Бизнес субъектілеріне демалыс күндері жұмыс істеуге рұқсат беру қажет

1758

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы осындай бастама көтеріп, Үкіметке ұсыныс жасады.

Бизнес субъектілеріне демалыс күндері жұмыс істеуге рұқсат беру қажет

Бұл туралы Үкімет отырысында "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Оның дерегінше, Ashyq мобильді қосымшасын 4 млн-нан астам қолданушы пайдаланып отыр. Қосымша арқылы 12 сәуірден бері өзін-өзі оқшаулау режимін бұзған 46 мың адам анықталды, олардың 29 мыңнан астамы "қызыл", 16 мыңы "сары" түсте болды.

"Өз мәртебесін онлайн режимде тексеру үшін тестілік QR жұмыс істейді. Сол арқылы тәулігіне 400 мыңдай адам тексеріледі", – деді басқарма төрағасының бірінші орынбасары.

Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, шілде айының басынан бастап сауда орталықтары мен базарлар жобаның толыққанды қатысушысына айналды. 200 мыңға жуық сауда субъектілерінің қосылуы арқылы жобаның ауқымы ұлғайды және карантин талабын бұзушыларды анықтау 10 есе өсті.

"29 шілдеден бастап жобаға қосылатындар үшін QR код алу тәртібі жеңілдетіліп, процестер автоматтандырылды. Нәтижесінде бұл істі жүзеге асыру мерзімі 9 күннен 10 минутқа дейін қысқартылды. Бұрын 3 ай ішінде жобаға аптасына 1000-ға жуық субъект қосылса, қазір олардың саны 100 мыңға дейін өсті. 2 апта ішінде көрсеткіш 5 есе ұлғайды. Жобаға қосылуда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды, Атырау облыстары белсенділік танытып отыр", – деді басқарма төрағасының бірінші орынбасары.

Оның сөзінше, өткен 2 аптаның нәтижесінде чекиндердің "нөлдік" саны бар аутсайдерлер 3,8 мың бизнес субъектісін құрады, "-20" чекині бар аутсайдерлер саны 6,2 мыңға жетті. 

"Бұлар QR алғанымен келушілерді тіркемеген. ВАК шешімімен Ashyq жобасының талабына бағынбаған субъектілер мониторингтік топтың тексеруінсіз-ақ жобадан шығарылады. 10 мыңнан аса бизнес субъектісі жобадан уақытша алынып тасталады. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, аутсайдерлер алғашқы кезде 1 аптаға, бұзушылықты қайталанған жағдайда 2 аптаға және 3 - бұзушылық анықталған жағдайда 1 ай мерзімге жобадан шығарылады", – деді Нариман Әбілшайықов. 

Оның айтуынша, үкіметтің қолдауын қажет ететін бірқатар мәселе бар.

"Біріншіден, жобаның адал қатысушыларын ынталандыру мақсатында оларға демалыс күндері жұмыс істеуге рұқсат беруді сұраймыз. "Қоңыр-қызыл" аймақта бастапқыда сенбі күні сағат 22.00-ге дейін, ал Ashyq жобасының көшбасшыларына сағат 24.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат беруді ұсынамыз. Екіншіден, 10 тамыздан бастап қызметкерлерді міндетті түрде бірінші компонентпен егу күшіне енді. Осы орайда нақты тексеру алгоритмі бекітілмеген. Мониторингтік топтар субъектілерді қалай тексеретіні түсініксіз. Үшіншіден, өңірлерде орын алған түрлі жағдайларға байланысты Ashyq жобасы бойынша бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің бірыңғай қаулысын орнатуды ұсынамыз. Бұған дейін бұл ұсыныс ескерілген болатын, бірақ "қызыл" аймақ енбей қалып отыр. Осы талапты "қызыл" аймақтағы өңірлерге таратуды сұраймыз. Өйткені қазір өңірлердің басым бөлігі "қызыл" аймақта", – деді "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі. 

Қанат Махамбет
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу