Бородюк бас бапкер болды

1792

Ресейлік маман  Қазақстан  футбол  құрамасының жұлдызын жаға ала ма?

Бородюк бас бапкер болды Фото: liter.kz

Ең әуелі күтпеген жаңалықтың құлағы қылтиды да, артынша дереу шынға айналып үлгерді: ресейлік Александр Бородюк футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды.

Бір қарағанда  құрама тізгінін өткен жылы ғана қолға алған Талғат Байсуфиновтың дәл қазір жылы орнын суыта қояр ештеңесі жоқ еді. Талғат Мәруаұлының басшылығымен ұлттық құрама 7 матч өткізді. Үш жолдастық кездесудің екеуінде жеңіске жетіп (Әзербайжан – 1:0, Қытай – 1:0), біреуін тең аяқтады (Грузия – 1:1). 2018 жылғы әлем біріншілігінің іріктеу кезеңіндегі алғашқы кездесуде "Астана-Аренада" поляктардан 0:2 есебімен ұтылып жатып, есепті теңестіре алды. Өз алаңымызда румындарды да жартымсыз ұпаймен қайтарды (0:0).

Дегенмен сырт алаңдардағы ресми екі кездесу ірі жеңіліспен аяқталды. Құрама Черногориядан – 5, Даниядан 4 гол арқалап қайтты. Қарымта гол жалғыз ғана... Осы нәтижелерге қарап отырып, "дәл қазір Байсуфинов құрама бапкері болуға лайық емес" деп ешкім пікір айтпап еді.  Сондықтан Бородюктің келуі күтпеген оқиға болып отыр. Еліміздегі ең жоғары футбол ұйымы басшылығының шешімі болғандықтан, енді қарсылық танытудың қажеті шамалы. Көкейге бір сұрақ қана келіп тұр: Александр Бородюк не істей алады?

Біріншіден, дәл қазір Қазақстан құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің бел ортасында тұр. Байсуфинов құрама тізгінін ұстағанда, оған финалдық кезеңге шығу турасында меже қойылған жоқ. Қойылған күннің өзінде  ол утопия болар еді. Өйткені естеріңізде болса, 2016 жылғы Еуропа чемпионатына шығу межесін қойып алып, құрамамыз іріктеу тобында Латвияның ғана алдын орап, бесінші орын алғаны үшін бөркімізді аспанға атқанбыз. Демек  дәл қазір Бородюкке психологиялық жағынан жеңілдеу болмақ. Ол осы іріктеу кезеңін бірсыдырғы өткізіп шығуға талаптанса жеткілікті. Іске әу бастан кіріспегесін, жауапкершілік те қақ бөлінеді. Ендеше  ертең сын көбейсе: "Мен Байсуфинов кезіндегі құрама нәтижесі үшін жауап бермеймін", – деген жауап естіп қалуымыз да ықтимал.

Екіншіден, жанкүйер қауым бәрібір шетелдік мамандарды қорқақтай күтеді. Солардың көшін бастаған ресейлік Леонид Пахомов жолдастық кездесулерден кейін-ақ орнын босатты. Бернд Шторк жастарды Англияға талатумен аты қалды. Мирослав Беранектің кезінде құраманың мінезсіз болып кеткенін жұрт ұмыта қойған жоқ. Юрий Красножан біраз уақытын құрама діңгегін жасауға сарп етіп алды. Шетелдіктерден біз қимайтын жалғыз жаттықтырушы – голландиялық Арно Пайперс. 2008 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде Пайперс басшылығымен біздің құрама 10 ұпай жинады. Содан бері ешкім мұндай нәтиже көрсеткен емес.

Шетелдік мамандар зор екпінмен келіп, біздің стадиондарды, клубтық құрылымдарды, ең бастысы, футболшыларды көргенде сансырап қалатыны рас. Бородюк те дәл осы сүрлеуге түсетіні күмәнсіз. Оның бір ғана артықшылығы бар: Бородюк 2015 жылдың соңы мен 2016 жылдың басында 5 ай "Қайраттың" бас бапкері қызметін атқарды. Яғни  Б.Исламхан, Е.Қуантаев, В.Плотников, Т.Рудосельский, С.Лунин, И.Қуат сияқты құрамаға кандидат ойыншылардың мүмкіндігін жақсы біледі. Енді осы білігіне қоса, елдегі шын талантты футболшыларды құрамаға шақыра алса, артылар үміт аз емес.

Жаңа бапкердің уақыты өте тығыз. 22 наурызда Қазақстан құрамасы сырт алаңда Кипрмен жолдастық кездесу өткізеді. 26 наурызда Армениямен әлем біріншілігіне іріктеу кезеңі аясындағы ойынды бастайды. Жыл соңына дейін Бородюкті 6 ресми кездесу күтіп тұр.

Александр Генрихұлы Талғат Байсуфинов жинап берген екі ұпайды еселей ала ма? Уақыт еншісіне қалдырдық.

Есіл Еркебай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу