Болашақ зейнеткерлердің қоржыны 3,1%-ға толықты

Татьяна Батищева Татьяна Батищева
1839

Зейнетақы активтерінің инвестициялық табысы инфляция деңгейінен асып түсті.

Болашақ зейнеткерлердің қоржыны 3,1%-ға толықты

2018 жылдың бес айындағы зейнетақы жинағының табыстылығы инфляция деңгейінен асты. Жыл басынан бері инфляция деңгейі 2,4% болған кезде табыстылық 2,98% болды. Жылдық көрсеткіште (2017 жылдың 1 маусымынан бастап 2018 жылдың 1 маусымы аралығында) зейнетақы активтерінің табыстылығы жылдық инфляция деңгейі 6,2%-ды көрсеткенде 9,3% шамасында болды, деп Алматыда өткен баспасөз конференциясында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) өкілдері мәлім етті.

Салымшылар мен алушылардың таза инвестициялық табысы былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 122 млрд теңгеге немесе 6,6%-ға өсіп, 236,3 млрд теңге болды. Зейнетақы активтерінің жалпы сомасы бір жылда 1,27 трлн теңгеге өсіп, 8,26 трлн теңгеден асты. Осылайша, өсім 18,1% болды. Салымшылар мен алушылардың келісімшарттың барлық түрі бойынша жеке зейнетақы шоттарының саны (ЗШС) 10,1 млн бірліктен асты. Оның ішінде 9,7 млн шот міндетті зейнетақы жарнасымен ашылған.

Міндетті келісімшарт бойынша ашылған ЗШС-дағы ақша ашылған шоттар санына қарағанда, жылдам өсіп жатқанын атап кету керек. 2017 жылдың мамыры мен 2018 жылдың мамыры аралығында міндетті жарна сомасы 6,8 трлн теңгеден 7,9 трлн теңгеге (динамика 9,7% болды), ал шоттың өзі 9,3 млн-нан 9,6 млн-ға (өсу 2,9% ) өскен.

Қор өкілдері 2018 жылдың I тоқсанында жоқ дегенде бір рет салым жасалған шоттар саны 766293 болғанын айтты. Екі рет ақша салынған шоттар 1,339 млн, ал үнемі жарна түсіп тұрған шоттар саны – 2,8 млн шот болған. I тоқсанда жарна түсіп тұрған белсенді шоттар саны шамамен 5 млн болған.

I тоқсанда жарнаның орташа сомасы 15,7 мың теңгеге жеткен.

Ал салымдардың көлеміне келер болсақ, онда БЖЗҚ мәліметі бойынша, салымшылар шотындағы жинақтың орташа сомасы былтырғы жылдың осындай кезеңіндегі көрсеткіштен асқан. Ал жекелеп тоқталсақ, міндетті жарна бойынша өсім 16%, міндетті кәсіби жарна бойынша 30%, ерікті жарна бойынша 12% болған. Орташа жарнаның ақшаға шаққандағы көрсеткіші тиісінше 886 мың, 367 мың және 52 мың теңге.

Шоттағы ақшаның өсуі инвестициялық табысты өсірді. Сонымен қатар БЖЗҚ өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды зейнетақы жүйесіне тартуға қатысты жағдайға да пікір білдірді.

"Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарды БЖЗҚ-ның зейнетақы жүйесіне қайтаруға жеке зейнетақы шоттарын өңдеу бойынша науқанды қолға алды. Біз 2015- 2017 жылдар аралығында мүлдем жарна түспеген шоттарды, сондай-ақ зейнетақы жинағы бар, бірақ 2017 жылы жарна түспеген шоттарды теңестірдік. Бұл ақпаратпен салымшыларға түсіндіру жұмысын жүргізу үшін филиалдық желі жұмыскерлері таныстырылды ", – деп атап кетті БЖЗҚ басқарамасының төрағасы Сәуле Егеубаева.

Сондай-ақ ол БЖЗҚ өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарды зейнетақы жүйесіне тарту бойынша қосымша жаңа ұсыныстар әзірлегенін де айтып кетті.

"Өзін-өзі жұмыспен қамту деген түсінікті табыс пен жұмыс түріне қарай әртараптандырып, оларды зейнетақы жүйесіне қайтарудың стратегиясын әзірлегіміз келіп отыр. Түсіндіру жұмысын қор ресурстары, БАҚ, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар арқылы күшейттік. Бұл тақырып қоғамдық кеңеспен де қызу талқыланып жатыр", – деді БЖЗҚ өкілі.

2017 жылдың маусым айының басында жарна түспей "бос" тұрған жеке шоттар саны 800 мыңнан 250 мыңға дейін қысқарған.

Гүлназ Ермағанбетова, Татьяна Батищева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу