Бокстан әлем чемпионатының жеребе тарту рәсімі өтті

1557

Әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 2,6 миллион АҚШ долларын құрайды.

Бокстан әлем чемпионатының жеребе тарту рәсімі өтті

Белградта басталған бокстан әлем чемпионатында жеребе тарту рәсімі өтті. Осылайша, Қазақстан құрамасы әлемдегі ең мықтылар сайысындағы алғашқы қарсыластарының есімдерін білді.

Еліміздің атынан 13 былғары қолғап шебері өнер көрсетеді. Олар Теміртас Жүсіпов, Сәкен Бибосынов, Махмуд Сабырхан, Серік Теміржанов, Саматәлі Толтаев, Санатали Толтаев, Абылайхан Жүсіпов, Асланбек Шымбергенов, Нұрқанат Райыс, Бек Нұрмағанбет және Айбек Нұрбек, Нұрбек Оралбай.

Жеңіл салмақта өнер көрсететін боксшымыз Теміртас Жүсіпов жарысты екінші кезеңнен бастайды. Қазақстандық алғашқы кездесуін Мухаммад Унлу (Түркия) мен Эдмонд Худоян (Сербия) арасындағы кездесудің жеңімпазына қарсы өткізеді.

51 келіге дейінгі салмақта екі Олимпиада жүлдегері алғашқы белдесулерін өткізеді. Олимпиаданың қола медалисті Сәкен Бибосынов пен оның қарсыласы Олимпиада чемпионы өзбекстандық Хасанбой Дусматов әлем чемпионатының жүлдесі үшін таласады. Бұл салмақта барлығы 31 елдің өкілдері Сербиядағы рингке шығады.

54 келіге дейінгі салмақта ел намысын Махмуд Сабырхан қорғайды. Турнирдің келесі кезеңіне өту үшін ол Оңтүстік Корея өкілімен жұдырықтасады.

57 келіге дейінгі салмақта 44 шебер бірден үздіктер қатарына енуге тырысады. Серік Теміржановқа Моңғолиядан келген Азия чемпионы Хархуугийн Эн-Амар қарсылас атанды.

60 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша ағайынды Төлтаевтардың бірі Саматәлі бірінші жекпе-жекке қатыспайды.

Саматәлінің егіз ағасы Санатәлі Толтаев 63,5 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасады. Ол Молдовадан келген Чеботаримен кездеседі.

Команда капитаны Абылайхан Жүсіповтың  алғашқы қарсыласы тайпейлік Лин Ю болады. Әлем чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы Абылайхан 67 келіге дейінгі салмақ бойынша шаршы алаңға шығады.

Ауыр салмақта Асланбек Шымбергенов ел намысын қорғайды. Алғашқы жекпе-жекте ол Моради Аташгаммен (Иран) жұдырықтасады.

1/32 финалдан Нұрқанат Раис та әлем чемпионатындағы жорығын бастайды. Оның қарсыласы Черногория өкілі Савкович болмақ.

80 келіге дейінгі салмақтағы тағы бір қазақстандық боксшы Нұрбек Оралбай жарысты екінші айналымнан бастайды.

Бек Нұрмағанбет доданы 1/16 финалдан бастайды. 86 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде оның қарсыласы Бразилия спортшысы – Мачадо. 92 келіге дейінгі ауыр салмақта Айбек Оралбай Польшадан келген боксшы Березницкиді жеңуге тырысады.

92 келіден жоғары салмақ бойынша бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Нұрлан Сапарбай 1/16 финалда Друси Гадфамен (Испания) кездеседі.

Бокс жанкүйерлері әлем чемпионатын тікелей эфирде тамашалай алады. Көрсетілімді Qazsport телеарнасы ұйымдастырады. Күндізгі сессия сағат 17: 00-де, кешкі сессия – Нұр-Сұлтан уақытымен 22:00-де басталады. Әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 2,6 миллион АҚШ долларын құрайды. AIBA тарапынан алтын жүлдегерлер 100 000 доллар, күміс жүлдегерлер 50 000 доллар, қола жүлдегерлер 25 000 доллар алады. 2021 жылғы бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионаты 24 қазан мен 6 қараша аралығында өтеді. 88 елден келген 500-ге жуық боксшы медальдарды сарапқа салады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу