Бобиржан Моминов: Әлемдік деңгейде жұлдыз болғанда ғана емес, дәл қазіргі сәтте қолдау керек

1748

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Проспорт.кз сайтына берген сұхбатында америкалық Кэмерон Краэлді жеңгеннен кейінгі әсерімен бөлісіп, Сауль Альвареспен достығы жайлы, сондай-ақ жекпе-жекті тікелей эфирден көрсете алмаған отандық телеарналардан көңілі қалғандығын айтты. 

Бобиржан Моминов: Әлемдік деңгейде жұлдыз болғанда ғана емес, дәл қазіргі сәтте қолдау керек

- Бобиржан, америкалық Кэмерон Краэлді жеңгеннен кейінгі әсерімен бөліссеңіз. Көрсеткен нәтижеңізге көңіліңіз тола ма?

- Рингке қайта оралып, осындай маңызды кездесуде жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Бұл күнді ұзақ күттім. Қалай болғанда да үзіліз аз уақыт болған жоқ. Көрсеткен нәтижеме көңілім толады.

- Жанкүйерлерсіз жекпе-жекке шығу ерекше болған шығар. Турнирдің ұйымдастырушылары санитарлық талаптарды қаншалықты сақтады?

- Көрермендер кез-келген спортта маңызды рөл атқарады. Оның ішінде бокс та бар. Шынымды айтсам бұл жолы маған бәрі бір болды. Өйткені мен боксты қатты сағындым. Рингке шығып, керемет әсер алғым келді. Турнир жоғарғы деңгейде өтті. Ұйымдастырушыларға бес деген баға беруге болады.

- Сен Тор Rank бокс кешінде шаршы алаңға шықтың. Бұл аталған промоутерлік компаниямен келісім-шартың бар деген сөз бе?

- Бұл Top Rank-тың ұйымдастыруымен өткен менің екінші жекпе-жегім. Промоушнмен достық қарым-қатынастамыз. Келісім-шарт бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Сонда өнер көрсетіп жүргеніме көңілім толады.
- Осыған дейін Руслан Мәдиевпен сұхбаттасқанымызда саған ағайынды Диастардың залында жаттыққан ұнайды деп айтқан болатын. Серіктестікті бұдан кейін де жалғастырасыз ба?

- Иә, Руслан дұрыс айтады. Жаттығу залында мен өзімді жайлы сезінемін. Алғашқы күннен бастап бапкермен жақсы қарым-қатынас орнады. Біз бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Құдай қаласа бұдан кейін де олармен жұмыс істеуді жалғастырамын деп отырмын.

- Сен көптеген танымал боксшылармен бірге жаттығып жүрсің. Солардың  ішінде қайсысымен жекпе-жекке шығар едің?

- Жаттығу барысында әр-түрлі боксшылармен жұдырықтасамыз. Барлығы тәжірибелі және өз ісінің шебері.  Олардың басым көпшілігімен, оның ішінде Канэломен де доспын. Ал болашақтағы қарсыластарыма келер болсақ,  менің алға қойған мақсаттарым бар және соған жету үшін кез-келген қиындыққа төтеп беруге дайынмын. Менен рейтингі жоғары болғанына қарамастан кез-келген боксшымен шаршы алаңға шығуға дайынмын.

- Қазақстанға оралу жоспарыңызда бар ма?

- Осы тұста бір нәрсені атап өткім келеді. Мен өз елімді, халқымды жақсы көремін. Су ішкен құдығыма түкірмеймін. Бірақ, шындықтың бетіне қарау керек. Жекпе-жегімді де көрсете алмайтын Қазақстанға неге қайта оралуым керек? Қазіргі таңда, пандемияда тамашалайтын ештеңе жоқ кезде қазақстандық жанкүйерлерге менің жекпе-жегімді пираттық сайттардан іздеуге тура келді. Бұл жағдай көңілімді қалдырды. Менің АҚШ-та өткен жекпе-жегім Әлемге әйгілі ESPN арнасында көрсетілді. Бізге, спортшыларға тек Әлемдік деңгейде жұлдыз болғанда ғана емес, дәл қазіргі сәтте қолдау керек.

Естеріңізге сала кетсек, Бобиржан Момынов 17-маусым күні Лас-Вегастағы MGM Grand аренасында америкалық Кэмерон Крейлден басым түсті. Осылайша, Бобиржан қатарынан 11 жеңіске жетіп, оның сегізін мерзімінен бұрын аяқтаған.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу