Бизнесмендерді басыартық есептіліктен босатқан жөн бе?

3148

Қазақстан Еуразиялық одақ елдерінің ішінде алғашқы болып, 2019 жылы жаппай "электронды шот-фактура" (ЭШФ) жазуға көшті. Бұл істе өңірдегі көшбасшыға айналды. Бірақ бұл мақтанышқа арқау болмай тұр.  

Бизнесмендерді басыартық есептіліктен босатқан жөн бе?

Шенеуніктер 3,5 жыл бұрын Салық кодексіне тиісті өзгерістерді қорғағанда, осының арқасында көлеңкелі экономика күрт азаяды деп сендірді. ЭШФ енгенімен, "көлеңкелі" сектор сол бұрынғы жоғарғы үлесін сақтап қалды. Тек ресми бағалау бойынша 26%-дан асады.

Оның орнына кәсіпкерлерге күнделікті қайталанатын машақат әкелді. Бизнес субъектісінің бухгалтері Алтын Сейсембекова "Электронды шот-фактура" ақпараттық жүйесінің порталы үнемі ілініп тұрып қала беретінін, іске қосылғанымен ақаулы жұмыс істейтінін айтады.

"Барлық жолданған ЭШФ-лар мен тауарларға ілеспе жүкқұжаттар (СНТ) 1С-те "қатқан" күйде тоқтап қалады да, біраздан соң сервер ол құжаттардың мәртебесін "кері қайтарылдыға" жатқыза салады. Бірақ шынында порталда сол ЭШФ-ларымызды сервердің қабылдағаны көрініп тұрады. Біз амалсыз, ЭШФ ақпараттық жүйесі мен 1С бағдарламасын қатар ашып, ақпараттық жүйеден идентификаторды көшіріп, 1С-ке қолмен енгізуге мәжбүрміз. Тек осыдан кейін ғана сервер "қайтарып тастаған" шот-фактураларымыз 1С бағдарламасында қабылданған мәртебесіне ие болады", – дейді ол.

Кәсіпкерлердің бұл тауқыметтерінен хабары жоқ адам "мәселе солай шешілетін болса, көшіруге қинала ма?" деп бас шайқауы мүмкін. Бірақ компания маманының айтуынша, тек бір күн ішінде осылайша 7 000 бірлік ЭШФ толтыруға тура келеді екен. Яғни 7 мың шот фактураның әрқайсысын жеке-жеке ашып, қолмен өңдеу керек. Бұдан кейін елде еңбек өнімділігі де болмайды, мамандардың жүйкесі де жұқарады. Оның үстіне талап бойынша күн соңына дейін жабылуға тиіс шот-фактураны ертеңге қалдыруға болмайды. Әр ЭШФ өз мерзімінде шұғыл тапсырылуы шарт. Сонда есепші маман бухгалтерлік есеппен қашан айналысады?

Есепшілер түнде жұмыс орнында қалуға тура келетінін жеткізді.

Серверлер артық жүктемеден "ауырып" қалады

Проблеманың ауқымын түсіну үшін тағы бір мысал келтірсек. Ұялы байланыс операторларына ай сайын бірнеше миллион (!) электронды шот-фактура шығаруға тура келуде.

"Ұялы байланыс қызметін көрсететін компания клиенттерінің басым көпшілігі – жеке тұлғалар. "Кселл" ай сайын ЭШФ порталына шамамен 6 миллион электронды шот-фактура орналастырады. Соның ішінде 5,5 миллиондайы – жеке тұлғаларға қатысты. Әрине, осынша ЭШФ Мемлекеттік кірістер комитетінің серверлеріне де, сондай-ақ компанияның жүйесіне де орасан зор жүктеме түсіреді. Компания әртүрлі деңгейдегі салық органдарына жүгініп, жолданған ЭШФ реестрін бөлек жүктеп алуды сұрады. Бірақ еш нәтиже шықпады. Себебі мемкірістер органдарында осынша ауқымды деректерді бөлек жүктеуге техникалық мүмкіндігі жоқ", – дейді "Кселл" АҚ өкілі Александр Крутоголов.

Мұндай "электронды қағазбастылық" өзге түйткілді туындатады. Кәсіпкерлік нысандары ЭШФ порталындағы деректер мен қосылған құн салығы декларациясындағы деректер арасында айырмашылық туындағаны туралы хабарламаларға уақытында әрі толыққанды жауап бере алмайды. Бұл аз болғандай, ЭШФ жазатын бизнес нысандарының контрагенттеріне – серіктес кәсіпкерлерге де сондай хабарламалар келетін көрінеді, бірақ олар да қажетті ақпаратты толыққанды өңдей алмай жатады. Бұл мая шөптің ішінен инені тауып, суырумен тең.

Салықшылардың да қаптаған ЭШФ легін дер кезінде өңдеп, жалған шот-фактураларды тегіс әшкерелеуге мұрша-мүмкіндігі жете бермейтіні жасырын емес.

Бұл ретте ұялы байланыс операторларының мынадай күрделі мәселесі бар. Абоненттер балансын әртүрлі жолмен толтырады. Мысалы, банк картасынан, банк қосымшасынан ақша аударады. Оператордың қосымшасын, корпоративтік сайтын пайдаланады. Төлем терминалдары, банкоматтар, POS терминал арқылы енгізеді. Egov, Killbill, Киви, Касса24, Киберплат, РПСАзия және басқаларын қолданатындар бар. Тіпті өңірлерде ұялы оператор бөлімшесіне кіріп, сондағы касса арқылы толтыратындар жетерлік. Кейбір оператор балансты автотолтыру сервисін ұсынады. Клиенттің өзі белгілеген мерзім мен ережеге сәйкес, оның банк картасынан баланс автоматты түрде толтырылып тұрады. Лезде төлеу карталары мен ваучерлер де әлі күнге қолданыста.

Содан абоненттік төлем төлеу мерзімі жеткенде, оператор қажетті соманы баланстан шешіп алады. Міне, осы кезде сол табысқа салық дұрыс есептелуі үшін ЭШФ да дұрыс толтырылуы қажет.  

Дегенмен бай әрі билікте қолдаушылары бар ұялы операторлардың бұл мәселесі алда шешілетінге ұқсайды. Оларға жеке тұлғалардың балансын толтыруға қатысты шот-фактура жазбауға рұқсат етіліп жатқан көрінеді.

Ал басқа кәсіпкерлерде мәселе қалуда.

Бизнесті рұқсатсыз тексеру құралына айналды

Қазақстанда компаниялар, шетелдік заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер ғана емес, сонымен қатар нотариустар, сот орындаушылары, адвокаттар және кәсіби медиаторлар да ЭШФ жазуға міндеттелген.

Нұр-Сұлтан тұрғыны Айман жеке нотариус болып, былтырғы наурыздан бері жұмыс істей бастапты. Бұдан екі жылдай бұрын "Ана мен бала" атты жеке кәсіпкерлігі болған, бірақ әрекет етпейтін болғандықтан, 2019 жылдың соңына қарай оны жауып тастайды.

"Енді ол проблема болып, алдан шығып отыр. kgd.gov.kz порталында "жеке практикамен айналысатын тұлғалар" бөлімінде 2020 жылғы тамыздан бері нотариус ретінде тіркеуде тұрмын. Дегенмен дәл осы порталдың "жеке кәсіпкерлер" бөлімінде мен "Ана мен бала" ЖК басшысы ретінде есепте тұрмын. Содан esf.gov.kz сайтында электронды шот-фактура жазайын десем, нотаруис ретінде ЭШФ шығара алмаймын. Тиісінше, нотариус ретінде менің атыма ұсынылған ЭШФ-ларды да ала алмаймын. Өйткені бұл сайт мені жеке кәсіпкер ретінде ғана көреді", – деп қапаланады Айман.

Осының кесірінен ол Kaspi Pay-ге қосыла алмапты. Жүйе оны нотариус ретінде танымайды. Маман қаншама мекемені адақтап шыққан.

"Esf.gov.kz сайтының техникалық қолдауына әлденеше рет жаздым, олар сол бойы маған көмектесе алмады. Есіл ауданы бойынша салық комитетіне бардым, олар жеке кәсіпкерлігімнің жабылғанын және салық органында тек нотариус ретінде ғана есепте тұрғанымды алға тартады. 1414 бірыңғай байланыс орталығын мазаладым, EgovKzBot2.2 телеграм-каналына да жаздым. Бір жыл болдым, мәселемнің шешілуіне қол жеткізе алар емеспін", – дейді елордалық нотариус.

Өз кезегінде Мемкірістер органы әрбір шағымданушының өтініші жеке қаралып, шешім қабылданатынын білдірді. Портал мен ақпараттық жүйелерді жетілдіру жұмыстары жүргізілуде деседі.

Бизнес-омбудсмен Р.Жүрсінов ЭШФ мәселесін біраздан көтеріп келеді.

"2019 жылы Қаржы министрлігі пилоттық жобаны іске қосты, мақсаты – тәуекелі жоғары компанияларды бастапқы сатыда анықтап, олардың ЭШФ жазуының алдын алу. Мемкірістер комитеті ұсынған жаңа пилоттық жобаның мәні – тәуекелдің алдын алу арқылы адал кәсіпкерлерді қорғау болатын. Яғни МКК ЭШФ ақпараттық жүйесіне қолжетімділікті шектеу арқылы жосықсыз кәсіпкерлерді анықтаудың қысқа жолын қарастырды. Бірақ пилоттық жобаның мақсаты мүлде өзгерген тәрізді, нәтижесі біз күткендей болмады", – дейді Рүстем Жүрсінов.

Қазір Үкімет ҚҚС әкімшілендіру бойынша пилоттық жобаны енгізуде. Ол да мәселелер тасқынын туғызуда.

Жоба іске қосылған уақыттан бері барлығы 7 588 ЭШФ бойынша үзінді көшірмеге қолжетімділік бұғатталған. Кейін 2 224 салық төлеуші немесе 30% бойынша шектеу алып тасталды. Күні бүгінге дейін 5 364 салық төлеуші немесе 70%-ы бойынша шектеулердің күші жойылған жоқ. Шектеулерді алып тастау мерзімдері сақталмайды.

Сондай-ақ салықшылар бұл тетікті жоспардан тыс тексерудің құралы ретінде қолданатын болып шықты.

"Нақты мәміле мен өзара есептеулерден басқа кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметі бойынша құжаттар да сұратылады. Бұл Салық кодексінде көзделген рәсімдерді қолданбай "құжаттық салықтық тексеру" болып табылады", – дейді бизнес-омбудсмен.

Ол осыған байланысты Үкіметке хат жолдапты.

Көлеңкелі экономикамен күрескен дұрыс. Бірақ ол күрес бірінші кезекте адал кәсіпкерлерді қалжыратып кетпегені жөн.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу