Bloomberg: Путин Еуропаға қарсы жаңа қару тапты, ол – қазақ мұнайы

5885

Каспий құбыр консорциумының (КҚК) тоқтауы Ресейге зиян келтірмесе де, "Қарт құрлықты" күніне миллион баррель мұнайдан айырайын деп отыр.  

Bloomberg: Путин Еуропаға қарсы жаңа қару тапты, ол – қазақ мұнайы

Ресей Президенті Владимир Путин Украинаны жақтаған Еуропа елдеріне қарсы жаңа қару тапты. Ол – қазақ шикізаты. Мұны "Блумберг" агенттігінің мұнай жөніндегі стратегі Джулиан Ли хабарлады.

Оның дерегінше, Еуропаның Ресей мұнайына жариялаған санкциясы өз күшіне желтоқсанның 5-де енеді. Ал әлемнің индустриалдық 7 мемлекет РФ-ның энергетикалық шикізатының бағасын шектеу жолдарын қарастырып жатыр. Путин болса Батыстағы қарсыластарының бәрінен ертерек қимылдауды жөн көрген.

Айта кетсек, осы аптада Новороссийск соты теңізге мұнай төкпеу туралы ереже бұзылды деген себеппен Каспий құбыр консорциумына Қара теңіз жағалауындағы экспорттық терминалынан мұнай тасымалдауға 30 күн тыйым салды.

Бұл құбырдан өтетін энергетикалық шикізаттың басым бөлігі – қазақ мұнайы. Ресей өзінің көмірсутегін КҚК-ға жүгінбей-ақ басқа жолмен де экспорттай алады.

КҚК-мен тасымалданатын мұнайдың үштен екі бөлігі Еуропаға жеткізіледі. Алайда Ливия өз ішіндегі көтерілістерге байланысты Еуропаға көмірсутегін жөнелтуді жартылай қысқаруға мәжбүр. Бұған қоса, Еуропа Ресейден мұнай импорттауды азайтып жатқаны белгілі. Ал сот шешімінен кейін тәулігіне 1,5 миллионға жуық баррель мұнай онсызда энергетикалық тапшылықты сезіне бастаған еуропалық нарыққа жетпейін деп отыр.

20 жылдан астам уақыт салыстырмалы түрде ақаусыз жұмыс істеген КҚК құбыры Путин әскері Украинаға басып кіргеннен кейін және Еуропа елдері Киевтегі үкіметке көмек пен қару-жарақ жіберген айларда кідіре бастады.

Наурызда дауылдан бұл терминал бірнеше аптаға істен шығып, сәуір айына дейін мұнай ағынын қысқартты. Мамырдағы тыныштықтан кейін теңіз түбі зерттеліп, маусымда су астынан Екінші дүниежүзілік соғыстан қалған мина анықталды. Бұл жағдай үш қалқыманың екеуінен шикізат тиеуді тоқтатуды талап етті. Енді КҚК-ға қайтадан соққы беріліп отыр.

Егер құбыр іс жүзінде тоқтатылса, бұл жағдай Ресейдің мұнай экспортына ешқандай әсер етпейді. Өйткені Ресейден шыққан мұнай КҚК арқылы өтетін шикізат көлемінің шамамен 10%-ын ғана құрайды және де Мәскеу сол мұнайды басқа нарыққа да бағыттай алады. Үлкен соққыны сезінетін – Қазақстан. "Блумбергтің" мәліметінше, біздің ел мұнай экспортының 80%-ға жуығын осы КҚК арқылы жүзеге асырады.

"Бірақ күніне миллион баррельдей жеңіл мұнайдан айырылу – Еуропа үшін ауыр соққы. КҚК ағынын қысқа уақытқа болса да тежей отырып, Ресей бағаны өсіріп, іс жүзінде экспорттан түсетін мемлекет кірісін арттырып, отынға зәру Батысты жазалауы мүмкін", – дейді америкалық агенттік тілшісі.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу