23 шілдеде Йемендегі Иран қолдайтын хусит қозғалысының Қызыл теңізде Сауд Арабиясының екі мұнай танкеріне шабуыл жасағаны туралы мәлімдемесінен кейін Brent маркалы мұнайдың бағасы мамыр айынан бері алғаш рет барреліне 100 доллардан асты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Хуситтердің мәліметінше, Encelia және Layla танкерлеріне зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы соққы жасалған. Бұл туралы BBC мәлім етті.
Сауд Арабиясының SPA мемлекеттік ақпарат агенттігі ресми дереккөзге сілтеме жасап, Encelia танкеріне тиген соққы салдарынан кеменің тұмсық бөлігінде өрт шыққанын хабарлады.
Ал Ұлыбританияның теңіз тәуекелдерін басқарумен айналысатын Vanguard компаниясы Encelia танкеріне снаряд тигенін растады. Дегенмен Layla танкеріне шабуыл жасалғаны туралы ақпарат әзірге тәуелсіз түрде расталған жоқ.
Бұл оқиға хуситтердің Сауд Арабиясына қарсы "теңіз эмбаргосын" жариялағаннан кейінгі алғашқы шабуыл ретінде бағаланып отыр.
Шабуыл туралы ақпарат тарағаннан кейін бейсенбі күні Brent маркалы мұнайдың бағасы шамамен 6 пайызға өсіп, барреліне 100 доллардан асты.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, мұнай бағасының қымбаттауына Қызыл теңіздегі жағдаймен қатар бірнеше фактор ықпал еткен. Олардың қатарында Ресейдің Қара теңіз жағалауындағы Каспий құбыр консорциумы терминалы жұмысының тоқтауына байланысты Қазақстандағы мұнай өндірісінің қысқаруы, әлемдік мұнай қорларының азаюы және АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің күшеюі бар.