаңғырту үшін грант, электр энергиясы құнына жеңілдік беріп, сосын тиімді технология қолданған ғимараттарға мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік мекемелерді орналастыруды талап ету керек.

Мұндай шаралар қабылданса, жеке сектор энергия үнемдеу технологияларын өз алдына енгізуге міндетті болады, мемлекеттің энергия желілерін ұстауға арналған бюджеттік шығындары азаяды, қалалардағы экологиялық орта жақсарады, көміртек азаяды және электр энергиясының тапшылығын төмендейді.

P.s. Қазір елде, әсіресе, оңтүстік аймақта энергия жетіспеушілігі байқалып отырғаны мәлім. Тапшылық алдағы жылда арта түсетіндіктен АЭС салу мәселесі күн тәртібіне шығып отыр. Болашақта көмір пайдалану азаятын болса, қуаты көзі біз үшін мүлде қат болмақ. Сондықтан қалпына келетін күн, ауа, жел энергияларын қолдану әлемде өзекті болып отыр. Еуропаның кейбір елі энергияны бір уақыт үнемдеуге көшкені де белгілі. Осы орайда астана, Алматы және Шымкент сынды ірі қалалардың кәсіпкерлері жаппай жасыл технологияға ауысса, жүктеме біршама жеңілдер ме еді.

Жасын Қалибек

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться