"Бизнес менеджментін меңгеруді мектеп қабырғасынан бастау керек деген ұсынысты қолдаймын"

2528

Young Presidents Organization (YPO) – кәсіпкерлердің халықаралық клубының қазақстандық мүшелері алматылық жастармен бизнес-кейс, тәжірибелері туралы бөлісті.

"Бизнес менеджментін меңгеруді мектеп қабырғасынан бастау керек деген ұсынысты қолдаймын"

BI Group тобының жетекшісі Айдын Рахымбаевтың сөзінен ұққанымыз бизнестегі сәттілік – отбасы, бизнес және жеке хоббиінің үйлесімділігі екен. Үлкен бизнестегі қаржылық капиталын 19 жасында теміржол бекетіндегі вагондардан жүк түсіруден бастапты: Арада біраз уақыт өткенде 500 АҚШ доллары – 5000 АҚШ долларына, сонан соң 50 мың АҚШ долларына жеткен.

Қазір ол басқаратын компанияның қаржылық капиталы 500 млн АҚШ доллары. Рахымбаевтың компаниясының өзге компаниялардан ерекшелігі – акционерлердің қатарын жас мамандармен толықтырып отырады. Бұл "қазақ кәсіпкерлерімен қатарын көбейту" мақсатынан туындағанын айтады. Қазір компаниядағы миллионерлердің қатарына жыл сайын 1 маман қосылып отырады. Рахымбаев жастармен кездескен кезде бизнестегі ширек ғасырында "ақшамды жоғалтып аламын" деген қорқыныш болмағанын тілге тиек етті. Бұған кәсібін тиыннан бастағаны, қолдаушылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болмағаны себеп болыпты.

"Егер, басқаша болғанда қорқынышқа жол берілетін еді. Қайтара алатынымызға сенімді болған кезде ғана несие алдық. Жастар жағы менен жақсы команданы қалай жинауға болады деп жиі сұрайды: Біз – акционерлерміз. Біздің команда дағдарыс менеджерлері. Біздің бизнестегі табыс сыры да осы", – дейді Айдын Рахымбаев.

Кәсіпкер тағдырын бизнеспен байланыстырғысы келетін жастарға Джим Коллинздің "Жақсылықтан – ұлылыққа" деп аталатын кітабын оқып шығаруға кеңес береді екен. Кәсіпкер ұзақ уақытқа дейін өмірінде ғұмырлық үйлесімділіктің түйінін тарқата алмағандай әсерді болып келген. Таңдау жасауға тура келгенде кәсібі басымдыққа ие бола беріпті. Тек 40 жастан кейін ғана өмірінде үйлесімділік орнаған.

"30 жасқа дейін демалыс дегенді білмедім. Шетелге алғаш рет 33 жасымда шықтым. Жұмыс, кәсіп біз үшін өмірлік арманымызға жол ашатын баспалдақ. Мен бұл мектептен өттім. Қазір мен үшін ең қымбаты – менің уақытым. Соңғы жылдары уақытымды жүйелі басқаруға басымдық беріп жүрмін" , – деп атап өтті Айдын Рахымбаев.

"Forbes Kazakhstan" журналының құрылтайшысы Арманжан Байтасов медиаиндустрияның әрбір бұрышынан кәсіп көзін ашуға болатынын тілге тиек етті. Таңдау кезінде тек ірі холдингтерге басымдық беру, Байтасовтың пайымдауынша, өткен уақыттың еншісінде қалған. Қазір бұл сала жылжамдықпен дамып келе жатыр.

"Қазақстанда БАҚ-қа қатысты қолданыстағы заңда түсінбестіктер көп. Медиа салада бизнес бастау үшін алдымен заңға жетік болу керек. Телевидение немесе газет-журнал ашу үшін лицензия алу да қиындап кетті. Ең алдымен компания ашу үшін оның нарықтық құнының қанша болатынын да алдын ала білуің керек", - дейді Арманжан Байтасов.

Арманжан Байтасов Қазақстанның экономикасын түбегейлі өзгерту, жаңа экономиканың негізін қалау жастардың міндеті екенін атады. "Forbes"-тың азиалық рейтингісіндегі миллионерлердің тізімі биыл жасы 30-ға жетпеген 4 қазақ азаматымен толығыпты.

"Қазақ бизнесі жасарып келеді: Бизнес үшін бизнес сабақтастығы маңызды. Біз өз тарапымыздан кейінгі толқын жастармен тәжірибемізді бөлісуге де, олардан қажет болса үйренуге де дайынбыз. Олар тәуелсіздік заманында қалыптасқандар", – деп атап өтті Арманжан Байтасов.

Арман Байтасов inbusiness.kz тілшісімен әңгіме кезінде бір шағын қалада радиостанция ашу үшін 300-500 мың АҚШ доллары, ал телеарна ашу үшін 1 млн АҚШ долларың болуы керек. Бұл тек жұмысты бастау үшін ғана жұмсалатын қаржы. Журнал ашуға 100 мың АҚШ доллары жұмсалса, сайт ашуға 3 мың АҚШ доллары жеткілікті.

"Медиа-бизнесте жұмыс істеу үшін жарнама бизнесінің бағытынан хабардар болу қажет. Оның жалпы құны шамамен 260 мың АҚШ доллары. Сізге ең алдымен бұл қаржыны қандай бағытқа жұмсау қажеттігін түйсікпен сезу маңызды", – дейді Арманжан Байтасов.

Арманжан Байтасов, медиабизнесте мүмкіндіктердің көбейіп келе жатқанын тілге тиек етіп өтті. Мысалы, 1990 жылдары әлеуметтік желінің мүмкіндігі және одан бизнес жасау үш күн ұйықтаса түске кірмейтін арман екен. Ал қазір бәрі мүмкін.

"Қазір қазақстандық блогерлер мен вайнерлер әлеуметтік желінің көмегімен жақсы табыс тауып жүр. Бірнеше жылдан кейін әлеуметтік желі дәстүрлі медиаға бәсеке болатынын сезіп жүрміз", – деп сөзін түйіндеді Арманжан Байтасов.

"Globalink Logistics Group Ltd" компаниясының бас директоры Сиддик Хан өзінің бизнестегі табысының сырын деректерді басқару, оны өзіне жұмыс істету мен жақсы командадан іздейді екен.

Бизнестегі сәттілігін командасының кәсібилігінен көретін кәсіпкер үшін қаржы келіссөздерде ғана маңызды рөл атқарады.

Бәсекеге қабілетті мықты бизнес ашу үшін бизнесіңнің мүмкіндігі қандай екеніне баға бере алу маңызды. Содан кейінгі фактор, Сиддик Ханның пайымдауынша, тиімділіктің нақты көрсеткіштерін дұрыс талдай білу. Ең басты фактор – бағыт-бағдарыңды уақыттың ыңғайына қарап өзгертіп отыр, уақытқа бейімделу – нарықтың беталасына бейімделуді білдіреді.

"Командаңа білікті мамандардың қосылуы – табыс формуласының кілті", деп атап өтті Сиддик Хан мырза.

Phaeton DC комманиясының бас директоры Марат Шотбаев та ішкі түйсік бизнестегі сәттіліктің негізгі кілті екенін айтады. Мүмкіндігіңнің 101 пайызын жұмылдырып жұмыс істегендердің жолы болмауы мүмкін емес.

"Менде мемлекеттік қызметте мәнсап баспалдағы бойынша өсудің барлық мүмкіндігі болды, бірақ жеке секторға ауысамын деп шештім. Байланыстарды ғана емес, қандай бағыттарға басымдық беруді үйрендім. Жеке бизнесті 50 мың АҚШ долларымен бастадым. Арада 5 жыл өткенде компаниямның қаржылық капиталы 50 млн еуроға жетті", – дейді Марат Шотбаев.

Марат Шотбаевты өз ортасы қазақ бизнесінде жаңалықтар енгізген реформатор ретінде таниды екен.

"Кәсібім – жаңалықтың алдын орап жүруді міндеттейді. Тәжірибем, техникалық білімім және ұсыныстарымның нәтижесінде Phaeton DC компаниясын аяққа тұрғыздық", – дейді Марат Шотбаев.

Жастармен кездесудің түйінін қортындылаған Айдын Рахымбаев қазақ жастарының бизнес жүргізуі туралы көзқарасы заманауиланып келе жатқанын жеткізді.

"Бизнесті тек алып-сату деп қарайтын кез өтті. Бизнес менеджментінің қыр-сырын үйренуді мектеп қабырғасынан бастау керек деген ұсынысты қолдаймын. Егер құзырлы орындар тарапынан ұсыныс түсіп жатса, біз қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл онлайн бағдарлама бола ма, әлде технологияның басқа мүмкіндігін қолдана ма, оны тиісті орындар шешеді", – деп сөзін қорытындылады Айдын Рахымбаев.

Рауан Ілиясов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу