Болгарияда кезектен тыс парламент сайлауында бұрынғы президент Румен Радев басқаратын "Прогрессивті Болгария" коалициясы көш бастады. Алдын ала мәліметке сәйкес, бюллетеньдердің 60%-дан астамы саналғаннан кейін "Прогрессивті Болгария" 44,48% дауыс жинаған. Бұған дейінгі экзитпол нәтижелері де Радев жетекшілік ететін коалицияның жеңіске жететінін көрсеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC агенттігіне сілтеме жасап.
Alpha Research компаниясының сайлаушылар арасында жүргізген сауалнамасына сәйкес, коалицияны азаматтардың 37,5%-ы қолдады. Market Links зерттеуінде бұл көрсеткіш 38,9%-ға тең. Бұрынғы премьер-министр Бойко Борисов жетекшілік ететін коалиция екінші орынға тұрақтайды деп күтілуде. Бір сауалнамада оған 16,2%, екіншісінде 15,4% дауыс берілгені туралы айтылған. 13-14% дауыспен "Өзгерісті жалғастырамыз" партиясы мен "Демократиялық Болгария" коалициясының блогы үшінші орынға жайғасуы мүмкін. Аталған саяси күштерден бөлек, парламентке тағы екі партия мен бір коалиция енеді. Олар төрт пайыздық межені бағындырған.
Болгария Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, халықтың сайлауға қатысу белсенділігі төмен болды. Дауыс беруге сайлаушылардың шамамен 47%-ы, яғни 3,1 миллион адам қатысқан. Сайлаудың ресми нәтижелері дүйсенбі күні белгілі болмақ.
2025 жылдың соңында Болгарияда саяси дағдарыс басталды. Нәтижесінде елде соңғы он жылдағы ең ауқымды наразылық шерулері өтті. Бастапқыда халық 2026 жылға арналған бюджетке қарсы шыққанымен, кейін толқулар бүкіл саяси жүйе мен жемқорлыққа қарсы жаппай қарсылыққа ұласты. Осылайша желтоқсанда үкімет отставкаға кетіп, президент уақытша үкімет құруға мәжбүр болды.