Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ұстаздың кеудесіне "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісін тақты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Еске сала кетейік, Мария Бедрина боранда қар құрсауында қалған автоколоннаға жол көрсету үшін 4 шақырымдай жаяу жүріп, адасып қалған азаматтарды қауіпсіз жерге алып шыққан болатын.
Мерекелік шара аясында саланың дамуына үлес қосып жүрген ведомство мамандары да назардан тыс қалмады.
Атап айтқанда, министрліктің 5 қызметкеріне "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісі табыс етілді. Жұлдыз Сүлейменова өз сөзінде еліміздегі оң өзгерістер мен Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан білім саласындағы іргелі реформаларға тоқталып, ұжымды Наурыз мерекесімен құттықтады.
"Наурыз – күн мен түн теңеліп, табиғат түлейтін, шығыс халықтарының жаңару мерекесі. Елімізде көктем мерекесі қарсаңында Конституциямыз жаңарып, бұл тарихи қадам әз Наурызбен тұспа-тұс келіп отыр. Осыдан 7 жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған іргелі реформалардың игілігін бүгінде ұстаздар қауымы мен осы саланың жұмысын үйлестіріп жүрген мамандар анық көріп отыр. Сіздердің еңбектеріңіз ұрпақ тәрбиесіне тікелей қатысты әрі ел болашағын айқындайды. Осы көктем мерекесінде баршаңызға алғыс айта отырып, еңбектеріңізге жеміс тілеймін", – деді сала министрі.
Жиын соңында министрлік қызметкерлері өздері дайындаған мерекелік бағдарламаны ұсынып, өнерлерін ортаға салды.