Бизнестің жолға қатысты жанайқайына билік құлақ аспады

4126

"ҚазАвтоЖол" басшылығы жаңарды, бірақ жаңалық та, жеңілдік те жоқ. 

Бизнестің жолға қатысты жанайқайына билік құлақ аспады

Құнтты қожайынға жарымаған қайран жолдар...

Кейінгі кездері "ҚазАвтоЖол" деп аталатын квазимемлекеттік алпауыттың айналасында келеңсіз жағдайлар өршіп тұр. Мысалы, былтырғы наурызда сот дәл осы ұлттық компанияның маңғыстаулық филиалының экс-директорын және оның орынбасарын 6 жылға соттады. Олар аса қомақты пара алу үстінде ұсталған. Ұсталмағаны қанша?!  

Айтқандай, әлгі екеуі өз өкілеттігін теріс пайдаланып, "Бейнеу–Ақжігіт–Өзбекстан шекарасы" халықаралық жолын салған мердігерлерге бұзушылықтары үшін жазадан құтылып кетуге көмектесіпті. Тағы қанша басшы сапасыз жол салушыларға қамқор болып жүргені беймәлім, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Қалай болғанда, бір жыл өтпей шұрық-тесік жағдайға жететін жаңа жолдардың жайы ел басшылығын да алаңдатып отыр. Шыдамы таусылса керек, өткен аптада Мемлекет басшысы жолдардың жаман сапасы үшін бірнеше шенеунікті отставкаға жіберді. Осы саладағы жұмыстарды және бақылауды босаңсытып алғаны үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек  Бармақов, Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов, БҚО әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов, СҚО әкімінің орынбасары Иван Турков қызметінен босатылды.

Президенттің сынына ұшыраған "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ұлан Әліпов те отставкаға кетті.

Әйткенмен, оның орнына келген, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 22 сәуірдегі бұйрығымен "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалған Асқар Мұратұлы да келмей жатып сөзге ілікті. Azattyq Rýhy хабарлауынша, "ҚазАвтоЖолдың" жаңа басшысы кезінде автомобиль басқару құқығынан айырылыпты.

"Ғаламторда Асқар Мұратұлының өткеніне қатысты қызықты әрі жанжалды жағдайлар белгілі болды. "ҚазАвтоЖол" ҰК-ның жаңа басқарма төрағасы Асқар Мұратұлының алты жыл бұрын заңды бұзғаны әшкереленді. Ақмола облысында аудан әкімі болғанда ол жалған нөмірлері бар автокөлікпен жүруден арланбапты. 2015 жылғы 8 ақпанда полицейлер оның Toyota Land Cruiser 200 маркалы автомобилін тоқтатады. Машинаны тексере келе, олар оның нөмірі жалған екенін анықтайды. Құқық қорғаушылар әкімшілік хаттама толтырып, істі сотқа берген. Судья әкімді бір жылға көлік басқару құқығынан айырды. Сондай-ақ сот Асқар Мұратұлына қатысты тәртіптік жаза қолдану туралы шешімді Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке жолдады", – деп жазды агенттік.

Ақылы жолдар кәсіпкерді зәрезап етті

"ҚазАвтоЖолды" "майшелпек" компанияға айналдыратын бірінші фактор – бюджеттен жүздеген миллиард қаражат шығындалатын жол құрылысы. Екіншіден, "ҚазАвтоЖол" жыл сайын саны мен шақырымы артып келе жатқан ақылы жолдардан да миллиардтар жинайды.

Бірнеше компанияның құрылтайшысы Закир Исмазов "ҚазАвтоЖол" басшылығына хатында одан осы тараптағы тәбетін басуды сұрады.

"Сіздерден ақылы автомобиль жолдарымен, соның ішінде әсіресе, "Алматы–Қорғас" жолымен жүру төлемінің ставкасын қайта қарауды өтінемін. Ең құрығанда, осы жолдармен жүретін жергілікті кәсіпкерлерге жеңілдік жасалса дейміз. Біздің компаниялардың филиалдары Алматы облысының Ұйғыр ауданында орналасқан. Жүк көліктері әрлі-берлі осы ақылы жолмен үнемі жүруге мәжбүр. Ол жолға басқа балама көзделмеген. Біздің жүк көліктеріміз онымен әрі кетсе, 19 шақырым ғана жүреді. Алайда осы жер телімін ұлттық компания Алтынкөл–Панфилов және Панфилов–Ұйғыр деп екіге бөліп қойған. Салдарынан бірден 224 шақырым үшін төлеуге тура келеді. Осылайша, бір көлік үшін тек бір бағытта 4640 теңгеден көп алады", – дейді кәсіпкер.

Ақылы жолға шығатын тұста ақы жинау бекетінің болмауы кесірінен кәсіпкерлер ол жолмен жүру төлемін кейін ұлттық компания жіберетін шот-фактуралар негізінде өтейді.

"Біздің жұмысымыз маусымдық сипатқа ие. Кейінгі жолы жолданған шот уақытында төленбеді. Сондықтан компанияма қатысты экономикалық сотқа талап арыз түсірген. Оның үстіне бір жылдан асқан пандемия және карантиндік шектеулер фирма жұмысына теріс әсер етуде. Салдарынан, бүгінде компанияның ақылы жол үшін қарызы бірнеше миллион теңгеден асып кетті. Сондықтан ақылы жолдардың төлемі ставкасын төмендетуді сұраймыз. Пандемия бизнеске қиын тиіп отыр. Немесе жергілікті жүк көліктеріне арнап, абоненттік төлем енгізілсе, бұл отандық кәсіпкерлерге қолдау болар еді", – дейді жетісулық бизнесмен.

"ҚазАвтоЖол" отандық кәсіпкерлерді қолдаудан бас тартты:

"Алматы–Қорғас" ақылы учаскесі бойынша төлем ставкасын өзгерту мүмкін емес. Ақылы учаскенің әрбір бөлігі үшін төлем ставкасы министрдің бұйрығымен бекітіледі. Заңға сәйкес, ақылы жолмен жүру автомобиль жолын пайдаланушы мен ұлттық оператор арасындағы бұқаралық келісім негізінде жүзеге асырылады. Бұл келісім көлік ақылы жолға шыққанда бекітілді болып саналады. "Алматы–Қорғас" ақылы учаскесінде 6 бақылаушы арка орнатылған. Олар көліктерді фототіркеумен және төлем есептеумен айналысады. Ақы жинау жүйесі көліктің ақылы жол ішінде қанша шақырым жүріп өткеніне қарамастан, аймақтар бойынша төлем есептейді. Яғни, бақылау аркасын кесіп өтсе болды, екі аймақ үшін төлем есептеледі", – деп жауап қатты "ҚазАвтоЖол" өз басшысының ресми блогында. 

Кәсіпкердің соры да сонда: небары 19 шақырым жүріп өткенімен, екі ортада "Ұйғыр" және "Панфилов" аймақтарын басып өтеді. Ал бақылаушы арка оған осы екі аймақ (224 шақырым) үшін төлем жазады.

Ұлттық компания осылай байып отыр.

"ҚазАвтоЖол" ақылы жол үшін қарыз болған кәсіпкерлерді сотқа беретінін ескертті. Ал абонеттік төлем жүйесі тек жергілікті тұрғындардың жеңіл көлігі үшін ғана қолжетімді болып қала береді екен.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу