Бизнес импорттық тауарды "қазақстандық" деп ресми мойындату схемасын тапты

1573

Үкімет импорталмастырудың, шетелдік өнім өндірісін локализациялаудың жаңа тетіктерін іздеп жатыр. 

Бизнес импорттық тауарды "қазақстандық" деп ресми мойындату схемасын тапты Фото: inbusiness.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 12 қыркүйек күні отандық бизнес өкілдерімен кездесуде батырып, қатты айтты. Оның сөзіне орай сарапшылар тіпті ескі билік тұсында ел қазынасын қолына түсірген ірі инвесторлармен "жаңа Қазақстан" тайталасып жатыр деген пікір түйді. Әңгіме компаниялардың, әсіресе, шетелдік инвесторлардың "жергілікті мазмұнға" мұрын шүйіре қарайтынында болып отыр.  

Сауда жəне интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің мамандары жергілікті үлесті дамытуда қалпымен көзбояушылық орын алып отырғанына назар аудартты.

"Қазіргі кезде қағидаларда көптеген тауарлар бойынша импорттық тауардың өзін "қазақстандық" деп тануға мүмкіндік беретін өндіріс шарттары белгіленген. Мысалы, шығын өлшегіштері бар немесе онсыз сұйық сорғылар өндірісінің жалғыз шарты ғана белгіленген: "дайындау кезінде пайдаланылатын материалдарының құны түпкілікті өнім бағасының 50%-ынан аспауға тиіс". Осы орайда мынадай айла-шарғы қолданылады: "франко-зауыттың" шарттарында нақты нарықтық бағадан 2 есе жоғары құнды мәлімдесе жеткілікті, сонда импорттық тауар қазақстандық тауарға айналып шыға келеді. Мұндай жай ғана құрастырыла салынатын өндірістер де мемлекеттік қолдаудың игіліктерін молынан пайдалануға құқылы", – деді комитет мамандары.

Олардың түсіндіруінше, бұл ретте мемлекеттік бақылау мен қадағалауды, соның ішінде профилактикалық тексерісті жүзеге асыру мүмкін емес. Өйткені бақылаушы орган отандық өнім деп тану туралы сертификатты беруге негіз болған құжаттарға қол жеткізе алмайды.  

Ведомство Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген рәсімдер бұзушылықтарға жедел ден қоюға мүмкіндік бермейтініне шағымданды. Сондай-ақ, үшінші елдерден және Еуразиялық одақ елдерінен әкелінген тауарлар мен олардың құрауыштарының шынайы әкелу бағасын тексеруге де мүмкіндігі жоқ.

Салдарынан бүгінде ресейлік, қытайлық және басқа да жатжұрттық өнімдер "отандық" деп танылып, тендерлерде ұтады, шетелдік инвесторлардың жергілікті мазмұнға қатысты есептерін қолдан, жасанды көркейтуге қатысады.

Қағидалар сертификат берудің негізсіздігі туралы шағым түскен жағдайда оны берушілердің де, алушылардың да жауапкершіліктен жалтаруына кең жол ашады екен.

Үкіметтің тірлігін түсіну қиын. Еліміздегі инвесторларға орасан зор мемлекеттік қолдау көрсетеді, салықтық жеңілдіктір мен преференциялар ұсынады. Бірақ "қарсы талап" қоймайды, нақты қайтарым күтпейді. "Отандық өндірістің" әйтеуір, бар болғанына мәз. Ал ол кәсіпорындар негізінен, көрші алпауыттардан тасыған өнімді жай ғана Қазақстанда қораптаумен, құрастырумен айналысуы мүмкін. Оның үстіне жеңілдіктерді емен-жарқын пайдаланатындықтан, ел бюджетіне жарытып салық аудармайды. Сондай-ақ болашақта әшкереленіп, қудалаудан қорқып, бар тапқан-таянғанын елде қалдырмай, шетелге әкетіп жатады. 

"Қазақстанда мемлекеттік қолдау шараларын берген кезде бизнестен өндірісін локализациялаудың деңгейін арттыру бойынша қарсы міндеттемелер қойылмайды. Бұған қоса, шынайы, нағыз отандық өндірушілерді дамытудың және мемлекеттік қолдаудың үйлестірілген ведомствоаралық саясаты да жоқ. Өндірушілерді дамыту және мемлекеттік қолдау, олардың өнімдерін экспортқа ілгерілету мәселелері бытырап, әртүрлі министрліктер мен ведомстволардың қарауына берілген. Олардың арасында өзара тиімді іс-қимыл жоқ. Жоғары қосылған құны бар өнімдер өндірісі мен олардың экспортының өсуін қамтамасыз етуге қатысты жалпы саясаты та жоқ", – деп түсіндірді Сауда жəне интеграция министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, өндіріске қойылатын шарттар тауар өндірісін Қазақстанда локализациялауды ұлғайтуға бағытталмаған. Салалық меморгандарда мұндай талаптарды қалыптастыру және бекіту бойынша құзыреттер жоқ. Дұрысы, нақты бір орган әрбір өндірушіге өніміндегі жергілікті мазмұның үлесін кезең-кезеңмен нақты қанша пайызға дейін жеткізуге тиістігін белгілеп, талап қойса, жөн.

Ол болмаған соң, қолданыстағы тәжірибеге сәйкес, өндіруші тауар өндірісіне қатысты минималды талаптарды орындаса, жеткілікті, мемлекеттен қолдау көреді. Ал бұл жаңа жұмыс орындарын құруға, салық төлемдерін төлеуге ықпал етпейді.

Мысалы, былтырғы қанды қаңтар оқиғаларынан кейін Еңбек министрі Тамара Дүйсенова, Премьер-министрдің орынбасары болған Ералы Тоғжанов Қазақстанда 2 миллионнан астам жаңа жұмыс орны құрылатынын жариялаған. Бұл екеуі де ол қызметтерінен кетті. Бүгінде Үкімет бұл міндеттемесін еске алмауға тырысады. 

Тізгінін Арман Шаққалиев ұстаған Сауда және интеграция министрлігі қолданыстағы ескі тәсіл Қазақстанда қосылған құны жоғары өнім жасауға және оның шетелге экспортын тиімді қамтамасыз етуге бағытталған "қазақстандық тауар өндірушілерді қолдаудың бірыңғай саясатын қалыптастыру мүмкін емес" деген байламға келіп отыр.

Ендеше салада түбегейлі реформалар керек. Бірақ оған әзірге Шаққалиевтің командасы батпады, батыл қадам жасамады.

Тек министрлік әзірлеп жатқан "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасында салалық меморгандардың тауарлар өндірісін локализациялау, оқшаулау деңгейін арттыру бойынша құзыреті мен міндеттерін бекіту қарастырылмақ.

Қазақстандық Desht институттық трансформация тобы сарапшыларының айтуынша, жаңа заң жобасы ішкі өндірісті ынталандыру үшін реттеушілік шарттарды түзетуді ғана мақсат тұтады.

"Қарсы міндеттемелер тетігінің жоқтығы мемлекеттік қолдау шараларын алатын кәсіпорындарда локализациялау деңгейінің артпауы проблемасына соқтырды. Қазақстанда жергілікті мазмұнның, оқшаулау деңгейінің төмендігі индустриалдық саясат белсенді жүргізіле бастағалы бері күн тәртібінде тұр. Қазіргі уақытта мысалы, отандық автокөлік өнеркәсібіндегі бірқатар кәсіпорындар локализацияның 50 пайыздық деңгейіне жетті. Алайда мұндай локализация шетелден шашып әкелінгенді құрастыру кезінде дәнекерлеу, бояу жұмыстары сияқты күрделі емес операциялар есебінен қол жеткізіледі. Әрине, ол да белгілі бір жұмыс орындарының құрылуына жол ашады. Әйтсе де, бұл өндірістің күрделенуіне әкелмейді. Салдарынан, Қазақстанның экспорттық нарықтардағы бәсекелі артықшылықтары қалыптаспайды, саланың дамуы ынталандырылмайды", – деді топ сарапшылары.

Экономист Марат Ерғозин мұндай көзбояушылықтан мемлекетке қандай зиян келетінін көршінің мысалында түсіндірді. Бұдан бұрын РФ вице-премьері Юрий Борисов "Яковлев" корпорациясы әзірлеп жатқан ресейлік МС-21 орта магистралді жолаушылар ұшағының локализациялану деңгейі 2022 жылы 97%-ға жететінін мәлімдеген. Шынында, қалған 3 пайыз микрочип, қозғалтқыштың тетіктері, электроника, бағдарламалық қамтылым сияқты ең маңыздыларына тиесілі болып шықты. Оларды Ресей жасамайды екен. Сөйтіп, ресейлік МС-21 әлі күнге дейін сериялық өндіріске шыққан жоқ. Осы кезде озық елдерде лайықты техникалық қызмет көрсетілмегендіктен, Мәскеу былтыр шетелдік лизинг берушілерден күштеп тартып алған жолаушылар ұшақтары бірінен соң бірі бұзылып, алды апаттық жағдайда айдалаға қонып жатыр.

Сондықтан сарапшылардың байламынша, көршінің қателігін қайталамау үшін Қазақстан Үкіметі босқа пайыз қумай, анағұрлым "күрделі деңгейдегі локализацияға" мән бергені жөн. Онсыз республика дамыған елдер қатарына жақындай да алмайды. Ал күрделі оқшаулау меморгандардың мамандарынан жоғары біліктілікті, отандық өндірістерден – тиісті кадрларды, мамандандырылған машық, компетенцияларды, жапсарлас өндірістердің дамытылуын талап етеді. Соның бәрін одан ары сату, өткізу үшін ауқымды нарықтар керек. Себебі, жиырма миллионға жетпейтін халқы бар Қазақстанның нарығы тым тар, шағын. Еуразиялық одақтың нарығын Мәскеу шектейді, алыс нарықтарға құлаш ұру керек.

Дегенмен, осы кең ауқымды, ұлы өрісті міндет-мақсаттарды жүзеге асыру біздің Үкіметтің қолынан келер ме екен?

Әйтпесе, мына заң қабылданып, жауапты меморган өндірушілерге оқшаулау жөнінде талап, міндеттеме қою құзырына ие болса да мәселе шешімін таппай, баяғы жартас, сол жартас күйде қалуы мүмкін.

Өйткені бұрынғы жылдардағы дау-жанжалдар көрсеткендей, қарау ниетті кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау есебінен қысқа мерзімде аста-төк табыс табу үшін локализация бойынша кез келген міндеттемеге қол қоя салуға дайын тұрады. Алайда соңынан оны орындауға ықылас, құлық танытпайды.

Мәселен, билік "Азия Авто" кәсіпорнын жеңіл автокөліктер құрастыратын Қазақстандағы екі ірі кәсіпорынның біреуі ретінде дәріптеді. Үкімет оның локализация бойынша міндеттемелерін орындауын талап ете бастасымен, бюджеттен ылан-ойран субсидия қаражат алып келген кәсіпорын 2021 жылы қызметін доғара салды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу