Ұлттар лигасындағы сенсация

1719

Қазақстан құрама командасы Ұлттар лигасында сенсация жасауы әбден ықтимал. Ол үшін небәрі 2 ұпай жетеді.

Ұлттар лигасындағы сенсация

Қазақстан ұлттық құрамасы бүгін Беларусь құрамасымен кездеседі. Егер осы матчта жеңіске жетіп, 3 ұпай еншілесе өз тобындағы бірінші орынды иемденеді. Одан кейінгі Әзербайжанға қарсы өтетін кездесу турнирлік тұрғыдан ешқандай маңызға иә болмай қалады. Бірақ Қазақстан құрамасы Беларусь құрамасын ешқашан жеңбеген. Екі команда 2009 жылдан бері кездесіп келеді. Алғашқы екі ресми ойында Беларусь құрамасы ірі есеппен жеңген. Ол кезде бұл команда сапында Еуропаның топ командаларында ойнаған футболшылар болды. Мысалы "Арсенал", "Барселона" сапында ойнаған Александр Глеб сол тұста Беларусь құрамасының капитаны еді. 

Одан кейін бұл командалар жолдастық кездесулер өткізген. Бұл ойындар терезесі тең аяқталып келді. Мысалы Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында Қазақстан құрамасы Беларусьпен 1:1 ойнады. Сол ойында басымдық біздің тарапта болды. 2011 жылы өткен кездесуде Қазақстан құрамасы жеңіске бір табан жақын еді. Одан кейін командалар қайтадан ресми кездесуде жолықты. Деңгейлері біркелкі болғаннан кейін екі ұжым Ұлттар лигасының бір тобына түсті. Қазақстан құрамасын сол тұста Михал Билек баптайтын. Алайда өз алаңымызда да, сырттағы кездесуде де жеңіліп қалдық. Беларусь құрамасы Қазақстанмен ойында 6 ұпай еншілеп, бірінші орынға таласты. Бірақ Албания құрамасы бәрібір де мықты болды. 2020 жылғы топтық кезең аяқталған соң артынша кезекті ұлттар лигасы басталды. Беларуссия құрамасы тағы да қарсылас болып түсті. 

Топтағы бірінші ойында Қазақстан құрамасы Сербия жерінде кездесу өткізіп, Беларусьті тағы да жеңе алмады. Ойынның бірінші бөлігінде шабуылшымыз Абат Айымбетов баспен әдемі гол салды. 84 минутта қорғаушы Малькевич таразы басын теңестіріп кетті. Әйтпегенде, тағы да жеңіс біздің қолымызда тұрған. 3 ұпай еншілеп сол матчты жеңіспен аяқтағанымызда қазір бізге бұл жарыста ештеңе де керек болмас еді. 12 ұпай еншілеп топты ертерек аяқтап тастайтын едік. Дегенмен жоғалған ештеңе жоқ, әлі де мүмкіндік мол. Тек соны пайдалансақ жеткілікті. Демек, бүгін болатын Қазақстан - Беларусь матчы қазақ футболы үшін тарихи кездесу болуы ықтимал. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу